Аумағы атшаптырым мейрамхананың іші араның ұясы тәрізді гүж-гүж етеді. Амандық-саулық сұрасқан, келер-кетері жоқ бос әңгімеге берілген жұрт сәлден соң құстың сүтінен басқаның бәрі табылатын, шанышқыңды жантайтып жайғастырар бос жері жоқ аста-төк, мол дастарқан басына қонақтаған. Жемей тоқ, ішпей мас. Көңілдері көктем.
Асабалар сөз бастады. Өзге өңірді қайдам, Көкшетаудың асабаларының кіріспе сөзі бір-бірінен аумайды. Мәтіні мықты. Тек жаттанды болған соң ба, тыңдағың келмейді-ақ. Өз жанынан шығарып, бір ауыз сөз айта алмайтын «шешендер» халықты мезі еткелі қашан? Біз ғана емес, тойға жиналған көпшілік те пәлендей селт еткен жоқ. Әлден уақытта қобызшы қыз шықты. Ән Меккесінде қобыз қат, қобызшы сирек, таңсық дүние болған соң еріксіз құлақ түргенбіз. Тұрымтайдай түйілген қобызшы қыз бәлкім оқушы, әлде облыс орталығындағы колледждердің білім алушысы ма екен, кім білсін, әйтеуір жап-жас бала. Әп еткен бетте булығып, бауыр жаза алмағандай болып көрінгенімен, бара-бара құйтақандай қобыздың шанағынан төгілген ғаламат әуен мейрамхананың ішіне кең жайылып бара жатты.
Бозінген
Күй тарихынан сәл-пәл хабарымыз бар еді. Есте жоқ ескі кезеңде ел ішін жұт жайлапты. Тігерге тұяқ қалмаған. Тұтас ауылды жұттан жалғыз жаны аман қалған бозінген асыраған. Күндердің бір күнінде бозінгеннің емшегінен сүт шықпай қалады. Жалғыз інгеннің несібесімен күн көріп отырған дүйім жұрттың жандары мұрындарының ұшына келсе керек. Көпті көрген бір ақсақал айтыпты: «алты қырдың ар жағында бір қобызшы бар, соны алдырыңдар» деп. Жаяулап-жалпылап, ат түйедей қалап қобызшыны әкелген. Күйші қобызын бауырына қысып алып сарнатқан. Ғаламат күй тыңдаған жанның тұла бойын қорғасындай балқытқан. Адамды ғана емес, бозінгенді де. Күй әуенімен балқыған інгеннің емшегінен сүт саулап қоя береді. Ал бозінген болса, ботасын іздеп боздап тұр.
Күйдің бозінгенді идірген жері тіпті сұмдық. Жүйкеңді жеп жібереді. Ел басына күн туған шақ көз алдыңа келіп, еңіреп жібере жаздайсың. Тек түсініп, түйсіну керек. Әлден уақытта көз салсам, біздің дастарқандағы да, қатарлас иін тіресіп отырған өзге жұрт та күйді тыңдап отырған жоқ екен. Өз-өздерімен мәз-мейрам. Ендігі арада бозінгеннің боздауы мына жұрттың рухани әлеміндегі саңылауды іздегені тәрізді көрініп кетті. Ілкідегі аңыз желісінде айтылатын күй құдіреті бозінгенді идіргенімен, бүгінгі жұртты еліктіре алмады. Құдіретінен айырылғандықтан емес, көкіректегі көздің жабылғанынан.
Енді аңғардым, қобызшы қыздың алдына табақ қойылған екен. Кейінгі он шақты жылдың төңірегінде Көкшетауда осындай дәстүр пайда болды. Әдейілеп ақысын төлемесе де, мейрамханадан мейрамхана қоймай жағалай жүріп өнер көрсететін өнерпаздар пайда болды. Әнші дейсің бе, биші дейсің бе, бәрі бар. Үй иесіне де икемді, қалтасынан шығарып қаражат төлеп жатқан жоқ, өнерді түсінетін, бағалайтын ағайын ұлттық валютаның бірер теңгесін шығындап, ықылас білдіреді.
Көпшілік мәз-мейрам болған тойдан мысымыз басылып, ұнжырғамыз түсіп қайттық. Құлағымызға қайта-қайта талып жетіп, күй сарыны маза бермей келеді. Адамзат баласы санасыз санайтын бозінгеннің тамырын балқытқан қайран құдіретті күй саналымыз дейтін жұрттың жүрегіне жетпеді-ау! Енді қайттік...
Ақмола облысы