АҚШ пен Иранның қарым-қатынасы одан әрі нашарлай түсті. 8 қаңтар күні таңға жуық Иран тарапы Ирактағы АҚШ-тың бірқатар әскери базасын баллистикалық ракетамен атқылаған. Иран бұқаралық ақпарат құралдарына сүйенсек, әуе соққысы генерал Касем Сулейманидің өлімі үшін кек алу мақсатында жасалған.
Әуе шабуылы туралы алдымен ирандық ақпарат агенттіктері хабарлаған-ды. Press TV арнасының мәліметіне қарағанда, оқиғаға Ислам революциясының сақшылары корпусы (ИРСК) жауапты. «ИРСК Ирактың Анбар провинциясы маңында орналасқан АҚШ-тың әскери базасына әуе соққысын жасағанын нақтылады», делінген арнаның туиттердегі парақшасында. Иранның Tansim ақпарат агенттігі әскери базаларға 35 ракета жіберілгенін хабарлады.
Естеріңізде болса, бірнеше күн бұрын АҚШ-тың жасаған әуе соққысынан Ирандағы беделді тұлғалардың бірі, генерал Касем Сулеймани қаза тапқан-тұғын.
Бағдадтағы әуежайдың маңында генерал бастаған бір топ ирандық әскерилер мінген көлікке бірнеше снаряд тиген. Оқиға салдарынан 10 адам қаза болды. Олардың арасында Ирактың әскербасыларының бірі Абу Махди әл-Мухандис те бар. Осы оқиғадан кейін Иран тарапы К.Сулейманидің өлімі үшін кек алатынын мәлімдеген-ді.
Көп ұзамай шабуылды Пентагон да растады. Ресми мекеменің сөзіне қарағанда, Иракта орналасқан АҚШ-тың екі базасына – әл-Асад пен Эрбилге ондаған снаряд түскен. «7 қаңтарда шамамен 17:30-да (Вашингтон уақыты бойынша, Ирак уақыты бойынша 13:30) Иран Ирактағы АҚШ-тың және коалиция күштерінің әскери базаларын ондаған баллистикалық зымыранмен атқылады. Шабуылды Иран жасағаны және Ирактағы екі АҚШ әскери базасын нысанаға алғаны анық», делінген Пентагон таратқан мәлімдемеде. Сондай-ақ осыған байланысты тиісті шаралар қабылданып жатқаны, АҚШ-тың сарбаздары мен базадағы басқа елдер жауынгерлерінің қауіпсіздігі қорғалатыны айтылған.
Press TV арнасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, әуе соққысынан 80-ге жуық АҚШ сарбазы қаза тапқан. Алайда мұның рас-өтірігі әзірге белгісіз. Бұған қатысты Ақ үй де, Пентагон да мәлімдеме жасаған жоқ. Ирак қарулы күштері баспасөз қызметінің хабарлауынша, әуе соққысынан Ирактың ешқандай азаматы зардап шекпеген. CNN арнасына сүйенсек, осы оқиғадан кейін Ақ үйде қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Стефани Гришам оқиғаға байланысты түсініктеме беріп, президент Дональд Трамп жағдайдан хабардар екенін, оқиғаны өз бақылауында ұстап отырғанын жеткізді.
Өз кезегінде Ақ үй басшысы туиттердегі парақшасында «Бәрі дұрыс. Иран Иракта орналасқан екі әскери базаны зымыранмен атқылады. Зардаптар мен келтірілген шығындар есептеліп жатыр. Бәрі ойдағыдай. Әлемнің еш жерінде біздің әскеріміз секілді әлеуетті және бес қаруы сай армия жоқ. Таңертең мәлімдеме жасаймын», деп жазды.
Ал Иранның сыртқы істер министрі Жавад Зариф туиттердегі парақшасында «Иран БҰҰ Жарғысының 51-бабына сай, қорғаныс мақсатында азаматтарымыз бен лауазымды тұлғаларымызға шабуыл жасалған базаларға қатысты тиісті шара қабылдады. Біз соғысты, шиеленісті қаламаймыз, бірақ кез келген басқыншылыққа қарсы өзімізді қорғаймыз» деді.
Әйтсе де, кей сарапшылар әуе соққысы екі тарапты да қанағаттандыратынын айтады. Біріншіден, соғыс Иранға да, АҚШ-қа да қажет емес. Сондықтан Иран әуе соққысын жасар кезде мүмкіндігінше адам шығыны аз болатын жерді таңдаған. Осылайша парсылар К.Сулеймани өлімінің кегін қайтарады әрі АҚШ сарбаздарын өлтірмей, «екі жеп, биге шықпақ».
Жалпы, Ирактың бірқатар өңірінде АҚШ пен коалиция күштерінің әскери базалары орналасқан. Олардың ішінде Аустралия мен Ұлыбританияның үлесі жоғары екені белгілі. Қазіргі таңда өңірде 450-ге жуық аустралиялық, 400-ден астам ағылшын жауынгері бар.
