Атырауда өткен жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев атындағы III республикалық театр фестивалі – «Рухани жаңғыру» аясында аймағымызда ұйымдастырылған дәстүрлі ірі мәдени шаралардың бірі. Тоғыз театрдың басын қосқан өнер аламанының бел ортасында болып, бес күн бойы көрнекті қаламгердің шығармашылығымен тыныстадық. Той тарқады, көңілде көрікті ой қалды.
Аяқталмаған ән
Фестиваль шымылдығын Нұр-Сұлтан қалалық Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры «Әміре» қойылымымен ашты. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жұманиязов. Басты рөлді сомдаған – актер Қ.Бұғыбай.
Әміре – Францияда. Париж консерваториясының профессоры, француз әйелі бір топ өнерпаздармен аудармашы арқылы тілдесіп: – Кешіріңіздер, мұндай ғаламат дауыстың болуы мүмкін емес! Ол тамағына дыбыс күшейткіш салып алған! – деп Әміреден көзін аудармай, ұзақ қарап қалды. Әншінің жанындағылар: – Біттің, Әміре дос, мына ханым қазір сенің аузыңды ашып, көмейіңді қопарады, – деп күліп, әзілге кезек береді.
Иә, француздарды осылай таңғалдырып қайтқан әйгілі Әміре ғой ол. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы Жапал рөлін алғаш болып сомдаған оның арманы асқақ еді...
Драмада 1925 жылы Парижде өткен дүниежүзілік көрмеде кеңестік делегацияның құрамымен бірге өнер көрсеткен Әміре Қашаубаевты сол елде эмиграцияда жүріп, елді сағынған Мұстафа Шоқай іздеп келеді. Алғашқы және ақырғы кездесу. Әншінің бұдан кейінгі он жыл өмірі тыңшылардың тепкісінде ит қорлықпен өтеді. Айыптың басы – Мұстафамен танысып, бірге суретке түсіп, оның аманаттап тапсырған хатын елге жеткізгені.
Қойылым соңында Әміренің сахнада аунап-қунап сағынышын басып: – Сенде кеудеме сыймай соққан жүрегімнің дүрсілі бар. Өзіңе табан басқанымда бар қайғы-қасіретімді ұмытып, халқымның қошеметінен төбем көкке жеткендей болушы еді. Қайран бұйырмаған дүние-ай! Қайран Төлеген, Шеге! Ақан сері ағатайым! Өмірге ән болып келген Әміре, ән болып кетті дегейсіңдер, деп қайыр-хош айтысуы көрерменді мұңайтты. Өнер бәйгесінде театр ұжымы І орынды иеленді.
Сексеуілге балта өтпейді
Фестиваль барысында Түркістан қалалық Р.Сейтметов атындағы сазды драма театры сахналаған «Мұстафа Шоқай» драмасының да көрермені болдық. Мұстафаның жас кезін Ж.Маханов ойнаса, орта жасын М.Құрманбеков сомдады. Қоюшы режиссеры – А.Наурызбаев.
Қоғам қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, Т.Рысқұлов және М.Шоқайдың мәжілісінде олардың бірігуге анттасуы – драмадағы тарихи оқиғалардың басым тұстарының бірі.
– Аз халықтың серкесі болғанша, көп халықтың еркесі болған жақсы екен, дүние-ай! – деп кеудесі күйінішке толған Мұстафаның көрешегі көп болды. Дәм айдап, немістің де нанын жеді. Сол жерде тұтқынға түскен қандастарына кезікті. Концлагерьдегі тесік төбеден су сорғалап, бұрыштан егеуқұйрық жорғалап, қабырғасы көгерген дымқыл, сызды жерде биттеп, кірден шіріп иістеніп, қотырдан қышынып, жұқпалы дерттен, аштықтан өлімші халге жеткен тұтқындарға қарап, жаны түршікті. «Мұстафа, бауырым!» деп аңқылдап, өзіне қарай емпеңдеп жүгірген қазақтың көз алдында оққа ұшқанын да көрді. Көре-көре көңіл суынды, жүрек қарайды.
Кең ашылған қазақы құшаққа еніп, мол жайылған дастарқан басында малдас құрып отырып, дархан даланың саф ауасымен кеудесін керіп тыныстай алмай, шеттеп жүріп, шерменде боп өткен есіл ерге туған жердің торғын топырағы да бұйырмады. Бұл да өмірдің өксігі ғой.
