Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров және сенаторлар Нұрлан Бекназаров, Айгүл Қаппарова жұмыс бабындағы сапармен Шымкент қаласында болды.
Депутаттар сапар барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады. Сенаторлар еңбек ұжымдарымен жүздесулерде Парламент қабылдаған заңдардың мазмұнын, рухани жаңғыру және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелерін талқылады.
Бектас Бекназаров «Педагог мәртебесі туралы» заңы мен басқа да заңнамадағы өзгерістерді кеңінен түсіндіру мақсатында қаладағы білім беру саласының қызметкерлерімен кездесті. Жоғарғы палата төрағасының орынбасары жаңа заңдағы артықшылықтарға тоқталып, мұғалімдердің кәсіби қызметіндегі құқықтары мен міндеттеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
«Өткен жылы Сенат пен Мәжіліс халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашатын 83 заңды қабылдады. Қос палата депутаттары заң шығару жұмысында Тұңғыш Президент – Елбасының әлеуметтік стратегиялық бастамалары мен Президенттің халықты қолдауға арналған тапсырмаларын негізге алды. Ең бастысы қабылданған барлық құжат азаматтарды қолдауға және қорғауға арналды», – деп атап өтті Сенат Төрағасының орынбасары.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов жұмыс бабындағы кездесу аясында депутаттарды шаһардың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі қорытындылармен таныстырды. Сонымен қатар қала басшысы өнеркәсіп пен білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында атқарылған жұмыстар жайы мен мегаполисті дамыту бағытындағы биылғы жылғы жоспарлармен бөлісті.
Сенаторлар 3 мыңнан астам халық тұратын «Бадам» тұрғын үй алабындағы инженерлік инфрақұрылым жағдайымен танысты. Тұрғын алабын электр қуатымен және табиғи газ, ауыз сумен қамту, сонымен бірге жол мәселесін шешу үшін мемлекеттік бюджеттен тиісті қаржы бөлінген болатын. Жыл соңына дейін «Бадам» тұрғын үй алабының коммуналдық проблемасы толығымен шешіледі деп жоспарлануда.
Б.Бекназаров әрбір депутат өңірдің дамуы тежеліп жатса, бюджеттің қаржысы өз мақсатына жұмсалмаған жағдайда, депутаттық сауал жолдануы тиіс екенін атап өтті.