Әрбір төрт жылда бір айналып келетін жаһанның басты жарысы, айтулы аламаны – Олимпиялық ойындардың кезеңі де келе жатыр. Биыл – кезекті Олимпиада жылы. Бұл жолғы XXXII Жазғы Олимпия ойындары 2020 жылдың 24 шілде мен 9 тамыз аралығында Жапонияның бас шаһары – Токиода өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы төрт жылдықтың басты додасы бұрын-соңды болмаған ең инновациялық Олимпиада болмақ.
Қазіргі таңда Токионың 13 ауданындағы спорт ареналарында əлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын спортшылар 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығын сарапқа салады. Токио Олимпиадасына жаңадан бес спорт түрі енді. Олар: бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг. Биылғы додаға әлемнің 206 елінен 11090 спортшы қатысады деп жоспарланған. Спортшылардың 49%-ы әйелдер болмақ. Бұл – гендерлік теңдікті білдіреді. 2017 жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің атқарушы комитеті кезектен тыс бас қосып, Токио Олимпиадасының бағдарламасына біршама өзгеріс енгізді. Басты мақсат – төрт жылдық дүбірлі додаға қатысатын ерлер мен әйелдердің санын теңестіру. Сөйтіп жеңіл атлетика, су спорты түрлері, нысана көздеу, ауыр атлетика, бокс және күрес түрлеріндегі ерлер жолдамаларының (лицензиялар) саны қысқарып, әйелдердің үлесіне берілді.
Жапония дүбірлі доданы осымен екінші рет қабылдамақ. Күншығыс елі ең алғаш Жазғы Олимпия ойындарын 1964 жылы өткізген. Сол жылы 93 елдің спортшылары бақ сынап, спорттың 19 түрінен жүлделерді сарапқа салған-ды. Ол уақытта қазақстандық спортшылар Кеңес Одағының құрамында бақ сынаса, биыл Тәуелсіз ел ретінде жетінші Жазғы Олимпия ойындарына қатыспақ. Қазірге дейін еліміздің саңлақтары 25 жолдамаға қол жеткізіп отыр. Алда əлі талай іріктеу сайыстары тұр. Солар арқылы тағы қаншама атлетіміздің бағы жанатынына сенгіміз келеді.
Жазғы Олимпия ойындарына (ЖОО) Тəуелсіз мемлекет ретінде 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеміз. Ең алғаш егемен ел ретінде 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиадаға қатыстық. Ол біздің спортшылар үшін өте жақсы басталды. Аламанда 3 алтын, 4 күміс жəне 4 қола медаль алған саңлақтарымыз жалпы есепте 24-орынға табан тіреді. Атлантада грек-рим күресінен Юрий Мельниченко, боксшы Василий Жиров жəне бессайысшы Александр Парыгин атой салды, ал мылтық атудан Сергей Беляев – екі, ал ауыр атлет Анатолий Храпатый бір күміс медальды қоржынға салды. Боксшылар Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ибрайымов, мерген Владимир Вохмянин жəне еркін күрес шебері Мəулен Мамыров Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.
Жаңа ғасырдағы Сидней Олимпиадасында (2000) да жерлестеріміз тәуір нәтиже көрсетті. Жеті медаль (3 алтын, 4 күміс) олжалаған саңлақтарымыз жалпыкомандалық есепте 22-орыннан көрінді. Алтын медальды боксшылар Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрайымов, жеңіл атлет Ольга Шишигина, күміс медальды боксшылар Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдабеков, велоспортшы Александр Винокуров жəне еркін күрес шебері Ислам Байрамуков əперді.
2004 жылы Афина Олимпиадасында спортшыларымыздың нәтижесі біраз төмендеді. Онда 1 алтын, 4 күміс жəне 3 қола медаль алып, жиынтығында 8 медальға тоқтаған қазақстандықтар жалпы есепте 40-орынға табан тіреді. Жалғыз алтынды боксшы Бақтияр Артаев қанжығасына байласа, күміс медальды қазіргі таңда кәсіпқой бокста қарсыластарын қоғадай жапырып жүрген Геннадий Головкин, ауыр атлет Сергей Филимонов, грек-рим күресінен Георгий Цурцумия, еркін күрестен Геннадий Лалиев еншілесе, қола медальды онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов жəне грек-рим күресі шебері Мхитар Манукян иеленді.