Ирактағы әуе соққысына байланысты Аустралия премьер-министрі Скотт Моррисон мәлімдеме жасап, осы елдегі сарбаздары мен дипломаттарының дін-аман екенін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, Аустралия өз азаматтарын қорғау үшін кез келген әрекетке дайын. Күн туса, әскерін өңірден әкетуге әзір екенін де айтты. Дегенмен, оқиғаның бұлай өрбуі неғайбыл. Өйткені Иракта Аустралия әскерінің болуы саяси мәнге ие. Алда-жалда сарбаздарын әкетуге шешім қабылдаса, мәңгі жасыл құрлықтың АҚШ-пен арадағы қарым-қатынасына сызат түсуі ықтимал.
Ұлыбритания тарапы Парсы шығанағындағы оқиғаның шиеленісуіне байланысты өңірдегі қарулы күштерін соғыс жағдайына әзірлеп жатыр. The Guardian басылымының хабарлауынша, аймақтағы Британияның соғыс кемелері Ирак шекарасына таяу маңға жайғасқан. Әйтсе де, ахуал ушыға берсе, ағылшын жауынгерлерін қауіпсіз аймаққа көшіруге сақадай сай тұр.
Д.Трамптың «бәрі ойдағыдай» дегеніне қарамастан, Ақ үй абыржып қалған секілді. Вашингтон уақыты бойынша 7 қаңтар күні кешкілік Д.Трамп халыққа жолдау жасауды жоспарланған-ды. Иранның әуе соққысына байланысты жолдау кейінге шегерілді. Оның үстіне, АҚШ президенті бұған дейінгі туиттердегі жазбаларының бірінде Иранды атқылауға әзір екенін, қажет болған жағдайда тарихи жәдігерлерді де нысанаға алатынын жазған-ды. Д.Трамптың бұл пікірін сынға алғандар көп. Өйткені Женева конвенциясына сай, тарихи жәдігерлерді қирату қылмыс саналады. Президентінің қателескенін түсінген мемлекеттік хатшы Майк Помпео журналистерге берген сұхбатында ешқандай тарихи орындарды қирату жоспарда жоқ екенін жеткізді.
«Америка халқы біз соққы жасайтын кез келген нысананың халықаралық құқыққа сай, жалғыз мақсатта – АҚШ халқын қорғау үшін жүргізілетінін білуі тиіс» деген еді М.Помпео. Көп ұзамай Д.Трамп та Ирандағы жәдігерлерді нысанаға алмайтынын мәлімдеді.
М.Помпео да білгенінен жаңылған сыңайлы. Мәселен, мемлекеттік хатшы CNN арнасына берген сұхбатында Иран генералы Касем Сулейманиді өлтіру «уақыт күттірмегенін» жеткізді. Алайда журналистің қаншалықты уақыт күттірмейтінін сұраған сауалына «уақыт туралы айту қисынсыз» деп жауап берген.
Бұдан бөлек, Пентагон да оңбай қателесті. Генерал Касем Сулейманидің өліміне байланысты Ирак үкіметі АҚШ әскерін ел аумағынан шығару жөнінде шешім қабылдаған-ды. Пентагон осыдан кейін Ирактан сарбаздарын шығаратынын хабарлады. Бірақ сүт пісірім уақыт өтпей екінші мәлімдеме жасап, Ирактан әскерін шығармайтынын жеткізді. АҚШ генералы Марк Миллейдің айтуынша, алғашқы мәлімдемені қателесіп жариялап жіберген екен.
Жалпы, Д.Трамптың Иран генералы Касем Сулейманиді өлтіру туралы шешімі Ақ үй басшысының түбіне жететін секілді. Қазірдің өзінде Трамптың негізгі жақтастары саналатын сенаторлар оның шешімін айыптап жатыр. Мәселен, республикашылар партиясының өкілі Рэнд Пол Иранмен жанжалды сынға алды. «Майк Помпео келісімге келу үшін барынша қысым көрсету қажет екенін айтады. Бұған тіпті бала да сенбейді. Бұған ақылы жоқ біреу ғана сенеді. Ядролық қару келісімін бұздық, эмбарго салдық және танымал генералын өлтірдік... Бұдан кейін әскери қақтығысты болжау қиын емес», деді Р.Пол CNN арнасына берген сұхбатында.
Естеріңізде болса, АҚШ-тың Өкілдер палатасы Трампқа қарсы импичмент жариялаған-тұғын. Келесі кезекте істі Сенат қарауы тиіс. Өкілдер палатасында демократтар, яғни Д.Трамптың қарсыластары көп екені белгілі. Ақ үй басшысына импичмент жариялануы осымен байланысты. Ал Сенатта негізінен республикашылар көп. Ал Д.Трамп осы партияның өкілі саналады. Сондықтан бұған дейін Д.Трамптың толықтай импичмент алуы екіталай көрінген-ді. Енді жағдай өзгерген сыңайлы.
P.S. Айтпақшы, 2011 жылы Д.Трамп сол кездегі АҚШ президенті Барак Обаманы айыптап, сайлауда қайта жеңіске жету үшін Иранға соғыс ашуы мүмкін екенін айтқан екен. Биыл АҚШ-та кезекті президенттік сайлау өтпек. Ендігі жағдай қалай өрбитінін уақыт көрсетеді?..