Тайваньда өткен президенттік сайлауда Цай Инвэнь жеңіске жетті. Орталық сайлау комиссиясының деректері бойынша, ол 57 пайыз дауыс жинаған. Осылайша, Қытайдан мүлдем бөлінуді көздейтін Инвэнь ел тізгінін ұстауды жалғастыра бермекші.
Сайлауға жалпы үш кандидат түскен еді. Гаосюн қаласының әкімі, Қытаймен қосылуды жақтайтын Гоминьдан партиясының өкілі Хань Гоюй 38,5 пайыз дауыс жинады. Ал Бірінші ұлттық партия атынан түскен Джеймс Сун небәрі 4 пайызға ие болды. Ц.Инвэньнің басты қарсыласы саналған Х.Гоюй өзінің жеңілгенін мойындады. Енді, ескі де жаңа президентті ұлықтау рәсімі 20 мамырда өтпек.
Айта кету керек, Ц.Инвэньді 8 миллионнан астам адам қолдаған екен. Тайвань 1996 жылы тікелей дауыс беруді енгізгелі бері бұрын-соңды ешкім мұндай қолдауға ие болған емес. Осыдан-ақ халықтың Қытайдан ат құйрығын шорт кесісуді қалайтыны аңғарылады.
«Бұл сайлау қаншалықты еркіндік пен демократияны таңдайтынымызды көрсетті. Еліміздің тыныштығын сақтап, азаттығымызды қорғау мақсатында күш-жігерімізді салуымыз керек», деді Ц.Инвэнь дауыс беру нәтижесі жарияланғаннан кейін.
Цай ханымның жеңісі мына нәрсені анық байқатады. Кейінгі бірнеше жылда Тайваньда Қытайдың астыртын әрекетіне қатысты халықтың қарсылығы күшейе түскен. 2018 жылы алдын ала дауыс беру өтіп, Демократиялық даму партиясын қолдайтындар азайып кеткен-ді. Алайда, ел экономикасының тұрақтануы, Гонконгтағы жаппай шерулер тұрғындардың пікірін түбегейлі өзгерткен сыңайлы.
Ц.Инвэнь президенттігінің бірінші төрт жылында Қытай Тайваньды әбден қыспаққа алды. Әуелі ұшақтасығыш кемелерін Тайвань бұғазынан арлы-берлі өткізіп, қыр көрсетті. Сондай-ақ қытайлық туристердің Тайваньға баруына тыйым салды.
Жалпы, Қытайдың қол астында болып, олар белгілеп берген партиясы ел басқарған соң, тайваньдықтар азаттықты бір адамдай-ақ аңсады. Сондықтан шығар, өз қолы өз аузына жете сала дамудың демократиялық жолын таңдап, Азиядағы қуатты мемлекетке айналып шыға келді.
Қытай билігі әлі күнге дейін Тайваньды өз аймағы санайды. Сол себепті «бір ел – екі жүйе» бастамасын қолдауды көздейді. Бірақ тайваньдықтар мұндай жобаға мүлдем қарсы.
Былтыр қаңтарда Си Цзиньпин халыққа жолдауында күндердің күнінде Тайваньның Қытайға қосылатынын айтқан. Оған қоса, қажет жағдайда қару қолдануға да құқылы екенін мәлімдеді. Қытай басшысының мұндай сөзі Тайвань тұрғындарының ашу-ызасын келтіріп, бірқатар қалада шеру өткен-тұғын.
Біріншіден, елде тұтас бір буын азаттық аясында өсіп шықты. Олар үшін демократияның маңызы зор. Екіншіден, Қытай мен Си Цзиньпиннің түпкілікті жоспары жас мемлекеттерге оңтайлы емес. «Алып айдаһармен» көршілес жатқанда қамсыз отыруға болмайтынын Тайвань тұрғындары жақсы түсінеді.
Ендеше, халықтың таңдауы Ц.Инвэньге түскені бір нәрсені анық аңғартады. Тайвань секілді тәуелсіздіктің дәмін енді-енді сезінген елдердің тұрғындары алпауыт мемлекеттің ықпалына түсуді емес, түбегейлі азаттықты көздейді.