«Әй дер ажа, қой дер қожа жоқтың» ақыры Петропавл көшелерінде үрлемелі матрацты машинаға тіркеп алып сырғанауға жеткізді. 7 қаңтар күні шектен шыға құтырған 19 бен 20 жастағы есерлер тобы қала көшелерінің қақ ортасында машинаға тіркелген матрацтың үстінде ауыздарына келгенін айғайлап, көше тәртібін бұзып, басқа көліктерге соғыла жаздап, жол апаты қаупін туғызған. Есерлердің әбден шектен шыққаны сондай, матрацтың үстіне музыка да орнатып, оны барынша айғайлатып, әдепсіз сөздерді де қарша боратқан, онымен де қоймай түрлі-түсті бояуларды жан-жағына шашқан.
Құтырған топ жергілікті полиция қызметкерлерінің күшімен ғана құрықталып, тұрғындардың мазасын алуын тоқтатқан. Енді олардың үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 434-бабындағы «Ұсақ бұзақылық» және 593-баптың 2-бөлігіндегі «Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау» және «Жол қозғалысы ережелерінің басқа да өрескел бұзушылықтары» бойынша жауапқа тартылып, қозғалған іс сотқа жіберілді.
Есіргеннен құтырған жаман дегеннің бір көрінісі осындай-ақ болар.
Құтырғандардың бірі Ресей Федерациясының азаматы көрінеді. Өзіміздің жастардың кез келген қылығына қоқаңдап, толып жүретін полиция қызметкерлері олардың бұл ісін неге дер кезінде тыя алмағанына таңғаласың.
Айта кететін жайт, былтыр облыс жолдарында 30 адам қайтыс болған. Бар-жоғы бес жүз мыңнан сәл артық халқы бар облыс үшін өте көп. Бұл да сол, есірген жүргізушілерді өз уақытында құрықтап, құтыруына жол бере алмағандықтың салдары екендігі сөзсіз. Сондықтан Қызылжар өңірінің полиция қызметкерлеріне тәртіп қырағылығын жандандыра түсу керектігі көзге ұрып тұр.
ПЕТРОПАВЛ