Еліміз тәуелсіздігінің әрбір кезеңдерінде биіктерден көрініп, экономикалық қуатының, әлеуметтік сапасының, саяси тұрақтылығының артуын қамтамасыз ету бағытында дамып келеді. Бұл орайда руханият саласына да айрықша мән берілуі қалтарыста қалған емес. Соның ішінде Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама жалпы қоғамдық серпін беріп отырғаны баршамызға аян.
Міне, осынау стратегиялық кемеңгерліктің жалғасы, сабақтастығы деп танылып, жаппай қызығушылық туғызған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының қоғамдық мән-маңызы ерекше деп білемін.
Оны іске асыруда үлесімізді қосу азаматтық парызымыз деп ойлаймын. Мақалада хакім-данышпан Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай ұлы ақын мұраларын оқу, насихаттау жолымен қоғамдық дамуымыздың барлық саласына рухани серпін беріп, азаматтық сананы қайта түлету көзделген. «Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселге айналды», дей отырып, ел Президенті сол арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың қарқынмен дамуына жол ашу жүзеге асырылатынын атап көрсетті.
Ұлтымыздың интеллектуалды деңгейін көтеріп, қоғамның дамуына кедергі келтіретін, береке-бірлігімізге іріткі салатын жағымсыз әдеттерден арылу керектігі Абай шығармаларында да айтылған. Бұл ретте Абайдың «Толық адам» тұжырымы бағдар бола алады. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деп, адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайратпен бірге жылы жүрек те керек екенін айтқанынан қазақ халқының өмірінің басты ұстанымы дегенін аңғарамыз. Осындай түсінік халқымызды ғасырлар бойындағы түрлі қиындықтардан аман-сау өтуге, өзгелерге де қамқорлық жасау салтына негіз болғаны тарихқа аян.
Осы орайда, мемлекетіміз халыққа әлеуметтік қолдау көрсету бағытын ұстанып отырғанын ризашылықпен айтар едім. Әлеуметтік жан-жақты көмектерді айтпағанның өзінде, белгілі бір кәсіппен айналысу жолдарын ашып, әдіс-тәсілдерін көрсетіп отыр, сөйтіп әлеуметтік қолдау жаңа кәсіпкерлікті өмірге әкелуге қызмет етуде. Бұның өзі жұмыссыздықты болдырмауға бағытталуда, жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға бастайды. Мен осыған қуанамын.
Білім мен ғылымды меңгеру – ел дәулетін көтерудің кепілі. «Талап қыл артық білуге» дегенде, Абай осыны меңзейді. Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы да осы бағыттағы игі бастамалардың бірі екенін мәлімдеді. «Бұл сапалы білім беру ісін жетілдіруге арналған қадам. Ұстазға құрмет көрсетіп қадірлеу – бәріміздің міндетіміз. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығының мәртебесін көтеріп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек», деп жазады Мемлекет басшысы. Өзім педагог қызметкер болғандықтан, бұл сөздердің мәні мен ақиқаттығына кепіл бере аламын.
Сондай-ақ аталған мақалада қазақ тілінің мәртебесін көтеруде, оны дамытуда Абай өсиеті қанаттандыра түсетініне сенім білдіреді. Қазақ тілін үйренуге басымдық бере отырып, қазақстандықтарды ағылшын тілін меңгеруге шақырады. «Өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін оның тілін меңгерудің маңызы зор», дейді Президент.
Түрлі өнерді игеруге үндейтін Абайды интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясының негізін салушы деген әділ баға – Абайға жаңаша қарауға үндейді. Ұлы ағартушының туындыларын заман ағымына лайықтап қабылдауға жол салынған мақалада.
Ұлы ақынның өлеңдерінде ұлтын қатты сынайтыны белгілі. Ал ақынның бұл көзқарасы осы арқылы халқымыздың «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген даналығымен үндесіп жатқанын аңғарамыз.
Ұлы ақын өз шығармаларында елдік мұраттарды асқақтатып, ұлт тұтастығын ұйыстыруды көздеді. «Сыбырдан басқа сыры жоқ, шаруаға қыры жоқ», артық мақтанға үйір болу сияқты келеңсіздіктерді аяусыз сынау арқылы олардан арылуға көзімізді ашады. Абайды оқыған ұрпақ өзін-өзі игеріп, өзін-өзі жетілдіріп, елге адал қызмет етпей қала алмайтындай болып өсетініне сенім мол. Мемлекет басшысының «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек» дегені мектепке де қатысты. Сондықтан алдағы уақытта оқу жоспарларында, білім бағдармаларында Абайды арнайы жүйелі оқу сағаттарын белгілеуді қарастыру керек деп ойлаймын.
Абай мұраларына бет бұру науқан емес, ол тұрақты іс екені құқықтық-нормативтік заңнамаларда анықталса, нұр үстіне нұр болар еді.
«Елбасы бастап, елі қостап, биік белестерді бағындырдық. Озық елулікке кіреміз деп мақсат қойдық, ол мақсатқа мерзімінен бұрын жеттік. Озық отыздыққа қосылуды межеледік. Ол межеге де жетеміз. Сол межеге жетуге де ұлы Абай мұрасы көмектесе алады», деген, Қасым-Жомарт Кемелұлының нұсқамасы ұлы мақсаттарға бастайды. Абай жылында ғасырларға ұласатын ізгілікті өсиет-өнегенің мызғымас тұғыры қаланады деп білемін.
Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері