Редакцияға заңды кеңес сұрап хат жазған оқырмандарымыздың дені атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүргендерін айтады. Көбінің сұрақтары ұқсас болғандықтан, олардың арасынан мына екі хатты іріктеп алып, оған заңгер Шолпан Сейсембаеваның қайтарған жауабын беріп отырмыз.
– Асыраушысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік жәрдемақыны ала алмай жүрміз. 2019 жылдың маусым айында қайтыс болған баламның әкесі кезінде әкелік құқығынан айырылған еді. Енді сол жағдай бөгет болып отыр дейді әлеуметтік орган. Ондай жауап қаншалықты дұрыс?
Т.Қайырбаева
Шымкент қаласы
– Өкілетті орган қызметкерлерінің мұндай жауабы заңға қайшы. Рас, асыраушысынан айырылғандар туралы әлеуметтік жәрдемақы әкесі немесе шешесі қайтыс болған жағдайда тағайындалады. Өйткені Қазақстан Республикасы «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 4-т., 69 б. сәйкес, ата-анасы (олардың біреуі) ата-ана құқықтарынан айырылған бала ата-анасымен және басқа да туыстарымен туыстық фактісіне, оның ішінде мұра алу құқығына негізделген тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын, сондай-ақ мүліктік құқықтарын сақтап қалады.
Ал енді жоғарыдағыдай жағдайда, берер кеңесім: құжаттарыңызды толықтай жинап тұрғылықты жердегі уәкілетті мемлекеттік органға тапсырып, жауабын күтіңіз. Егер уәкілетті мемлекеттік орган жазбаша жауабында аталған себептермен әлеуметтік жәрдемақы тағайындауға қарсылық білдірсе, сотқа шағымданып, ол істі ұтып шығуға әбден мүмкіндігіңіз бар.
Қажетті құжаттар тізімі: арыз берушінің жеке куәлігі, тұрғылықты мекенжайы туралы анықтама, адамның қайтыс болғанын растайтын анықтама, неке куәлігі, баланың туу туралы куәлігі. 18 жастан асқан бала оқитын болса, күндізгі бөлімде оқитыны туралы анықтама қажет. Сонымен қатар баланың әкесі бұрын қайтыс болса, сол аралықтағы жәрдемақыны қайтарып ала аласыз. Себебі әлеуметтік жәрдемақы адамның қайтыс болған күнінен бастап төленеді.
– Мен былтыр 21 мың теңге алу үшін құжат тапсырдым. Оны 3 ай алған соң, «сіздің табысыңыз 21 мың теңге алуға мұқтаж емес» деп бас тартылды. Ал осы атаулы көмекті алу үшін 1 жылға шартқа отырған едік. Алайда оны өздері енді бұзып отыр. Менің жалдамалы бөлмеме комиссия келіп, «сіздің тұрмысыңыз төмен, 21 мың теңге алуға лайықтысыз» деп қорытындылап кеткен. Бірақ бұл туралы құжаттар жоғарыға өтпей отыр. Енді не істеуім керек?
Әселхан Әріпбайқызы
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы,
Қосшы ауылы
– Биылғы жаңа тәртіппен жан басына шаққанда айлық табыс 25398 теңгеден аспаса, отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Дегенмен былтыр сіздің отбасыңызды уәкілетті орган лайықты деп танып, мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, оны үш ай бойы алып тұрғансыз.
Сіздің айтуыңыз бойынша, арнайы комиссия үйіңізге келіп тексерген. Алайда белгісіз бір себептермен атаулы әлеуметтік көмек төленуге лайықты емессіз деп қорытынды жасалған. Және де шешім ауызша жарияланған секілді.
Жалпы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау сатысында отбасының жиынтық табысы есептеледі. Атап айтқанда, Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы Заңға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен асатын тұлғалар (отбасылар) жатпайды.
Егер атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысы өзгерсе (ұлғайса), онда, әрине, үміткер атаулы әлеуметтік көмек беруге мұқтаж емес деген шешім қабылдануы мүмкін.
Алайда, ондай шешім ауызша жарияланбайды. Міндетті түрде уәкілетті орган шешім қабылдап, оның жазбаша жауабын үміткерге ұсынады.
Егер үміткер уәкілетті органның шешімімен келіспеген жағдайда, сотқа жүгінуге құқылы.