• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қаңтар, 2020

«Сергек» сергектікті талап етеді

658 рет
көрсетілді

Жылдың басы алматылық жүргізушілер үшін жайсыздау ақпаратпен басталды. «Сергек» бейнебақылау камералары екі жарым мыңнан астам жол бұзу ережесін анықтап, қаңтар айының алғашқы аптасындағы айыппұл мөлшері 42 миллион теңгені құраған. Әлеуметтік желілерде тараған әртүрлі мазмұндағы ақпараттар жүргізуші қауымды біраз әбігерге салғандай.

Алматы қаласы полиция департаменті Әкімшілік басқарма бастығы Жандос Мұратәлиев журналистермен кездесуінде жүргізушілерді мазалаған сұрақтардың басым көпшілігі айыппұлдардың бюджетке түсу-түспеуімен байланыс­ты бол­ған­дығын жеткізді. «Сергек» каме­ра­ларын орнатудағы негізгі мақсат жол-көлік ережесін бұзудың алдын алу мен азаматтардың өміріне қауіп төн­діретін оқыс оқиғаларды болдырмау деп түсіндірген Жандос Мұратәлиев жүр­гізушілер тарапынан төленген әкімшілік айыппұлдар соңғы теңгесіне дейін бюджетке түседі деп атап өтті. Сонымен қа­тар жүргізушілер тарапынан жол-көлік ережелерінің өрескел бұзылатындығына алаңдаушылығын білдіре отырып, 2019 жылы жол-көлік апатынан 145 адам көз жұмса, бұл көрсеткіш 2018 жылы 130-ды құрағанын жеткізді.

Азаматтардың қауіпсіздігін негізге ала отырып, өткен жылдың сәуір айынан бергі аралықта сынақтан өткізу мақсатында әрі қала тұрғындарының өтініштері бойынша «Сергек» бейнебақылау жүйесі апат көп орын алатын аумақтарға орнатылған. «Сергек» бейнебақылау кешені жол ере­жесін бұзғандарды ғана емес, сондай-ақ көлік ұрлау қылмысының алдын алуға, қыл­мыскерді дер кезінде анықтауға мүм­кіндік береді.

 Қазіргі кезде Алматы қаласы полиция департаменті мен қазақстандық «Көркем телеком» IT компаниясымен арадағы келісім­дерге орай қала көшелеріне ор­на­ластырылған «Сергек» бейнекаме­раларының саны 400-ге жетіп отыр. «Сергек» жобасын басқару жөніндегі ди­ректор Бибігүл Айтүкенова көпшілікті мазалаған сауалға орай «Сергек» бейне- бақылау кешенінің отандық өндірушіге тиесілі екендігін айтып, орындалған жұмыс ауқымына 50 млн шамамасында теңге жұмсалғанынан хабардар етті. 2017 жылдан бергі аралықта іске қосылған жоба бүгінде тиімділігін көрсетіп келе­ді. «Сергек» камералары Нұр-Сұлтан қаласында орнатылған алғашқы жылдар­да-ақ жол апаты көрсеткіштері азайған. Соң­ғы мәліметтер бойынша, жол апатынан көз жұмғандар екі есеге дейін азайып, көрсеткіш 60-тан 36-ға дейін төмен­деген. Осындай мәліметтермен бөлі­се келе Бибігүл Айтүкенова «Көркем телеком» ЖШС осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға биыл да дайын екенін атап өтті.

«Сергек» бейнебақылау камералары­ның тиімділігіне тоқталған Тәуелсіз автомо­билистер одағының төрағасы Эдуард Эдоков дамыған елдер тәжірибесінде қала көшелеріндегі жол-көлік қауіпсіздігі ба­рынша күшейтілгендігін айтады. Мы­салы, бір ғана Лондонда 400 мыңнан астам камера болса, Берлин, Амстердам, т.б. еуропалық қалалардағы жол-көлік жүйе­сі заманауи қондырғыларға сүйенеді. Сондықтан да өркениетті қадамдарды игерудің қазақстандық қоғамға пайдасы зор. Қауіпсіздік шараларын жетілдіру жол қозғалысында ғана емес, көлік ұр­лау қылмысының алдын алуға да ық­пал етеді. Жүргізушілік тәжірибесінен бір­қатар мысал келтірген Эдуард Эдоков жол-көлік ережесін бұзуды азайтуда айып­пұлдарды күшейту, қатаң жазалаумен бірге көлік иелерінің біліктілігін артты­ру мәселесіне жіті назар аудару қажет, дейді. Әрбір жүргізуші үшін айыппұл төлемеудің амалы – жол-көлік ережесін қатаң сақтау. Ал «Қазақстан велоқоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Думан Қапа­сов­тың айтуынша, «Сергек» кешені жол-көлік қозғалысының, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, көлік жүргізу мәдениетін арт­тыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Қалада «Сергек» камераларының жиі орналасу себептеріне қатысты қойылған сауалға орай Жандос Мұратәлиев камераларды қондырмастан бұрын арнайы сараптама жасалып, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп­­ке алу жөніндегі комитеті кар­та­сы­­на назар аударылатынын атап өт­ті. Ал құқық бұзу деректері жол қоз­ға­­лысы қауіпсіздігінің жедел ақпарат­тық жүйесіне тіркеліп, әкімшілік полиция өкілдерімен тексерілгеннен кейін жол ережесін бұзушыларға хаттама жолданады. Әкімшілік полиция ко­митетінің мәліметтеріне сүйенсек, жол жүру ережесін бұзған азаматтар жеті тәулік ішінде әкімшілік айыппұлды 50 пайыз мөлшерінде төлей алады. Құ­қық бұзған азаматтарға хаттамамен бірге айыппұл сомасы мен төлеу тәр­тібі түсіндірілген түбіртек беріледі. Хат­тама толтырылғаннан кейін бір тәу­лік ішінде мәліметтер ІІМ деректер базасына енгізіліп, айыппұлды онлайн ре­жімінде egov.kz порталы арқылы көруге және төлеуге болады. Егер де айыппұл осы көрсетілген мерзімде төленбесе, он­да жүйеде айыппұл толық мөлшерде көрсе­тіледі. Айыппұл өтелген түбіртекті ішкі істер органдарына жіберу міндетті емес.

Жандос Мұратәлиев жиын барысында қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті бақылау үшін қазіргі кезде қанатқақты жобалардың жүзеге аса бастағанына тоқталып, қылмыскердің бет жүзін дәл анықтайтын Израиль, Аустрия, еуропалық компанияларға тиесілі қондырғылардың бар екендігін жеткізді. Нақты нәтижеге қол жеткізгеннен кейін ондай камералар адамдар көп шоғырланған аумақтарда орнатылатын болады.

Жол бойын ғана емес, қаладағы қо­ғамдық қауіпсіздікті де бақылай алатын «Сергек» бағдарламалық кешені аз және кең ауқымды бірнеше камерадан тұрады. Тыйым салынған қызыл түске өтіп кету, бағдаршамның тыйым салған дыбысын елемеу, жылдамдықты асыру, қоғамдық көлік жолағына өтіп кету сияқты деректерді дәлме-дәл анықтайтын «Сергек» ауа райының қолайсыздығына, яғни тұманды, жаңбырлы, қарлы-боранды күн­дерге қарамастан, жасанды интеллект және компьютерлік дәлдік арқылы оқиғаны нақты көрсетеді. Олай болса, мамандар жауабынан кейін «Сергектің» керек екендігіне сенейік.

 

АЛМАТЫ