Қазіргі таңда адамзатты алаңдатып отырған дүние азық-түлік өнімдерінің гендік модификацияға ұшырауы. Бұл дегенміз – табиғи емес жасанды жолмен лаборатория жағдайында өндірілген, қазақша айтқанда будан өнімдер. Мысалы, АҚШ-та жеміс-жидекке жанды организмнің ДНК-сін қосып будан өнім шығару ісі әлдеқашан жолға қойылған. Бұл тәжірибе қазір Қытай экономикасының да «жетістігі» саналуда.
Нақтылап айтар болсақ, америкалық ғалымдар камбала балығының ДНК-сын қосып қызанақтың жаңа сұрпын ойлап тапса, сол тәрізді кәдімгі күріштің тұқымына адамның бауырынан алынған ДНК-ны қосу арқылы өнімді құрт жемейтін етіп шығарды. Осындай әдіспен картоп пен бәйшешекті де будандастырды. Будан өнімнің басты ерекшелігі – тез арада іріп-шірімейді және оған зиянды жәндіктер жоламайды. Соңғы жылдары бидайға мысықтың ДНК-сын қосып будандастыру арқылы тышқан жемейтін «мысық-бидай» ойлап тапты қытайлық жеңіл өнеркәсіп мамандары.
Генетик ғалымдардың есебі бойынша қазір әлемде 1000 түрлі өсімдік тектес көкөніске гендік будандастыру жүргізу мүмкіндігі бар екен. Бүгінгі таңда бұлардың 100 түрі таңдап алынып, будандастырылған. Ең көп гендік модификацияланғандар – қызанақ, соя, жүгері, арахис, бидай, картоп... Былайша айтқанда халық ең көп тұтынатын заттар.
– Будан өнімдер адамның денсаулығына аса зиянды, – дейді ресейлік биолог-дәрігерлер. Олар бірнеше жыл бұрын қарапайым егеуқұйрықтарға тәжірибе жасап көрген. Әуелі жәндіктерді екі топқа бөліп, біріншісін әдеттегі азықпен, екіншісін гендік модификацияланған азықпен жемдеп көрген. Тәжірибені жануарлардың шағылысуынан екі апта бұрын қолға алған. Нәтижесінде, таза азықпен қоректенген жануарлардың 7 пайызы, ал будан азықпен қоректенгендердің 56 пайызы өлген.
Сол сияқты тағы бір ресейлік дәрігер О.Бутакова өз отандастарына сырттан келетін өнімдерді, соның ішінде сәби балаларға арналған тағам түрлерін тұтынбау жайлы үндеуде. Әсіресе, АҚШ-та өндірілген жеңіл өнеркәсіп тауарларынан сақ болуға шақырады. Өйткені, америкалық өнеркәсіп өнімдерінің 70 пайызы будан. Аустрия, Франция, Германия, Грекия, Италия және Люксембург мемлекеттері өз елдеріне будан өнімдерді сырттан кіргізуге тыйым салып жатыр.
Будан өнімнің зиян екенін тіпті америкалық фермерлер де «айғайлап» айта бастады. Олар баққан сиырларының будан, жасанды жолмен дайындалған жем-шөп, малға арналған азықты тұтынуынан қауіптеніп отыр. Мысалы, квинстелік фермер Имран Дин өз малдарына модификацияланған вегетарианша және гармон егуден сақтанса, Торонтодағы Ислам институтының профессоры А.Кутти малға тірі ағзаның гені будандастырылып дайындалған азықты беруге болмайды, соңғы жылдары пайда болған «сиыр құтырық» ауруының көбеюіне себеп осыдан, дейді.
Жоғарыдағыдай жағдай өз еліміздегі тауық өсіретін фермаларда кең етек алған. Құс өсіруші фермерлер сойылған тауықтың бас-сирақ, тұмсық-тұяқ, жүн-жұрқа, қалдық етін далаға төгіп тастамай, оны ұнтақтап, химиялық зат қосып, жем жасап тірі тауықтарға береді. Қандасының етін жеп үйренген «каннибал» тауықтар алда-жалда араларынан біреуі сәл жарақаттанып, қан шықса болды, жапа-тармағай жабыла кетіп, дереу жеп қояды. Бұл үрдіс қазір тауық фермаларында үйреншікті жағдай. Дүкен сөрелерінде сіресіп тұрған тауық еттеріне де «елеңдей» жүргеніңіз жөн болар.
Тағы бір есте тұтатын дүние, базарларда сырты мұнтаздай тап-таза жеміс-жидектер мен көкөністер тізіліп тұрады. Жеп көрсеңіз не дәмі, не сөлі жоқ. Сатушы қарақ беті бүлк етпей: «Бұл Алматының апорты, ала қойыңыз» дейтінін қайтесіз. Неге олай? Бұл гендік инженерияның көмегімен өндірілген, шеттен әкелінген арзан, жасанды жемістер. Бұл тарапта шығыс көршіміздің үлесі зор. Мұндай өнімдердің адам денсаулығына, ағзасына, болашақ ұрпағына аса зиян екенін біле бермейміз!
Генетик ғалымдар модификацияланған өнімді үздіксіз пайдаланған жағдайда, адамның асқазан жолдарындағы кейбір микроағзалар бөтен гендерді ұстап алып, оларды өз ДНҚ-сына айналдыруы мүмкін екенін айтады. Ал бұндай жағдай адам ағзасына қатерлі ісік пайда болуына әкелетіні әлдеқашан нақтыланған дүние. Оның сыртында модификацияланған картоп, соя, бұршақ өнімдері ішкі секреция бездерінің қызметін бұзып, аллергия дертін қоздыратыны экспериментальды түрде дәлелденіп отыр. Будан өнімнен сақ болайық, ағайын!