Президенттік жастар кадр резервіне мүшелікке қабылданған азаматтар жауапты қызметтерге орналаса бастағаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зор үміт артқан мұндай жастардың қатарында Ержан Әбілханов та бар. Бүгінде Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымын абыроймен атқарып отырған азаматпен әңгімелескен едік.
– Президенттік жастар кадр резервіне мүшелікке өту үшін нендей сыннан өттіңіз?
– Pkrezerv.kz сайтында Президенттік жастар кадр резервіне өтініш қабылданатынын естіген соң, бағымды сынап көруге бел байладым. Тіркеліп, өтініш бердім. Өтініш қабылданған соң, қатысушы 5 іріктеу кезеңінен өтуі керек екен. Алғашқы 4 кезең онлайн-режімде жүргізілді. Кандидаттардың қабілеттерін тестілеу, тестілеуді верификациялау, жобаларды ұсыну және эссе жазу. Жоба ұсыну кезеңінде өз саламыз бойынша түйіні тарқамаған мәселенің оң шешімін табу жолын қарастырдық. Ал жобам жергілікті қамту мәселесіне қатысты еді.
– Қолға алған жобаңыз нені көздейді?
– Ол кезде Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығы басшысының орынбасары, сарапшы болдым. Естеріңізде болса, былтыр қыркүйекте Президент Қ.Тоқаев Атырау қаласына жұмыс сапарымен келіп, ірі мекемелердің жабдық сатып алу, жұмысқа қызметкерлерді қабылдау ісіндегі қазақстандық кәсіпкерлер мен азаматтардың үлесі көп болуына қатысты мәселе көтерген болатын. Сол сапарында Мемлекет басшысы Тengizchevroil, «Қарашығанақ Петролеум» сынды ірі компаниялардың басшылық қызметінде қазақстандық азаматтар болуы керектігін алға тартты. Міне, Президенттің осы бастамасын жүзеге асыруға қатысты Жол картасы есебінде жобаны қолға алдым. Ұсынған жобам да сол болды.
– Өзің таңдаған салада қол жеткізген табыстарыңның біріне тоқталып өтсең.
– 2010 жылы Ресейде мұнай саласындағы компанияда қызмет еттім. Компанияның сол кездегі шешілмей жүрген мәселесі – өндірілетін мұнайдың айлық жоспарын шығару болды. Мұнай көлемі дұрыс есептелмеген, көп не болмаса аз болған жағдайда компания ауқымды айыппұл төлеуге мәжбүрленетін еді. Көп жағдайда қолмен санауға тура келді. Сол кезде біз арнайы жұмыс тобын құрып, АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланд елдерінен келген және жергілікті ресейлік мамандармен бірлесе отырып, мұнай көлемін есептеудің толық циклді моделін жасап шығардық. Нәтижесінде, компания 15 жылда алғаш рет айыппұлдан арылған болатын.
– Жастар кадр резервіне мүшелікке өткен кезде қандай сезімде болдыңыз?
– Әрине қуанышымда шек болмады. Қуанышпен қатар, өз мүмкіндігіме, қабілет-қарымыма деген сенімділік пайда болды. Жоғарыда айтқанымдай, Президенттік жастар кадр резервіне мүшелікке өтініш берген кезде Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығы басшысының орынбасары болсам, үш айға созылған іріктеу кезеңі барысында Энергетика министрлігіне қарасты Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры болып тағайындалдым. Ал енді Президенттік жастар кадр резерві құрамына қабылданғаннан кейін 17 қаңтардан бастап Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалдым.
– Алдағы мақсатыңыз қандай?
– Ендігі арман-мұратым туған халқыма абыроймен қызмет етіп, өзіме артылған сенімді ақтай білу. Бұған дейін жиған тәжірибемді, алған білімімді ел игілігі жолында жұмсауға барымды саламын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Рауан ҚАБИДОЛДА,
«Egemen Qazaqstan»