• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қаңтар, 2020

Ақын тойы туған топырағында жалғасты

633 рет
көрсетілді

«Абай тойы – халық тойы. Бұл ойдың тойы.

Биылғы жылдың ең басты мерейтойы – Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы 21 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Арқа төрінде салтанатты түрде басталған еді. Алаштың астанасынан бастау алған мерейтойлық шаралар эстафетасын 22 қаңтарда ақынның туған топырағы Шығыс Қазақстан облысы бірден іліп әкетіп, өңірдің қалалары мен аудандарында бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды.

Ұлы ақынның мерейлі мерейтойына арналған шаралар легі облыс орталығы – Өскемен қаласынан бастау алды. Шаһардағы зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, жастар, қаланың қарапайым тұрғындары Республика алаңындағы һәкім ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті.

Мыңға жуық адам жиналған салтанатты шара Өскемен қалалық Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сариннің құттықтау сөзімен ашылды. «Арқа төрінен бастау алған ақын тойы бүгін міне, Алтайда, Абай елінде жалғасып жатыр. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы атап өткендей,  биыл өңірімізде Абай тойына арналған 500-ден астам іс-шара өтеді. Өскемен қаласы әкімдігінің де өз жоспарлары бар. Қала көлемінде 100-ге жуық ірілі-ұсақты мәдени іс-шаралар Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына арналады. Сондықтан біз ұлы ақынның жерлестері ретінде мойнымыздағы жауапкершілікті жақсы сезінуіміз керек» деді ол.

Бұдан кейін Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі, профессор Сіләмбек Оразалин сөз алып, жұртшылықты мерейтоймен құттықтап, Абайдың «Есіңде бар ма жас күнің» өлеңін мәнерлеп оқып берді. Ақын ескерткіші алдындағы шара алаңдағы жұрттың қосыла шырқаған «Көзімнің қарасы» әнімен түйінделді. Бұл күні облыс орталығындағы мәдени ошақтардың, білім нысандарының барлығында дерлік тағылымды, мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мәселен, А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада филология ғылымдарының кандидаты Люция Абдуллинаның «Заманауи оқудағы Абай» атты интерактивті, авторлық дәріс-әңгімесі мен журналист, абайтанушы, сөзжұмбақ құрастырушы Қалибек Алтыбаевтың жетекшілігімен «Мен бір жұмбақ адаммын...» сөзжұмбақ сайысы өткізіліп, шараға келушілер Абай шығармашылығы бойынша латын әліпбиінде диктант жазды.

Ал Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада абайтанушы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері бас қосып, әуелі 1954 жылы түсірілген «Абай» тұңғыш деректі фильмін тамашалап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласын жан-жақты талқылап, ойларын ортаға салды. Дөңгелек үстел барысында «Абай сөзі – рухани жаңғырудың темірқазығы», «Хәкім Абайдың тәлімдік идеясы», «Абай әлемі – ұлт мақтанышы», «Абай тағылымы – зерделі ұрпақ негізі» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасалды.

Алаштың рухани астанасы атанған Семей қаласында Абай тойының басталуына орай елімізге есімдері кеңінен танымал өнерпаздардың қатысуымен үлкен концерт өтті.

Мәдени шараға облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат қатысып, әлемдік деңгейдегі ой алыбының мерейтойын жоғары деңгейде өткізу ақынның жерлестері үшін үлкен жауапкершілік жүктейтіндігін атап өтті.

«Абай тойы – халық тойы. Бұл ойдың тойы. Абай тойы тағылымымен, үлгі-өнегесімен ел есінде қалуы тиіс. Осы орайда ақын мерейтойы облыстың әр қаласында, әр ауданында жоғары деңгейде аталып өтетін болады» деді ол.

Концертте Ерлан Рысқали, Гүлмира Сарина, Әділ Тұрғанбаев, Берік Омаров сынды дәстүрлі әншілермен қатар «Астана Опера» театрының Медет Шотабаев, Жұпар Ғабдуллина секілді өнерпаздары облыс әкімінің симфониялық оркестрі, Семей қаласындағы Ә.Қашаубаев атындағы филармониясының «Бибігүл» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Абай әндерін әуелете шырқады.

Жалпы, бұл күні өңірдің барлық қала-аудандарында Абай тойының ресми басталуына орай көптеген іс-шаралар өткізілді.

 Шығыс Қазақстан облысы.