Міне, «Мұстафа Шоқай» драмасынан алған әсеріміз осындай.
Өрмекшінің торы
Жетісай қалалық Қ.Жандарбеков атындағы драма театры көрерменге «Түнек торы» (Нашақор туралы новелла) драмасын ұсынды. Басты рөлді жас актер С.Әріпханов сомдады. Қоюшы режиссері – Е.Қабдыл.
Қойылым бір топ жас пен тәртіп сақшысының арасындағы қақтығыспен басталды. Келесі көріністе арбаға таңылған профессордың отбасындағы мамыражай тіршілікке көңіл аудардық. Бас кейіпкер Жалқытай ата-анасына Тоғжан есімді бойжеткенді таныстырды. Дастарқан басындағы жаймашуақ бұл басқосуды кенеттен соғылған қоңырау үні бұзды. Телефонның арғы жағынан естілген «қарызыңды қайтар, әйтпесе...» деген өктем дауыс шаңырақтың жалғыз ұлын түн төрінде сайран құрған нашақорлар әлеміне сүйреп әкетті. Айдың-күннің аманында бота тірсек бозбала өрмекшінің торына барып топ ете түсті. Бұл шырмауықтың ішінде пайдакүнемдік, екіжүзділік, сатқындық, сайқалдық, алдау, арбау... небір пәленің бәрі бар. Бұл тор маңына жуығанды он орап алады. Жарығы жоқ түнектен кері жол тауып, шығып көр...
Пьеса авторы адасып барып тәубеге келген Жалқытайдың өксікке толы жас өмірін суреттеу арқылы батыр халықтың бүгінгі ұрпағына тажал болып төнген нашақорлықты қоғамнан аластауға үндейді. Үздік сценография аталымының жеңімпазы болған жетісайлық театрдың қойылымына жиналған жастардың көптігі бізді қуантты.
Соңғы аялдама
«Фариза ақын неге жалғыздықты таңдады?» деген сұраққа жауап іздегендер жанында жүрген жігіт-желең арасынан дос таба алмай, қарындасқа мұңын шаққан Мұқағали Мақатаевтың «Фаризаға» деген өлеңіне үңіледі. Пәни дүниеден пәруана боп өткен ақынның қаламдасқа деген қамқор көңілінен, тілеулес ниетінен сыр іздейді. Мүмкін өр мінезді қыздың мысы басып, маздаған бір сезім жігіт кеудесінде тұншығып жатып сөнді ме екен?.. Пенделер осы жайтты білуге неге құштар?
«Фариза мен Мұқағали» драмасы осындай тұманды ойлардан арылтып, адамдар арасында сезімнен де биік тұратын рухани жақындықтың барын алға тартады. Жеткізбейтін дүниені қуып, жанталасып жүргендермен ісі жоқ, өлеңнен берік қамал тұрғызып, өздерінің әлемінде өмір сүрген қос ақынды өзара мұң тарқатуға жетелейтін де осы поэзия құдіреті.
Фестиваль барысында бұл қойылымды екі өнер ұжымы – Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры мен Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры көрермен назарына ұсынды. Екі қойылымның да режиссері – Н.Жұманиязов. Мұқағали рөлінде А.Иманқұлов (Маңғыстау), Н.Қалкенов (Қарағанды) ойнаса, Фариза рөлін Э.Керімбаева (Маңғыстау), Д.Заитова (Қарағанды) сомдады. Өнер додасында қарағандылық актриса Д.Заитова «Үздік әйел адам бейнесі» аталымы бойынша марапатталып, ал Ақтау театры ІІ орынды иеленді.
Темірбектің тілегі
Ақтөбе облыстық Т.Ахтанов атындағы драма театры «Темір-Нарком» тарихи драмасын сахналады.
Темірбек Жүргеновтей көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің сахналық образын жасау үшін автор көп ізденді. Режиссер қанша уақытын сарп етті екен? Ал актер ше, ол қандай сезімді бастан кешті? Қойылымнан кейін басты рөлді сомдаушы 28 жастағы жас актер Н.Өтеғұловпен аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.
