Жақында Алматы жануарлар бағының «Бізде жағымды жаңалық! Зообағымызда ягуар туылды», деген сүйінші хабары тарады. Зообақ мамандары желі қолданушыларын ұрғашы теңбілшерге ат қоюға шақырды.
Жағымды жаңалық дүние жүзінің желі қолданушыларын да бейжай қалдырмады. Кішкентай ягуардың өмірге келуі өртке оранған Аустралия құрлығының қайғысын бөлісуге үндегендей еді... Иә, өртке оранған Аустралия күллі әлемді күңірентті. Әлемде сирек кездесетін миллиардтаған жануарлар аралы қызыл жалын құрсауында қалды. Аустралия тұрғындарының жан күйзелісін бөліспек ниетте әлеуметтік желі қолданушылары кішкентай ягуарға ат қоюға, оның тіршілік әлеміндегі қадамына сүйіспеншілік білдіріп, көптеген есім ұсынды. Зообақ қызметкерлері желідегі барлық ұсынысты сараптай келе, теңбіл күшікке «Аустралия» деп ат қойып, оның қырық күн ширауын күтті.
Ягуар күшігінің жағдайымен таныстырған Жануарлар бағы Даму бөлімінің меңгерушісі Ақжани Рахимованың айтуынша, былтыр 9 қарашада туған ягуар күшігі мен енесін мамандар қырық күн күтіп баптады. Күш-қуат жиып, өздігінен тіршілік әлеміне қадам басуына ерекше көңіл бөлінді. Аустралияның анасы Момын 2010 жылы осы зообақта туған, Сара және Француз есімді ягуарлардың төлі. Ал әкесі 2014 жылы Новосібірден әкелінген Васька есімді ягуар. Олардың бес жылғы жұптасуынан кейін Аустралия өмірге келген. Бүгінде зообақта 4 ягуар тіршілік етуде. Жыртқыштар бөлімінің меңгерушісі Дәурен Кенжебековтің айтуынша, қазір бауырын көтерген теңбілшердің салмағы 5 килоға жуықтады, қимылы ширақ. Өзін жиі сүйсіне бақылайтындарға да үйреніп қалғандай. Ягуар күшігінің мықты болып өсуі үшін енесіне қолайлы жағдай жасалды. Зообақ қызметкерлерінің әлеуметтік желі арқылы тараған өтінішіне орай қала тұрғындары зообаққа бес жүзге жуық жаңа жылдық шырша әкелген. Шыршалар төрт аяқтыларға әрі тағам ретінде әрі көңіл алдарқату үшін қажет.
Зоология институты Териология бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Санжар Қаңтарбаевтың айтуынша, ягуардың отаны – Оңтүстік Америка, Амазонканың тропикалық ормандары. Жыртқыштардың, оның ішінде мысық тұқымдасқа жататын жануардың бұл түрін сақтау бойынша Қазақстан 1992 жылы Рио-де-Жанейрода қабылданған биологиялық әртүрлілікті сақтау конвенциясына қосылған. Ягуарларды табиғатта немесе жасанды ортада сақтау халықаралық талаптар негізінде жүзеге асуда. Бүгінде Қазақстанды мекендейтін Түркістан сілеусіні, қар барысы, манул, дала мысығы сияқты мысық тұқымдастар да ерекше қорғауға алынған.
АЛМАТЫ