Солтүстік Қазақстан облысының батыс шекарасын басып, Ақтөбе облысының хоккей командасын алып бара жатқан «Neoplan» атты автобус «Тимирязев-Сарыкөл» тас жолының 18 шақырымында биік жолдан тайып кетіп, 6 сағат бойы қар құрсауында қалған. Автобуста команданың барлық 28 хоккейшісі болған.Жүргізуші биік қар атжалдарынан айналып өтпек болғанда жолдан түсіп кеткен екен.
Полицияның кезекші бөліміне түскен дабылдан оқиға орнына «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ 2 арнайы техникасы, аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Дәулет Сауыт суыт жетеді. Көп ұзамай оларға Төтенше жағдайлар қызметкерлері мен аудан әкімінің орынбасары Азамат Ысқақов және т.б. қосылады.
Жолды жауып қалған қалың қардан автобусқа жету үшін бірнеше сағат кетеді. Алайда хоккейшілер отырған автобус от алып тұрғандықтан пеші жақсы істеп, салонда ұзақ уақыт болса да жолаушылар суыққа шалдықпаған. Аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімі де жүргізушімен байланысты тоқтатпаған.
Таңертеңнен күндізгі сағат 12-ге дейін тұрған автобусқа қар тазалаушы техника зорға жетіп, ақтөбелік спортшылар қар құрсауынан аман-есен құтқарылды. Алдымен олар аудан орталығы Тимирязево селосына жеткізіліп, тамақтандырылды. Осыдан кейін олар Петропавл қаласына аттанады. Құтқару жұмыстарында негізгі белсенділік полиция қызметінің тарапынан болғанын атап өту керек.