• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қаңтар, 2020

Солтүстік Қазақстанға өңірлерден 736 отбасы көшіп келген

280 рет
көрсетілді

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алынған мәліметтерге қарағанда Солтүстік Қазақстанның әлеуметтік – экономикалық дамуы былтыр 2018 жылмен салыстырғанда негізінен өзгеріссіз қалған.

2018 жылы облыста жұмысқа жарамды 311,3 мың адам болса, 2019 жылы ол сәл ғана өзгеріп, 312,2 мыңға дейін артқан. Жұмыссыздық деңгейі былтыр 2018 жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендеп, 4,8 пайызды құраған. Бұл көрсеткішке жұмыссыздардың республикадан тыс, сыртқа кеткендігі де әсер еткен.

Жұмысқа орналасқандар саны 2018 жылы 29692 болса, былтыр біршама азайып, 28246 адам болған. Жаңадан ашылған жұмыс орындары да былтыр 2018 жылмен салыстырғанда аздау. Алдыңғысы 12244 болса, былтыр ол 12023 болыпты.

2018 жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына 26,3 мың адам қатысқан болса, былтыр оның саны 23,7 мың адамға дейін азайған. Соның ішінде 44,8 пайызы жұмыссыздар, 55,2 пайызы өзін-өзі қамтығандар. Кәсіби оқумен қамтылғандар саны 1800 адам, 727 адам жеңілдетілген несие алған. 

Былтыр облысқа республиканың басқа өңірлерінен көшіп келгендер саны артқан. 2018 жылы олардың саны 1396 адам болса, 2019 жылы олардың саны 2223 адамға жетті. 2020 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мәліметке қарағанда көшіп келген барлық 736 отбасы «көшіп келушілердің квотасына» енгізілген. Көшіп келушілердің негізгі бөлігі, яғни 288 отбасы Түркістан облысынан келген. Екінші орында Нұр-Сұлтан қаласы, одан келгендер 117 отбасы, қалғандары Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарымен Шымкент қаласынан келген. 

Көшіп келгендердің ішінде 1107 адам жұмысқа қабылетті жастағы адамдар. Соның ішінде 616 адам тұрақты жұмыстарға орналастырылған.

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысына келген оралмандардың саны 189 адам. Олар 83 отбасын құрайды. Оралмандардың көбі, яғни 83 адам (34 отбасы) Қытайдан келген. Моңғолиядан келгендер саны 60 адам, олар 16 отбасын құрады. Сонымен қатар Ресейден 29, Өзбекстаннан 15 адам көшіп келген. Осылардың ішінде квотаға енгізілгендер саны 110 адам, олар 47 отбасын құрайды.   

Көшіп келушілер үшін республикалық бюджеттен 503,7 млн теңге бөлінген, соның ішінде көшіп келу шығындары – 193,2 млн, тұрғын үйді жалдау шығындары – 218,5 млн, жұмыс берушіге берілген субсидия -  92,0  млн теңге. Бөлінген қаражат тұтастай игерілген.

2020 жылдың басына дейінгі мәліметке қарағанда облыста атаулы әлеуметтік көмек 27774 адамды қамтыған 5897 отбасына берілген. Бұл мақсатқа 2,4 млрд теңге жұмсалған.  Сонымен қатар көп балалы және аз қамтылған отбасыларға жергілікті бюджет, бизнес қауымдастығы тарапынан демеушілік және қайырымдылық көмектер ұйымдастырылып, барлығы 1,4 млрд теңге бөлінген.

Әрине, көшіп кетушілер саны жалғасып, жалпы халық санының азаюы тоқтамай тұрғанымен өңір халқының әлеуметтік қорғалуы жалпы республикалық деңгейден сәл ғана төмен екендігі көрініп тұр. Егер «солтүстік коэффициенті» сияқты толғағы жеткен қосымша төлемдер берілсе, терістіктің жандана түсері сөзсіз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы