1980-жылдардың ортасында «Комсомольская правда» газеті Мәскеу тұрғыны, Жуковский атындағы әуе-әскери академиясының түлегі, техника ғылымдарының докторы, профессор, полковник Раунақ Есенберлинге өз өміріне әсер еткен тұлға жайлы естелік жазып беруді өтініпті. Раунақ көкеміз әрі-бері ойланып «Мен үшін ерекше адам» деген тақырыппен жалғыз ағасы, тау тұлғалы жазушы Ілияс Есенберлин жайлы қалам тартқан екен.
Бұл жазба 2015 жылы, яғни Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына орай Нұр-Сұлтан қалалық Тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Руханият» орталығы құрастырған жинаққа, Ахмет Дүйсенбаевтың қазақшалауымен жарық көрді. Биыл заңғар жазушының 105 жылдық мерейі. Осы орайда өмірдің небір ауыр тауқыметін бастан өткере жүріп, кісіліктің туын жықпаған, бірі – қазақ тарихының әдеби-көркем нұсқасын жасап, ұзақ жыл отарлану салдарынан талқандалып, жойдасыз тапталған ұлт санасын қайта тірілтсе, екіншісі техника саласының маманы ретінде өнертапқыштығымен тарихта қалды.
Ағасы жайлы жазған құнды естелігінде Раунақ: «Біз ерте жетім қалдық. 1920 жылы әкеміз, 1924 жылы анамыз дүниеден өтті... Жетім қалған бізді алдандыру үшін Ілияс ертегі айтатын. Ертегілері өте қызық жəне бітпейтін. Мен оның осыншама көп ертегі білетініне таңғалатын едім. Кейін түсінгенім: ол ертегілерді өзі ойлап табады екен. Болашақ жазушының табиғи дарыны сол балалық шақта қалыпты» депті.
Расында, «Арманың қаншалық асқақ болса, астыңдағы арғымағың да соншалық шабысты келеді» деп ұлы қаған Шыңғыс айтқандай, Ілиястың бала кезінде арманы асқақ, қиялы жүйрік, танымы тұңғиық, зердесі терең болғанын іні сөзінен аңғарамыз. Олай болмағанда, жеті ғасырлық жабық тарихқа тыңнан түрен салмас еді.
Оның сыртында Ілияс ес білгелі ел ішіндегі есті адамдардың сөзіне құлақ түріп, көне эпостық жырлардың рухани нәріне сусыны қанып, халқымыздың азаттығы үшін арпаласқан арыстар жайлы жақсы қаныққан. Бұл туралы іні естелігінде: «Атбасардан 40 шақырым жерде «Балуан көл» дейтін ауыл болды. Осында көп жыр айтатын Қақбай деген адам тұрды. Ілияс алғаш рет Асан қайғы, Бұқар жырау, Едіге, Қобыланды, Абылай, Кенесары, т.б. «Алтын Орда» мен «Көшпенділер» трилогиясының кейіпкерлерін Қақбайдың аузынан естіді» дейді.
Шын мәнінде, Ілияс Есенберлин өзіне дейін жан баласының тісі батып, жазуға қуаты жетпеген тың тақырыпқа бойлау арқылы өзі де зор тұлғаға айналды. Жазушы Қабдеш Жұмаділов: «Алпысыншы-жетпісінші жылдарда тарихи романдар көшін бастаған Есенберлин ұлттық сананың оянуына, тарихи зерденің жаңғыруына өлшеусіз үлес қосты. Кейде осы кісі маған кешегі Ахмет пен Әлиханның сарқыты сияқты көрінетін» десе, інісі Раунақ көзін ашқалы өз халқының қасіретті тұрмысын көріп, ол жұртының жеті ғасырлық аласапыранға толы тарихын қопаруы тегін емес. Ілияс өз мамандығы тау-кен инженерін атқарып, жанын бағып жүре берсе кім кінәлар еді? Оған дәті бармады. Өйткені біреудің қайғысына ортақтасу Ілиястың ерекшелігі болатын деп толғайды.
Уақыт өтіп, заман өзгерсе де адамның санасына өшпес із тастаған бәзбір оқиғаның табы кете қоймайды-ау. Мысалы, Раунақтың естелігінде: «Оқу жылы басталды. Күздің қара суығы. Мен мектепке жалаңаяқ келдім. Сабақ аяқталғанда далада қар жауды... Ағам мені арқасына отырғызды да жүріп кетті. Жолдың үштен бірін өттік. Үй әлі алыс. Ағам шаршады. Ол аздай қатты суық аяғымды қарып шыдатпады. Ағама мені жерге түсіруін өтіндім. Ол көнді, мен жүгіре жөнелдім. Одан әрі не болғаны есімде жоқ. Үшінші күні есімді жидым...» Қандай қиын күндер.
Әсіресе аштық жылдары 16 жастағы Ілияс шеткі қазақ ауылдарынан Қарсақпайға ағылған аш халыққа жаны ашып, халықты аштықтан құтқаруды өтініп аудандық партия хатшысы Теляевқа хат жазып, шырылдайды. – Бір күні – дейді Раунақ естелігінде: «Ілияс үйге 5-6 жаста баласы бар бір адамды ертіп келді. Ол кісі «Барлық туыстарым аштан өлді. Мына бала өлсе, әулеттің тұқымы құрығалы тұр» де күңіренді. Оған қолұшын бермеуге дәтіміз бармады. Оны аман алып қалдық».
Қос ғаріп осылай ер жетіпті. Раунақ ағасынан кем соқпаған үлкен ғалым. Атақты «Кировец» тракторын жасап шығарғандардың бірі және «Боран» атты ғарыш кемесі көкке көтерілгенде оның өртке шыдамды сыртқы қабыршық қабаты Раунақ ойлап тапқан құпия материал екенін ел біле бермейді.