2008 жылы өткен Бейжің Олимпиадасында 13 спортшымыз жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алайда, допинг тексерісінен кейін, ХОК 5 отандасымыздың жүлдесін қайтарып алды. Ауыратлет Илья Ильин допинг қолданды деген айыппен Олимпиада чемпионы деген атағынан айырылса, дәл сондай айыппен Таймураз Тигиев (күрес) пен Ирина Некрасова (ауыр атлетика) күміс, Мария Грабовецкая (ауыр атлетика) пен Әсет Мәмбетов (күрес) қола жүлделерін қайтарып берді. Ал өзге елдің спортшылары допингпен ұсталып, нәтижесінде 2008 жылы күміс алған отандасымыз Алла Важенина (ауыр атлет) арада 8 жыл өткенде Олимпиада чемпионы атанса, Нұрбақыт Теңізбаев (күрес) пен Ольга Рыпаковалардың (үш қарғып секіру) қола жүлделері күміске айналды.
Сөйтіп бұл додада қазақстандықтар жалпы саны 2 алтын, 3 күміс жəне 4 қола медаль алып, командалық есепте 37-орынға тұрақтады. Қазақстанның алғашқы алтынын ел қоржынына боксшы Бақыт Сəрсекбаев салса, екіншісі жоғарыда айтқандай Алла Важенинаға тиесілі. Күміс медальды Асхат Житкеев иеленсе, қола медальдар əйелдер күресінен Елена Шалыгинаға, еркін күрестен Марид Муталимовке, боксшы Еркебұлан Шынəлиевке жəне таэквондошы Арман Шылмановқа бұйырды.
2012 жылғы Лондонда өткен Олимпия ойындарда қазақстандық спортшылар толайым табысқа жетіп, алғаш рет Олимпиадада 7 алтын алдық деп бөркімізді аспанға атып едік. Сөйтсек, бекер қуанған екенбіз. Арада 4 жыл өткенде Илья Ильин бастаған ауыратлеттеріміз Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова допинг қолданды деген айыппен алтын медальдарын қайтарып берді. Есесіне тағы бір ауыратлетіміз Анна Нұрмұхамбетова мен еркін күрес шебері Дәулет Шабанбай қола жүлдегер атанды.
Бүгінде Лондондағы табысымыз 11 медаль (3 алтын, 1 күміс, 7 қола). 2012 жылы алтын жүлделер легін велоспортшы Александр Винокуров бастап берген еді. Жеңісті жолды әрі қарай боксшы Серік Сəпиев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова жалғап, Отанымыздың даңқын асыра түскен-ді. Боксшы Əділбек Ниязымбетов күміспен күптелсе, қола медальды грек-рим күресінен Даниял Гаджиев, еркін күрестен Ақжүрек Таңатаров, бокстан Марина Вольнова мен Иван Дычко, əйелдер күресінен Гүзел Манюрова олжалады.
2016 жылғы Рио Олимпиадасында да сайыпқыран саңлақтарымыз ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. 3 алтын, 5 күміс, 10 қола жүлде (18) олжалаған спортшыларымыз жалпыкомандалық есепте 22-орынға тұрақтады. Жүзу спортынан Дмитрий Баландин, ауыратлет Ниджат Рагимов және боксшы Данияр Елеусінов ел мерейін асырып, алтыннан алқа тағынды. Ал Елдос Сметов (дзюдо), Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Василий Левит (бокс), Әділбек Ниязымбетов (бокс), Гюзель Манюрова (күрес) Рио төрінде күміс, Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Фархад Харки, Карина Горичева, Денис Уланов, Александр Зайчиков (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Элмира Сыздықова, Екатерина Ларионова (күрес), Иван Дычко, Дариға Шәкімова (бокс) ел қоржынына қола медаль салды.
Осылайша Тəуелсіз Қазақстан құрамасы 1996 жылдан бері 7 Олимпиадада 15 алтын, 21 күміс жəне 28 қола медаль олжалап, жалпы саны 64 жүлдеге жеткізді. Енді алдағы шілде-тамыз айларында өтетін Токио Олимпиадасында осы жүлделер саны арта түседі деп үміттенеміз.
Бүгінге дейін саңлақтарымыз Токио Олимпиадасына 25 лицензия жеңіп алды. Атап айтар болсақ, Юрий Юрков (нысана көздеу), Сәрсенкүл Рысбекова (стенд ату), Ришат Хайбуллин (спорттық құзға өрмелеу), Дмитрий Баландин (100, 200 метрге брасс әдісімен жүзу), Ольга Рыпакова, Георгий Шейко (жеңіл атлетика), Евгений Гидич (велоспорт, лицензия командаға беріледі), садақ атудан Қазақстан ерлер командасы (Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, Санжан Мұсаев; командалық және жекелей сын), Виталий Худяков (ашық суда жүзу), Екатерина және Александра Немич (синхронды жүзу), Милад Карими (спорттық гимнастика), Валентина Исламова, Эльмира Сыздықова (әйелдер күресі), Асхат Ділмұхамедов, Мейрамбек Айнағұлов (грек-рим күресі), Нұрислам Санаев, Дәулет Ниязбеков, Данияр Қайсанов, Әлішер Ерғали (еркін күрес) Олимпиада жолдамасына қол жеткізген болатын.