• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қаңтар, 2020

Авторлық құқық аяқасты болды ма?

532 рет
көрсетілді

Қазақстан Орындаушылар одағының (КОУПИС) қызметі дауға айналды. Осыдан 10 жыл бұрын құрылған орындаушылардың құқығын қорғауға тиіс ұйым басшылығы отандық өнер иелерін қаламақыдан қағып келген көрінеді. Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал эстрада әншісі Мейрамбек Беспаев өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.

Айта кетейік, бұдан бірнеше күн бұрын ұйымның ең жоғары басқару органы – құрылтайшылардың жалпы жиыны жасақтаған басқарма мүшелері Қазақстан Орындаушылар одағы төрағасымен жүздеспек болып басқосқан еді. Алайда тіпті кей орындаушылар бет-жүзін көріп-білмеген төрағаны жиын төрінен таба алмады. Ашуға мінген өнер иелері сол басқосуда одақ төрағасы етіп бірауыздан М.Беспаевты сайлап алған болатын.

Оны «МұзАрт» тобының мүшесі Мейрамбек Беспаев тағы сол Instagram парақшасында хабарлады. «Бүгін өнерде жүрген барша әріптестерім ұсыныс жасап, бірауыздан дауыстарын беріп, мені Қазақстан Орындаушылар одағының (КОУПИС) басқарма төрағасы етіп сайлады» дей келе М.Беспаев қазіргі таңда аталған қоғамдық ұйымның қаржылық жағдайы нашарлағанын, бұдан қалды біраз құрылымның алдында қарызы барын, әншілер мен ән өңдеушілердің алдында беделі төмендегенін жеткізеді. «Менің мақсатым – ұйымның жұмысын жақсарту арқылы қазақтың төл өнерін дамыту, өнерде жүрген әншілердің құқығын қорғап, тиісті шаруаларын шешу болып отыр» дейді әнші.

Бұдан соң әншінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Мәжіліс депутаты Зағипа Балиеваға қарата айтқан жазбасы пайда болды. Қоғамды жалт қаратқан да осы жазба. «Құрметті Зағипа Яхияқызы! Мен 2020 жылдың 15 қаңтары күні Қазақстан Орындаушылар одағының басқарма төрағасы болып сайландым. Дауыс беруге ұйымның ең жоғары басқару органы – құрыл­тай­шылардың жалпы жиыны жасақтаған басқарма мүшелерінің барлығы қатысты. Сайлау өткізуге қажетті кворум болды. Барлық регламент пен заңдылық толықтай сақталды. Хаттама толтырылып, мені бас директор қызметіне кірісуім туралы бұйрық та шығып қойды. Енді келіп бұрынғы басшылық жаңа басшылыққа қарсы қоқан-лоқы көрсетіп, әртүрлі жағымсыз әрекеттер арқылы қарсылық көрсетуде» дей келіп, оның артында депутаттың ұлы тұрғанын жазды.

Түсінгеніміздей, "Даудың басы Дайра­бай­дың көк сиыры" демекші, автор­лар­дың қаламақысына қатысты болып отыр. Алайда «КОУПИС» РҚБ-ның ресми сайтында басқарма төрағасы З.Балиеваның ұлы Данияр Балиев емес, Арман Жанатбекұлы Кенжебаев есімді азамат екені көрсетілген.

Өз кезегінде З.Балиева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында «Дәл қазір мен Мей­рамбектің қоңырау шалғанын күтіп отырмын. Мына жерде он адам болып жиналып отырмыз. Мен әлеуметтік желіге өз телефонымды салып, маған қоңырау шалуын сұрадым. Енді бәріміз Мейрамбектің қоңырауын күтіп отырмыз. Оның қандай арыз-талабы бар екенін білгіміз келеді» деген еді.

