• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Қаңтар, 2020

Қызмет барысында қаза тапты

184 рет
көрсетілді

Қостанай облысында өз әйел, бала-шағасын өлтірмек болған қаскөйдің қолынан полиция қызметкері қаза тапты. Қаңтардың 19-ына қараған түні ащы суға сылқия тойып алған 28 жастағы Тобыл қаласының тұрғыны өз үйінде жанжал шы­ғарып, отбасы мүшелерін пышақтап тастамақшы болады. Пышақ алып шығу үшін үйіне кіргенде, туыстары оны сыртынан құлыптап, полиция шақырған. Құрамында Дархан Базарбаев пен Амангелді Сыз­дықов бар патруль жасағы оқи­ға орнына 6 минут ішінде жетеді.

– Үй иесін ұстау, қауіп­сіз­дендіру кезінде полиция сержанты Дархан Базарбаев пышақ жарақатын алады. Қаскүнемнің суық қаруын тартып алып, қолына кісен салып, отбасын ажалдан құтқарып үлгерген тәртіп сақшысы өзінің жаралы екенін кейін бір-ақ біледі. Бір отбасын ажалдан құтқарып қалған сержанттың өзі сол жерде көз жұ­мады. Дереу жеткен жедел жәрдем қызметі де оның өміріне араша бола алмады. Қазір күдікті қамауда. Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша қылмыстық іс қоз­ғалып, сотқа дейінгі тер­геу жұмыстары басталды, – дейді облыстық полиция департаменті басшысының кеңес­шісі Елена Кашарина.

Полиция сержанты Дархан Базарбаевтың артында анасы мен жары, 4 айлық ұлы қалды.

 

Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ

ҚОСТАНАЙ