– Қоюшы режиссер М.Хабибуллин маған ұсыныс білдіргенде аз-кем ойланып қалдым. Бұл кісі өмірде болған адам. Көзін көргендер бар. Сондықтан нақты деректерге жүгініп, жіті зерттеуді қолға алдық. Тарихшылармен кездестік. Оның еліміз үшін қандай істер атқарғанын толықтай білген кезде шынымды айтсам, көзіме жас алдым. Маған «Темкең болмағанда бізде өнер болар ма еді?» деген ой келді. Ол кісінің киесінен қорықтым. Оның үстіне естуіміз бойынша, Р.Отарбаев сондай кісі... премьера ұнамай ма, орнынан тұрып кетіп қалады. Осыны да ойлап қатты уайымдадым.
Автор көзі тірісінде өзі қойылымды көріп, бағасын беріп кетті. Көрсетілімнен кейін талқылау болған кезде Рахымжан ағаның айтқан бір сөзі көңілімді босатты. Ол кісі «Мен Темірбекті Ақтөбеден таптым» дегенде еңкілдеп жыладым. Өте ауыр дүние. Мұндай үлкен пьесаны бір сағат он бес минутқа сыйғызу да – режиссердің шеберлігі. Рөлді ойнау барысында мінезім өзгерді. Өйткені өмірде жұмсақ адаммын. Темірдей қатты, тісті адамды сомдау үшін маған үлкен дайындық керек болды, дейді актер. Ақтық мәреде ақтөбелік театр ІІ орынды иеленіп, актер Н.Өтеғұлов «Үздік ер адам бейнесі» аталымы бойынша марапатталды.
Сұлтанның сағынышы
Сахнада – құл базары. Қожайын сатуға шығарылған құлдардың бәсін белгілеуде. Кезек Бейбарысқа жетті. Тәртіп бойынша шыққан тегін түгендеп, Жамақ ханның ұлы екенін айтқан бозбаланы кекетіп, мұқатқан шонжар:
– О-о-о, ханның ұлымын де! Өзіңді зор санап тұрсың ғой.Түсір төмен басыңды! –деп бұйырып, жанарына мұң тұнған бозбалаға көз тоқтата қарады. Сол сәтте оның түюлі жұдырығына назары түсті.
– Қолыңда не бар? Қане, көрсет!
Бұйрық екі рет қайталанған соң, Бейбарыс амалсыз алақанын жазып көрсетті. Қолына қысып ұстағаны – шөкімдей ғана бір уыс шөп екен.
– Иісі қандай жаман еді?! Құрт көзін!
Қожайын бозбаланың қолын қағып жібергенде, алақандағы жусан жерге төгіліп түсті. Бұл үстемдікке Бейбарыс іштей ширығып, есейіп, алдағы көрежақ күндеріне тас-түйін боп бекініп, белін буды. Басты рөлді сомдаған актер С.Тавгеньнің өзіне сенімділігі бізді оқиғаның қоюланар жуан ортасына қарай жетелей түсті.
Ақмола облыстық орыс драма театры сахналаған «Бейбарыс сұлтан» драмасының өзіндік жаңалығы мол болды. Адамзатпен бірге туып, бірге жасап келе жатқан бақталастық пен жаугершілік заманның қиян-кескі ұрыс қимылдарын шалт қозғалыс, қылыш, садақ, ой, музыка, пластика арқылы бейнелеп, көрерменге тілсіз түсіндіру – қоюшы режиссер О.Луциваның сәтті шешімдерінің бірі болды. Бұл еңбек бағаланып, ол «Үздік режиссер» атанды.
Бас пен бәс
Жоғалған басқа бәс тігілген күнді де көрген бұл қазақ. Мұндайда аяқ астынан жоқ іздеушілер де табылады. Сүйіншіге берілер доллардың буы қойсын ба, жұрт алаөкпе шабысқа түсіп, бас іздеп жүр...
Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық Қазақ драма театры сахналаған «Бас» драмасын көріп отырмыз. Дүркін-дүркін сахнадан Махамбеттің жалынды жырлары хормен айтылып, заманның зары санада жаңғыра түседі.
Шолақ ғұмыр шолтаң ете түскенімен, көзінің тірісінде Махамбет бабамыз ғазиз басын ешкімге қорлатпаған болатын. Көресіні өлген соң көрді… Р.Отарбаевтың «Бас» деп аталатын сюрреалистік драмасында батырдың рухын мазалаған тірілердің хикаясы баяндалады.
Археолог Ноэль, бас сүйектен ат-тондарын ала қашып, кейін оны жабылып, сабылып жүріп іздеген шенеуніктер (бүгінгінің Ықыластары), ауыл ақсақалы Құрақ қарияның дұға-тілегі, Жәңгір хан, бейбіт күннің Исатайы мен Махамбеті, аманатқа адал Дәулет... бірі түңілдіреді, бірі сүйіндіреді.