«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Әншінің бұл бастамасына «бір терінің пұшпағын илеп жүрген» әріптестері де қолдау білдірді. Одақ мүшесі Мұқасан Шахзадаев «31 телеарна» мен tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында «Қанша жыл бойы әншілердің сыйақысын төлемеуі туралы жиын болды. Оның алдында тек кішігірім ақы төленген. Кейін 4-5 жыл бойы ешқандай қаражат төленбеді. Кейінгі жылдары ешқандай сыйақы төленбегендіктен дау басталған. Әншілер сол ұйымға тіркеледі. Яғни, менің орындауымда қанша ән болса, соның барлығы тіркеледі. Сол әндердің қолданылуына қарай ақы төленеді» деді.

Жиынға қатысқандар қатарында әнші Жеңіс Ысқақова да бар. Оның айтуынша, төленбей келген қаржының кем дегенде жартысы төленіп, егде жастағы өнер иелеріне қолдау ретінде жұмсалуы тиіс. «Біз сеніп, тіркеліп, сол ұйымға мүше болдық. Тоғыз жылдан бері қаламақының қайда кеткенін сұрадық. Жиында «Басшылық біздің алдымызда жауап бере алмаса, заң алдында жауап берсін» деп айттым. Осы күнге дейін біздің қаламақымызды ақыры құртқан екен, енді соның ең болмаса жартысын қалпына келтіріп, қор ашылсын» дей келе «Енді әншілердің сыйақысын қалпына келтіре ме, жоқ па – кім біледі? Бірақ тым болмаса бір бөлігі қалпына келтіріліп, жаңадан қор ашылуы керек» деген пікірді ұстанады Ж.Ысқақова.

Өнер айдынында өзіндік өрнек қалдырған Өмірқұл Айниязов: «Ұйым ашылғалы әркімге әртүрлі қаржы түскен. Негізі мардымсыз: біреуге 5 мың, біреуге 10 мың, ең көбі сол 30 мың теңгедей түскен. Соңғы бір жылдықта мүлде төленбеген. Ол ұйымның адамын да танымаймыз. Оның басшысы өнерді түсінетін адам болуы керек деп есептейміз. Барлығы ашық түрде болса деген ой. Біз қыруар қаражат алсақ деп ойламаймыз, әрине. Тек бізден кейін келе жатқан жас әншілер өз құқықтарын білсе дейміз» дейді өз ойымен бөлісіп.

Бірнеше күнге созылған пікірталас ақыр соңы оң шешімін тапқан іспетті. Бұл туралы М.Беспаев әлеуметтік желідегі жеке парақшасында баяндады. «Кешелі бері Қазақстан Орындаушылар одағы маңындағы өрбіген жағдайға байланыс­ты келесіні хабарлаймын. Бүгін ұйымның бұрынғы басшылығымен кездесу өткіздім. Барлық мәселе бойынша келіссөз жүріп, ортақ шешімге келдік. Біріншіден, менің заңды түрде басшы ретінде әділет органдарында тіркелуіме бұрынғы басшылық ешқандай кедергі келтірмейтін болды. Екіншіден, одақтың басқа ұйымдар мен құрылымдардың алдындағы міндеттемелерін бұрынғы басшылық және біз екі жақтап шешетін болдық» дей келе «Бір елдің балалары болғандықтан, сөзге тоқтаған текті халықтың ұрпағы болғандықтан, біз ортақ мәмілеге келдік. Сол себептен қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, құрметті апайымызға қатысты кеше жариялаған пос­тымды алып тастаймын. Кеше орын алған мәселені әрі қарай ушықтырмай, тез арада шешілуіне ықпал еткен Зағипа Яхияқызына алғыс айтамын! Мені қолдап, жылы сөзін аямай жатқан барлық ағайынға Алла разы болсын» деді әнші.

P.S. Ақынға – ұтымды сөз, сазгерге – әуезді саз, өңдеушіге – шынайы шеберлік, орындаушыға – тыңдарманның жүрек-кілтін іздеткен, табан ет, маңдай термен жарық көрген әсерлі ән радиода, телеарналарда, мейрамханалар мен тойханаларда күнде орындалады. «Әннің де естісі бар, есері бар…» дейміз көңілге қонбаса. Естісінен бұрын, сол әннің иесі бар-ау деп қаламақысына кім бас қатырыпты? Ойланарлық жайт.