• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қаңтар, 2020

Қарағандылық өрт сөндірушілер бес адамды ажалдан құтқарды

212 рет
көрсетілді

Тілсіз жау – өртпен күресте қарағандылық өрт сөндірушілер ерен істерімен көзге түсті. Таяуда олар Майқұдық елді мекеніндегі 17-ші шағын аудандағы үйлердің бірінде болған өрт кезінде бес адамды ажалдан құтқарып, 14 адамды қауіпсіз жерге көшірді.

Өрт сөндірушілер келген кезде төртінші қабаттағы екі бөлмелі пәтер от құшағында болған. Жеке құрамның жедел іс-қимылының арқасында түтін жұтып тұншыққан төрт адам құтқарылып, 10 тұрғын тысқа шығарылды.

–Өрт орнына Қарағанды облыстық ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамынан 18 адам барған болатын. Оқиға болған жерде үш автоцистерна және бір автосаты жұмыс істеді. Жеке құрамның сапалы жүргізілген барлау және үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында адамдардың қаза болуына, сонымен қатар оттың таралуына жол берілген жоқ. Өрттің шығуына пәтерде болған адамның іс-әрекеті себепші болған, деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.

Дәл осындай өрт оқиғасы Шахан кентінде де болды. Тұрғын үйдің 2-ші қабатындағы от құшағында қалған пәтерге өрт сөндірушілер – қарауыл бастығы Б.Өтебаев пен бөлімше командирі С.Мархаба автосаты арқылы көтеріліп, ішке енген.

Үй иесі өртеніп жатқан пәтерде болған екен. Ол ас үйде 2-ші дәрежелі термикалық күйік алып, газдан тұншығып жатқан жерінен табылды. Зардап шегуші есін білген, алайда үрейге бой алдырып, пәтерінен шыға алмай қалған болса керек. Оны өрт сөндірушелір таза ауаға шығарып, жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Сондай-ақ осы үйдің тағы төрт тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді.

Бұл жердегі өрт ұзартқыштың желілік сымының қысқа тұйықталуынан болған көрінеді. Оқиға орнында жеке құрамның 13 қызметкері жұмыс істеп, 3 бірлік техника жұмылдырылды.

Кәсіби міндеттерін адал атқарып, өз істерінің шын шебері екенін дәлелдеген өрт сөндірушілерге тұрғындар алғыс айтып, ризашылық сезімдерін жеткізді.