Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты хакімнің 175 жылдығына арналған мақаласында Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алатынын алға тартты.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз. Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады», деді Қ.Тоқаев.
Осыған орай С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Абай – ақын, ойшыл, аудармашы» атты ғылыми семинар өтті. Шараға университет басшылығы, ұстаздар қауымы және студенттер қатысты.
«Әлемде 190-дай мемлекет, екі мыңдай ұлт бар екен. Әрбір ұлттың ұлттық болмысы, тамыры, тарихы өз алдына ерекше. Қазақ та өзінің тектілігімен, білімділігімен әлемге танылғанына шетелдерге шыққан сайын куә болып жүрміз. Сырттан келетін меймандар халқымыздың сыртқы келбетіне ғана емес, ішкі рухани құндылықтарымызға да көз тастайды. Елімізге рухани ұстаз болып, ұлт пен ұрпақтың қамы үшін тер төккен тұлғаларымыз аз емес. Сол тұлғаларымыздың арасында Абай Құнанбайұлының алар орны айрықша десек артық айтқандық болмас, сірә. Біздің университеттің мақсаты – білімді мамандарды дайындап қана қоймай, отаншыл, патриот перзенттерді де түлету. Ол үшін Абайды тереңірек оқу керек», деді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті АҚ басқарма төрағасы Ақылбек Күрішбаев.
Сонымен қатар жиында университеттің оқытушылары, филология ғылымдарының докторы, доцент Сәуле Құрманбайқызы «Сөз» концептінің Абай шығармаларында репрезенттелуі», Философия кафедрасының меңгерушісі, доцент Есбол Есенбайұлы «Абай дүниетанымындағы «Адам мен Әлем» қатынасы мәселесі, доцент Әсия Серғалиқызы «Әлем таныған Абай» тақырыптарында баяндама жасап, хакімнің өмір жолы мен әдеби әлемін шолып өтті.