Жанна Батырқұлова – Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. Оқу орнының көркемсурет факультетін бітірген. Қазір Аустралияның астанасы Сидней қаласында тұрады. Бір сөзбен айтқанда, жайлы жер, жақсы жалақы іздеп дүние кезген бүгінгі қазақ жастарының легіндегі көптің бірі.
Жанна Алмаханқызы Жер шарының бір қиырындағы қалада «ә» дегеннен өз мамандығына сәйкес лайықты қызмет таппаған. Алайда, кешкілік дәріс сабағына қатыса жүріп, ағылшын тілінің толыққанды мұғалімі мамандығын меңгеріп алыпты. Бүгінде Сиднейдегі Ағылшын орталығында ағылшын тілінен сабақ береді. Негізгі кәсібі суретшіліктен де қол үзбеген. Қала әкімшілігінің 2015 жылғы ұйымдастырған мурал салу байқауына қатысты, одан таяуда сол байқаудың қорытындысына сай жеңімпаз атанып, жүлде алды. Қала басшылығы қазақ қызының жобаға іліккен таңдаулы суреттерін жарыққа шығаруға рұхсат беріпті. Ол – Ж.Батырқұлованың «Велосипедші» («Cуclist») муралы. Қазір Аустралия астанасындағы бағдаршамның көптеген желілік үйшіктері Жанна Алмаханқызының «велосипедшісімен» көркемделген.
– Сиднейде Алматыдағы секілді көпқабатты үйлерге еркін түрде мурал салуға рұқсат жоқ. Дегенмен сол байқаудан соң арнайы комиссияның шешіміне орай мен бір қабатты үлкен кеңсенің қабырғасына «Жаз» атты шығармамды салуға келісім алдым, – дейді ол.
Алматыда қақаған қыс, Сиднейде нағыз жаз ортасы. Термометр шәкілі +38 градустан төмен түсер емес. Оған Самбера аймағы жағындағы алапат өрттің ыстық лебі ұрып тұрғаны және бар. Соған қарамастан Ж.Батырқұлова күні кеше қабырғадағы шығармасын ойдағыдай жазып бітті.
Ол өзі туып-өскен Алматыда өткен жылы жаз ортасында «MURAL FEST» байқауының басталғанын, биыл оған Франция мен Германиядан, Испаниядан, Португалиядан, Филиппин мен Гонконгтан стрит-арт суретшілердің келетінін біледі. Әрине интернет арқылы хабардар. Арманы – алақанын ысқалап сол байқауға қатысу. Амал нешік – жол алыс, қол қысқа.
– Қала әкімдігі тағы бірнеше авторлық муралымды тиісті нысандарға салуға рұқсат етсе, Алматыма құстай ұшып баратын күн алыс емес, – дейді Сиднейде тұратын қазақ қызы.
АЛМАТЫ
Сурет Жанна Батырқұлованың жеке желі парақшасынан алынды