• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Руханият 15 Қаңтар, 2020

«Толық адам» ілімі толыса береді

1038 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласымен толық танысып шықтым. Бұл – абайтану бағытында алғаш рет бағдарламалық деңгейдегі мақала болды. Абайтану – аса қажет нәрсе.

«Бұдан былай не істейміз?» деген сауалдың бағытын тауып алып отырмыз. Мұның үлкен бір пайдасы осында жатыр. Қазір дүниетаным мүлдем өзгеріп кеткен. Ал қоғамдық ғылымдар дағдарыста тұралап тұр. Жаңа дүниетанымға бағыт-бағдар ұстау бүгінгі басты мақсатымызға айналды. Президенттің мақаласы осы тұрғыда бізге жаңа міндеттер мен шешімдер ұсынып отыр деп білемін. Абайтану ілімінің өркендеу жолы тұрғысынан кейбір мәселеге молырақ тоқталу қажет. Яғни, бұрын Абайға қатысты еңбектердің бәрін маркстік-лениндік компартияның мате­риалистік диалектика көзқарасына бағыттап шығарып келдік. Бұл – жалған болып шықты. Абайтануды, жалпы қоғамдық ғылымдарды дамыту үшін де жаңа дүниетанымға орайластырып жаңа жол салу керек. Оған даярлығы бар абайтанушылар бар ма, жоқ па білмеймін. Сондықтан бұған үлкен ұйымдастырушылық рух қажет. Мақалада көтерілген пікір-тұжырымдар жинала келе арналы ілімдегі өзекті мәселелердің өнікті салаларына назар аудартады. Абайдың мұрасы – біздің халқымызды, халқы­мыздың санасын жаңғыртатын ұлттық код. Ерекше мән беруіміздің сыры осында. Қазіргі күні «Толық адам ілімі» атты 400 беттік кітабымды баспаға әзірлеп болдым. Жиырма­жылдық шығармашылық ғұмырға ие зерттеу еңбек. Таяу күндері кәсіпкер азаматтың демеушілігімен «Қазығұрт» баспасынан жарыққа шығып қалады. Онда «толық адам» ілімінің шығу тарихы, кезеңі жан-жақты айтылады. Жалпы, толық адам ілімі өте ертеден келе жатыр, біздің заманымыздан бұрын V-VI ғасырда «ахи» деген ілім шыққан. Жомарттар деген сөз. Он бір ғасырдай өмір сүріп, бүкіл түркі жұртын тәрбиелеген болатын. Бұдан соң әл-Фарабидің «Парасатты адам ілімі», ал XI ғасырда «Құтты білік» кітабы жалпақ жұртқа жария болды. Бұл шығармашылық ілімнің негізі еді. XIII ғасырдағы Қожа Ахмет Ясауидің «Хәл ілімі», хикмет дәстүрі адамның ар-ождан үні. Содан кейін XIX ғасырдың аяғында Абайдың «толық адамы» мен Шәкәрімнің «Ар ғылымы ұғылса» ілімі арнаулы жүйемен бүгінге дейін үзілмей келе жатыр. Қытай жағында басталған дәстүрлі ілім Конфуцийден кейін тоқтап қалды. Үндістан мен Иранда да солай. Дәстүрмен тарқатқан мұндай ілім бізде ғана сақталып қалды және Абайдың «толық адам ілімі» толыса береді. Жасты да, кәріні де тәрбиелеп, ішкі, рухани жан дүние­сін тазартып шығады. Ең бастысы, ой-сана тазалығы. Қазаққа ғана емес, түрік халықтарына, дүние­жүзі халқына әсер ететін қуаты бар ілім.

 

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ,

абайтанушы