Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды.
Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің кадр резервіне енген 300 жаспен кездесу өткізіп жатыр.
Президенттік жастар кадр резервіне тіркелу биылғы қыркүйек айында басталған еді. Жобаның стратегиялық мақсаты – тиімді менеджерлердің жаңа толқынын қалыптастыру және еліміздің жаңа буыны үшін пәрменді әлеуметтік лифтілер жүйесін құру. Іріктеу нәтижелері бойынша пулға жаңа формацияның басқарушылары болуға қабілетті талантты және креативті жас қазақстандықтар іріктелді.
Президент бастамасына алғашында 13 мыңнан астам қазақстандық қатысуға ниет білдірген. Қатысушыларға отыз бес жастан аспаған, жоғары білімі жəне бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан азаматы болуы тиіс деген талаптар қойылды.
Жеңімпаздар арасында жеке сектордың – 106 өкілі, квазимемлекеттік сектордың – 98 қызметкері және 96 мемлекеттік қызметкер бар. Кандидаттардың 58 пайызы шетелдік оқу ордаларында білім алған. 42 пайызы – қазақстандық ЖОО түлектері. 6 адам – ғылым докторы, 204 адам магистр дәрежесіне ие. Жеңімпаздардың орташа жасы 31-ді құраған.
Президенттік жастар кадр резервіне алынған кандидаттардың тізімімен жобаның ресми сайтында танысуға болады.