Араға 65 жылға жуық уақыт салып Гаэтано Доницеттидің әйгілі туындыларының бірі «Дон Паскуале» қазақ сахнасына қайта оралды. Бұл жолғы қойылымның артықшылығы сонда, аталған операда сахнадағы 3D эффектілер, театралдық заманауи технологиялар ғана қолданып қоймайды, операдағы қазақ әншілерінің интеллектуалдық әлеуетіне салтанат құрғызған премьера болып тұр.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының 86 маусымының жаңа премьерасына айналған операны бұл жолы италиялық режиссер, сценограф, костюмдер жөніндегі дизайнер Маттео Маццони сахналады.
Бүгінгі таңда «Дон Паскуале» әлемдегі ең танымал италиялық жиырма операның біреуі және жыл сайын 150 елдің театрында қойылады.
Осы арада оқырман үшін де, көрерменге де қызықты деректерді айта кетуге болады. «Дон Паскуале» Доницеттидің ең соңғы операсы деп есептелінеді. Шындығына келсек, Гаэтано Доницетти аталған операдан кейін де үш бірдей опера жазған. Алайда ол қойылымдардың барлығы қазір сахнада жоқ. Сондықтан да «Дон Паскуале» Доницеттидің соңғы шығармасы болып қала бермек. «Дон Паскуале» танымалдылығы жағынан Доницеттидің «Махаббат сусыны» мен «Лючии ди Ламмермур» туындыларынан кейінгі орында тұр.
Өз кезегінде италиялық режиссер, сценограф, костюмдер бойынша дизайнер Маттео Маццоне: «Дон Паскуале» маған Алматы қаласымен және оның тамаша театрымен танысуға мүмкіндік туғызды. Менің бұрын да Қазақстанға жолым түскен болатын. Алматы осындағы бүкіл ұлттың мәдени астанасы екендігі жайлы жиі естуші едім. Қазір Алматының неге олай есептелетінін жете түсінемін. Мен ғажайып таланттардың, космополит адамдардың ортасына тап болдым. Қазақстандық актерлардың еңбекқорлығына таңғалдым. Тіпті өздерін аямай жұмыс істейді. Ұйықтамаса да дайындықта жүреді. Ізденімпаздықтан бөлек, қазақ жастары өте білімді екен. Ағылшын тілін жақсы біледі. Және өздерінің мәдени болмысы мен ежелден келе жатқан дәстүрлерін де сақтап қалған. Бұл театрдағы жұмысым мен үшін аса тартымды тәжірибе болды. Мәселен, бұл жерде суретші өзін еркіндікпен толық көрсете алады. Ол өзін еститінін біледі және түсінеді», дейді.
Италиялық режиссердің артықшылығы сонда, ол сахналық костюмдердің қыр-сырын меңгерген маман ғана емес, актерлік шеберлік бойынша мықты ұстаз. Ал бұл біздің қазақтың опера әншілеріне италян тілінде сахнаға шыққан «үш бөлімді драма-буффаны» нәшіне келтіріп орындауға ғана емес, актерлық тұрғыда да шеберліктерін шыңдай түсуге септесіп отыр.
Маттео Маццони бұл операны бүкіл тарихқа өткен ғасырлардағы әйелдерді азат ету символы ретінде Норинаның көзімен қарау деп түсіндіреді. Осы арқылы бүгінгі көрермен 1800 және 1950 жылдар аралығына саяхат шегіп, бүгінгі 2020 – яғни, заманауи Италияның сән-салтанатына ортақтасады.
Жаңа қойылым италиялық атмосфера мен стильді қамти отырып, күрделі сценографиялық сюжетті құрайтын көптеген спец-эффектілер мен «уақыттан уақытқа ауысатын» қозғалыстарға да ие. Заманауи технологиялар опера әлемімен үйлестіріліп, танымал суретші Лука Атилидің бейне проекциялармен толықтырылған.
– Үш ғасырға кезегімен ауысып отыратын уақытқа саяхат идеясын біз костюмдердің дизайнерлік шешімдерінде, әртүрлі дәуірдің сәніне сәйкес материалдар мен өрнектері арқылы жүзеге асырдық. Мұның бәрі «Дон Паскуале» операсының ажарын ашып, әсерін жандандырады, – дейді Маттео Маццоне.
Осы арада түсінікті болуы үшін айта кетелік, «Дон Паскуале» операсы қазақ сахнасына 1955 жылы шығып, 2 жылдан кейін репертуардан түсіп қалған.
Ал бүгінгі көрермен бірінші рет театр тарихында спектакльдің бутафорлық шешімдеріне ризашылықпен қол соққанын көрдік. Сахнада алғаш рет зәулім үй тұрғызылып, қойылымның барлық әрекеті сән-салтанаты келіскен үйде өрбиді. Операның басты кейіпкері Дон Паскуале кейінгі ХХ ғасырдағы 50 жылдардың рухын сездіру үшін сахнаға VESPA мопедімен шыққанын да көреміз.
Бұл опера ешқашан өзектілігін жоймайтын қу дүние, ақша, байлық, әйел азаттығы жайында болмақ. Түбінде арманы мен махаббатына қатар қол жеткізетін Норинаның рөлін сопрано дауысты солистер Зарина Алтынбаева мен Анастасия Кожухаровалар орындайды.
Операның өне бойында көрермендер Норинаның сәт сайын әйелдік дәменсіздігінен қуат алып, ғасырлармен бірге өзгергеніне куә болмақ.
Операда «бельканто» деген термин бар. Мұны біздің дәстүрлі әншілердің тілімен айтқанда нәшіне келтіріп орындау, яғни даусың жетсе орындайсың.
«Дон Паскуале» – Абай атындағы опера және балет театры әншілерінің шамасын сынайтын спектакль.
Доницеттидің өзі «үш бөлімді драма-буффа» деп атаған операсында көрермендер бас кейіпкерлер – қарт Дон Паскуалемен (Таир Тәжі, Ильяс Артағалиев), оның жас жиені Эрнестомен (Дамир Садвакасов, Артур Габдиев), айлакер дәрігер Малатестамен (Эмиль Сакавов, Олег Татамиров) және Норина сұлумен (Зарина Алтынбаева, Анастасия Кожухарова) кездеседі.
«Дон Паскуале» операсының премьерасы Алматы «Алма-Ата» болып тұрған сонау 1955 жылы театрда екі жыл сахналанып, қайта жаңартылмаған.
Осылайша сан жылдардан кейін Гаэтано Доницеттидің ең жақсы операларының бірі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасына қайта оралды.
АЛМАТЫ