• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Қаңтар, 2020

«Абай әр үйдің төрінде» кітап сыйлау акциясы басталды

368 рет
көрсетілді

С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Абай әр үйдің төрінде» кітап сыйлау акциясын бастады.

Аталған шара қазақтың ұлы ойшылы, философ, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай ақынның мерейтойын кең көлемде атап өту мақсатында ұйымдастырылуда. Акция аясында қоғамдық орындарда қала тұрғындары мен қонақтары арасында кемеңгер тұлға туралы сауалнамалар жүргізілуде. Сондай-ақ шара барысында Абай шығармалары, соның ішінде өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқыған, композитордың әндерін нақышына келтіре шырқаған қала тұрғындары мен қонақтарына Абайдың кітаптары сыйға берілді.

Акцияның алғашқы шарасы Павлодар қаласындағы «Batyr mall» сауда және ойын-сауық орталығында өтті. Ең алғашқы болып сауалнамаға жауап беруші – Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің 2-курс студенті Ділнәз Кәрімова ақынның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін мәнерлеп оқып берді.  

- Мен Абай атамыздың бірнеше өлеңін жатқа білемін. Қазақтың басқа да классик қаламгерлерін сүйіп оқимын. Соның ішінде Абай атамыздың орны бөлек. Тау тұлғаның шығармаларын әр қазақ білуі тиіс. Ол ұлтымыздың темірқазығы, - деді Ділнәз Кәрімова.

Кітапхана басшысының орынбасары Баршагүл Байжанова сауда орталығында айналасы бір сағаттың ішінде 20 шақты кітап сыйға тартылғанын айтты.

- Бүгін акциямыздың алғашқы күні. Сауда үйінде шараға қатысушылардың саны көп болды. Көбісі ақынның өлеңдерін оқуда. Кейбір қатысушылар Абайдың әндерін орындады. Жалпы, жауап бергендердің басым бөлігі жастар. Жас буынның Абай шығармашылығын білгені көңіл қуантады. Бұл акцияның астарында үлкен мән бар. Ұлы ойшылдың кітабы әр үйдің төрінде тұруы тиіс, - деді Баршагүл Балтағұлқызы.

Айта кетейік, «Абай әр үйдің төрінде» акциясы жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Акция қоғамдық орындарда ұйымдастырылатын болады. Кітапхана ұжымы Абай шығармашылығын көпшілік арасында насихаттау мақсатында бірқатар тың жобаларды әзірлеуде. Соның бірі Брайль қарпі бойынша көзі көрмейтін және нашар көретін оқырмандарға арналған Абай өлеңдерінің топтамасы. Аталған жоба бойынша бүгінде облыстық кітапханада қызу жұмыс жүргізілуде. Бұдан да басқа Абайдың 175 жылдығына арналған қызықты жобалар кітапхана оқырмандары мен Ертіс-Баян өңірінің тұрғындарына алдағы уақытта ұсынылатын болады.