Қойылымнан жас актерлармен бірге әлі де сапта келе жатқан аға буын өкілін көріп, көңіл сүйсінді. Ұстаздары мықты бұл шәкірттер шаш селдіреп, шаттық сиреген кемел жаста да еңбекқорлығымен дараланып тұрады. Сондай талантты тұлғаның бірі – Шымкент театрының ақсақал актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәжит Ілиясқаров. Фестивальды қорытындылау сәтінде Құрақ рөлі үшін М.Ілиясқаров «Көрермен көзайымы» атанды. «Рахымжан Отарбаевтың Руханият қоры» тағайындаған арнайы жүлде режиссер Қ.Қасымовқа берілді. Театр ұжымы ІІІ орынды иеленді.
Жалғыздық
Фестивальдың шымылдық жабар қойылымы – Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық драма театры сахналаған «Жалғыздық» драмасы болды. Қоюшы режиссері – М.Томанов. Басты рөлде – актер Б.Зинуллин, Ана бейнесінде – актриса Г.Көшербаева ойнады. Сондай-ақ пластика арқылы бас кейіпкердің өткен шағы мен арман-аңсарын бейнелеп жеткізер жиынтық образды сомдаушы бір топ актерлар құрамының да (Е.Шаманов, А.Бәдел, Е.Жұматов, т.б.) атқарған өз миссиясы бар.
Жазушы, драматург Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» шығармасы анасы Шәменнің (Шәмсия) рухына арнап жазылған болатын. Режиссер М.Томанов осы негізге сүйене отырып, көрерменге екі дүниеден бір-біріне қол созған ана мен бала арасын жалғап тұрған жібек жіпті – ғұмырлық махаббатты ұғындыруға күш салды. Шығармада өзен жағасында қайық күткен жолаушы бұл сапарға отбасымен шықса, сахналық нұсқасында ана рухымен оңаша сырласады. Бұл пьеса сөзді көп керек етпейді, бас кейіпкердің ара-тұра көмейінен лықсып шығатын жалғыз ауыз сөзі жеткілікті, түсінікті.
– Атыраулық театр халықтың зор сүйіспеншілігіне ие болды. Көрермен талғамын осындай туындылармен көтеру керек. Әлемдік масштабтағы қойылым болды деп баға беремін, – деді Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әділқазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов.
Ал жазушының қызы, журналист Қарагөз Рахымжанқызы болса: – Соңғы уақытта әкем шаршадым деп көп айтатын. Мен оның өмір бойы анасын аңсап, жоқтап өткенін жақсы білемін. Шағын әңгімеден сахналық туынды жасап, көп сөзсіз-ақ әкемнің жан жарасын, сағынышын жеткізе білген атыраулық театрға рахмет! – деп қойылым соңында өз әсерімен бөлісті.
Байрақты бәйгеде мерейі үстем болған атыраулық театр Бас жүлдені жеңіп алды. Әділқазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов айтқандай, бұл жетістік – өнер ұжымының маңдай терін бес сылып алған әділ жеңісі!
... «Жалғыздық» драмасы ішкі сарайыңды мұңға орап, көп ішінде жалғыз, жалқы екенімізді еске салады. Дара дауысымыз естілмей, тобыр арасына жұтылып, жоғалып бара жатқанымызға өкіндіреді. Жан-жағыңда – жыртқыштар, айналаң толған ит-құстар... мейірімге мұқтажбыз. Кең дүние тарлық етіп, бір-бірімізді иығымызбен қағып өтіп, күресу мен тіресуден қалжыраған тәнімізді оңаша аралға жеткізер қайық керек, қайық!
Әдебиет әлемінің аса ірі өкілі, драматург Рахымжан Отарбаевтың ұлттық драматургияға қосар үлесі, тындырар тірлігі әлі де алда болатын. Сөз зергерінен күтеріміз көп еді. Алайда, жазарын сарқып жазып кеткен жампоз бар ма?! Оның да сүрлеп сақтаған ең сүбелі дүниесі, ең соңғы сыры өз бойында кетті. Ғұмыр бойы іздеген жоғын тауып, көңілі жайланардай талпындырған жетпістің жағалауы жеткізбеді...
Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ
Атырау