Соңғы уақытта елімізде аттракциондарға байланысты тосын оқиғалардың жиілеп кеткені жасырын емес. Бұл адамдардың салғырттығы ма, әлде қауіпсіздік мәселесінің қалтарыста қалып бара жатқанын көрсете ме? Осындай жағдайдың бірі жаңа жылдың алғашқы күндерінде Алматыда болып, «Көктөбе» саябағына серіппелі әткеншекке ойнаймын деп келген жасөспірім абайсызда мертігіп қалды.
Қауіпсіздік белбеуінен шығып кеткен баланың биіктіктен құлдилай құлағаны бейнеленген бейнежазба желіде желдей жүйткіп тараған еді. Мәлім болғандай, «Катапульта» аттракционына мінген 14 жастағы жеткіншектің омыртқа мен сол жақ білек сүйегі, он жақ табан сүйегі мен сол аяғының тобығы сынған.
Алғашында зардап шеккен оқушының жақындары болған оқиғаға байланысты ешкімге шағымданбайтынын, себебі баланың аттракционнан аңдаусызда құлағанын жеткізген еді. Дегенмен ПД баспасөз қызметі таратқан хабарда туыстарының түсініктемесіне қарамастан, Медеу ауданы полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 306-бабы, яғни «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын тіркегені мәлім болды.
Зардап шегуші ем алып жатқан Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері Абай Құсайынов, жасөспірімнің көп жері сынғанын, жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отырғанын жеткізді. Атап өтілгендей, бала салалық травматологиялық бөлімшеде жатыр, толық есін біледі, туыстарымен сөйлесе алады. Науқасқа қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілген.
Бастысы, бұл оқиғадан зардап шеккен бала аман қалды. Өткен жылдың жаз айында Қарағандыдағы тосын жағдайдан өрімдей ұл көз жұмғаны, елордадағы ойын алаңдарының біріндегі үрлемелі батуттан құлаған бес бірдей жеткіншек ауыр жарақат алғаны белгілі. Қалай болғанда да бұл салғырт қарайтын мәселе емес. Айдың, күннің аманында болашағынан үміт күтіп отырған өренінен көз жазып қалу ата-ана үшін ауыр қасірет.
Былтыр Инвестициялар және даму министрлігі еліміздегі аттракциондардағы қауіпсіздік мәселесі қатаң қадағаланатынын тілге тиек еткен еді. 2018 жылдың 18 сәуірінен Еуразиялық экономикалық одақтың «Аттракциондардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті күшіне еніп, бұл тұрғыда ұлттық стандарт құрылған болатын. Құжат адамдардың өмірі мен денсаулығын, ең алдымен балаларды қорғауға әзірленген. Онда ойын әткеншектерінің қауіпсіздігі, оны іске қосуды жоспарлау, тиісті стандарттарды қолдану қатаң көрсетілген. Құжатқа сәйкес аттракционды іске қосуда, орнатуда жауапты мамандар болуға тиіс. Аттракцион иесі құрылғыны жергілікті атқарушы билік органдарына тіркеуі керек. Сондай-ақ кәсіпкерлерге өткен жылдан бастап тек ЕЭО-ның сертификаты бар құрылғыларды ғана сатып алуға рұқсат берілген.
Қоғам белсендісі Асхат Асылбеков, аталған тақырыпқа қатысты өз ойын жеткізді. «Бала біздің болашағымыз деп жатамыз. Ендеше бұл мәселеге салғырт қарамауымыз қажет. Әрбір аттракционның техникалық жағдайын көрсететін құжаты болады. Осы құжаттар үнемі тексеріліп отыруы шарт. Көп жағдайда кәсіпкерлер пайданы көбірек ойлап, тозығы жеткен құралдарды дер кезінде ауыстыруға салғырт қарауы мүмкін. Тілі жоқ техника кез келген уақытта сыр беруі ғажап емес. Қиын жағдайда кінәні жел мен жаңбырға жауып қоймай, сонымен табыс тауып отырған адамдар қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі тиіс. Сондықтан құрылғыларға сертификат берерде, тексеру жұмыстарында жауапты мекемелер жауапкершілік танытқаны абзал», дейді ол.
Табысты бизнестің бірі саналатын аттракциондағы келеңсіз оқиғалардан әлемде жыл сайын қаншама адам ажал құшуда. Бұл жағдайлардан сабақ алып, ойын-сауықтық құрылғылардың қауіпсіздігі қатаң қадағаланса игі. Айтқызбай келер апатқа ешкімнің де тосқауыл бола алмасы анық, алайда қарапайым ғана техникалық ережені ескермеудің салдарынан болып жатқан мұндай оқиғалар бұдан былай қайталанбаса дейсің.
АЛМАТЫ