Жуырда Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде қоғам қайраткерлері, бизнес қауымдастығы, БАҚ пен саяси партиялар өкілдері, қатысқан кеңейтілген отырыс өтті. Жиын барысында экономиканың барлық саласы бойынша жаңа жылдағы жұмыс жоспары жарияланды.
Алдымен ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ерболат Бекшеновтің, индустриялық-инновациялық даму басқармасының бастығы Арман Оразғұловтың, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Серiк Мұхамедиевтің және тағы басқаларының баяндамалары тыңдалды. Онда айтылғандай, биыл өндіріске отандық және шетелдік 226,3 млрд теңге капитал құйылып, соның нәтижесінде 34 жоба іске асырылмақ. Бұл жаңадан 3000 жұмыс орнын ашуға жол ашады.
Агроөнеркәсіп саласына былтыр салынған және жаңа жылда жалғасатын инвестияция мен іске асырылатын жобалар туралы айтылды. «Жалпы, бұл сала бойынша 2020 жылы біз 13 ірі инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Оған 22,8 млрд теңге салынып, жаңадан 300 жұмыс орнын ашу жоспарланған», деді тиісті басқарма басшысы Е.Бекшенов. Оның айтуына қарағанда, облыс азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір амалы ретінде тауарлы-сүт фермаларын көптеп құруға назар аударып отыр. Мәселен, былтыр «Қызылжар-Сүт» ЖШС сүт өндіруге 2,1 млрд теңге құйылып, 720 орындық кешен салынған. Алдымыздағы көктемде 1,8 млрд теңгеге Австриядан 360 бас сүтті сиыр жеткізіледі, сөйтіп жаңадан 35 жұмыс орны ашылады.
Жалпы, сүт фермасын ашуды көздеп отырған шаруалар баршылық. Айталық Ғабит Мүсірепов ауданындағы «Возвышенка СК» 600 орындық сүт кешенін салуды қолға алған. А.Нукаев басшылық ететін бұл серіктестік жобаға 1,2 млрд теңге құюға дайын. Сондай-ақ А.Сапаров басқаратын «Ноғайбай» ЖШС да осындай жобаны жүзеге асырып жатыр.
Асыл тұқымды мал басын көбейту ісі де назардан тыс қалмайды. Мәселен, Ақжар ауданындағы Т.Арғынбаев басқаратын «Береке-Ақжар» ЖШС 2500 бас бұқа өсірмек, сонымен қатар 3000 бас мал семірту алаңын салып жатыр. Бұл жұмысқа «Береке – Ақжар» барлығы 2,5 млрд теңге қаражат жұмсалмақ. Серіктестік қазірдің өзінде мал сатып алу үшін Австрияның фирмасымен келісімшарт жасап қойған.
Осындай мал семірту алаңдарын «Елецкое» ЖШС, «Жерқуар» агрофирмасы, «Астық сату компаниясы» ЖШС қолға алып отыр. Әрқайсысы бұл іске 2-3 млрд теңгеден ақша құяды. Құс етін өндіру бойынша «Якорьская птицефабрика» ЖШС өндірісті дамытуға 0,6 млрд теңге құйып, құс санын қосымша 75 мыңға арттырмақ, бұл жұмыртқа өндіру көлемін тәулігіне 100-ден 150 млн данаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Ет-сүт өнімдерін шығару бойынша алдағы жылы «Масло-Дел» ЖШС атты ірі фирма өндіріске 4,2 млрд теңге құйып, жылдық қуаты 32 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Швейцарияның Эксойл Групп май шығару зауытымен бірлескен жаңа кәсіпорын салу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Облыс орталығында көптен бері бос тұрған жерде былтыр «Dostyk Mall» сауда орталығы ашылып, оған мемлекет пен жекеменшік капитал бірлесіп 5,4 млрд теңге инвестиция құйғанын айта кетейік. Қазір сауда орталығы шаһардың да сәнін арттырып тұр.
Ал Айыртау ауданында отандық инвестор «Energo Trust» ЖШС желден қуат алатын парк салуды жоспарлап отыр. Жалпы облыста барлығы 25 жел генераторы орнатылады деп күтілуде. Егер олардың бәрі орнатылса, 50 мегаватт электр қуаты өндірілмек.
«Бұл жобалар өңір экономикасына тың серпін береді. Біздің мақсатымыз – экономиканы аграрлы-индустриялы ету. Жаңа кәсіпорындар ашып, өндіріс көлемін ұлғайту керек», деді Құмар Ақсақалов.
Солтүстік Қазақстан облысы