• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қаңтар, 2020

Ар концепциясы – Президенттің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласынан туындаған ойлар

615 рет
көрсетілді

Бір жағынан жаһандану, бір жағынан жаппай «хайпылану» (хайпократия) қысқан алас-күлес шақта ұлттың ар тазалығы, аршылдығы, яғни ұлттың жан саулығы, ізгілік шарты деген мағынадағы қоғамдық идея керек болып тұр. Шәкәрімше айтқанда, бүткіл ұлттың өзегін сауықтыратын Ар ілімі қажет. Ағылшыншалап немесе орыс­шаласақ, «moral health», «нравственное здоровье нации». Қазақтың ежелгі ұғы­мы да ар саулығына өзгеше мән бергенін «Ар ма» деп амандасу этикетінен байқаймыз. Мыса­лы, ортағасырлық ұлы эпосымыз «Қобы­ланды» жырын оқылық. Қобыланды кеткен әскерді қуып жетем деп ұшыртып келеді:

«Қол соңында барады,

 Қара Боқан жаурыншы.

Боқанға келді: – Ар ма! – деп, Алдыңда кісі бар ма? – деп».

Төлегенді өлтіріп, Қыз Жібекті алмақ оймен келген Бекежан тиісіп, ұрына сөйлегенмен, амандасуды «ар мадан» бас­тайды:

 «Айтайын айт дегенде, ар ма, Жібек,

Түйедей ботасы өлген зарла, Жібек.

Кеткелі жаман жарың көп жыл болды,

Хабары сол жездемнің бар ма, Жібек?»

Тәрізі, «ар ма» ертеректе қазаққа ерекше етене сөз болғанға ұқсайды. Кезінде ақсақал ақын Қуандық Шаңғытбаев осы «ар маны» жалпыға үйреншікті амандасу сөзі ретінде сіңірмек болып, көп насихаттапты. Тарихи лингвистика зерттеушілері «ар ма» сөзінің түбінде «арыма», яғни арыңды жоғал­тып, кірлетіп, қажыма деген тілек жатқа­нын айтады. Ұлттың аршылдығын оятып, жан саушылығын сақайту мақсатындағы ұзақ жол бүгінгі бізге таныс-бейтаныс «Ар маны» Қазақ еліне қайта оралтудан бас­талып кетсе несі бар!

Дәстүрлі ұғымда арлы адам деген ізгі адам, әділетті, мейірімді, намысты адам. Осы тұрғыда ойластырсақ, әуелі ұлттық ұғымдағы Ар принциптерін бір бағытта жинақтап, саралап алу керек.  Бұл жапонның «Бушидосы» сияқты кодекс бола ма, қысқа ғана, баршаға түсінікті философемалар топтамасы бола ма, әй­теуір мақал-мәтелден бастап, ғылыми пайымдарға шейін бір ізге түсіріліп, бір айқын бағдар түзілсе игі болар еді.  Мысалы, байырғы қазақтың рухани идеалын айқындайтын ең ұлы мақал: «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы». Ал қазақтың көне жырауы: «Қанша сұлу болса да, арсыздан қатын алмаңыз» деп өсиет айтады.

Ұлы Абай үшін ең жиіркенішті кісі – «сабырсыз, арсыз, еріншек». Тағы айтады: «пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» дейді. Өзіміз «ар-ұяты жоқ» деп қосарлап айта береміз. Қарап отырсақ, қазақ түсінігіндегі АР – ұяттың баламасы емесі байқалады, ұят ардың бір ғана қыры сияқты. Ойлайсың, бүкіл мақал-мәтелі, ты­йым-табуы, өлең-жыры, эпосы арға тұнып тұрған біздің жұрт керемет арлы, ерекше намысшыл, ұятты ел болуы керек қой деп.

Бірақ өкінішке қарай, қазір көп ретте біздің моральдық келбетіміз Абайдың басқа бір өлеңінде айтылатын мына мінез­дерге қаттырақ ұқсайтындай:

Сенен аяр түгі жоқ,

Бүгін сыйлас көрініп,

Бүгін жалын, ертең шоқ,

Сөзі мен өзі бөлініп.

 

Әлі үміт, әлі серт,

Жын сықылды бұзылып.

Қулық емес, бұл – бір дерт,

Тұрлауы жоқ құбылып.

Абай екі жүзділікті, сөзі мен ісі екі бөлінген аярлықты мінез емес, дерт деп таниды екен! Қазір осы дерт жеке адамның ғана дерті емес, әлеуметтік дертке айналып бара жатқандай көрінеді. Сол дерттің сыртқы симптомы – хайпылану, хайпшылдық. Ұят, ұят деп даурыққыш адам көлігін балалар ойнайтын алаңға қойып, былш түкіріп бара жатса – ол да сол дерттің белгісі. Әділет талап еткіш азаматымыз артық түсер бес-он тиын үшін жұбайымен жалған ажырасып, атау­лы көмек алып жүрсе – ол да жаңағы дерттің сыртқа шыққан белгісі. Жұртқа тазалық, адалдық туралы ақыл айтқыш шенеунік қазынадан ұрлап, байып жатса, ол енді арсыздық дертінің асқынған түрі. Ойлайсың, содан соң Абайша күңіреніп: «Енді не қылдық? Не болдық?» дейсің.

Шынымен не істейміз? Қарап отырамыз ба, әлде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынып отырған Абай жолына, Абай бағдарына бұрыламыз ба?

Мемлекет басшысы жуырда ғана жария көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты еңбегінде Абайдың «толық адам» қағидатын зерделеудің маңызын ескерте келіп: «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», – деп қазақтың саяси ой жүйесінде бұрын-соңды байқалмаған соны байлам жасады.

Сондықтан ұлттық Ар концепциясын терең зерттеп, соның принциптерін әлемдік ғылым мен білімге ұштастырып, соны бүгінгі қоғамның басты тұғырына айналдырудан басқа жол жоқ.

Айтпасқа болмайтын тағы бір сөз  – Абайды терең танып-білу маусымдық дабыраға, жылдың соңында өшіп қала­тын жаппай «абайшылдық», «абай­танушылдық» әсіре сәнге айналып кетпесе игі. Президент те осыдан қауіп көріп, атап ескертеді. Абайдың өзі жек көретін надандықтың бір белгісі – даңғойлық, көрсеқызарлық, дабыра­шылдық екенін ұмытпайық. Ал надандық  ар саушылы­ғын жоқ қылмай тоқтамайтын жегі құрт. Абай бүгінгі қазақ, мына біз үшін тілде емес, жүректе, көзде емес, көңілде болса, санамыздың өзегі болса ғана, біз ХХІ ғасырдың қиын сындарына төтеп беретін ұлтқа айналамыз.

 

Асқар Умаров,

журналист, «ҚазАқпарат» ХАА басшысы