Еліміздің үшінші мегаполисінде «City» қонақ үй кешені қайта жөндеуден соң өз жұмысын бастады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
1970 жылдары «Южный» қонақ үйі болған ғимарат қайта жөнделіп, жаңа сәулеттік келбетпен қайта құрылды. Бұл Шымкент қаласындағы бір уақытта 400 қонаққа қызмет көрсете алатын жалғыз қонақ үй кешені саналады.
Ғимаратты арнайы аралаған Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов туристік нысан халыққа ыңғайлы, әрі қолжетімді болатынына сенім білдірді.
«2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласының ішкі және халықаралық туризмді дамытуға мүмкіншіліктері жетеді. Оған жылына 300 шуақты күннің болуы, табиғи-климаттық аймақтардың алуан түрлілігі, қаламыздың «Ұлы Жібек жолы» бойында орналасуын айтуға болады. Осындай қонақжай нысандар «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» қарсаңында ашылып отырғаны өте орынды. Келер жылы қалаға 200 мыңнан аса турист келеді деп күтілуде. Сәйкесінше, келушілерге сапалы қызмет көрсететін туристік индустрия объектілері қалаға өте қажет» деді шаһар басшысы.
Кешен барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұндағы барлық кілемдер - мен төсеніштер шымкенттік «Бал текстиль» және «Назар текстиль» фабрикаларының өнімдері. Мұнда қонақ үй, хостел мен сауда галереясы орналасқан.
Қонақ үйдің инфрақұрылымына әр түрлі санаттағы креативті және функционалды 83 нөмір, мейрамхана, 2 конференц залы және қазіргі заманғы құралдармен жабдықталған келіссөз бөлмесі кіреді.
Хостелдегі 41 бөлмеде 206 орын, кафетерий, конференц залв, ойын бөлмесі мен демалыс орындары бар. Классикалық хостелдерден айырмашылығы - әр нөмір жуынатын бөлмемен қамтылған. Сауда галереясының аумағы 3500м2 қамтиды, мұнда қазақстандық және шетелдік өндірушілердің брендтері орнатылған.