• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қаңтар, 2020

Жаңа туындылар таныстырылды

528 рет
көрсетілді

Қызылордадағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясы, «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаят­­тар», «Алаштың асыл мұрасы» атты туындылардың тұсаукесер рәсімі өтті.

Зиялы қауым өкілдері жиылған шарада облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов ұлт руханиятының бесігі саналатын өңірдегі бұл бастама өзге ай­мақтар үшін үлгі болатынын атап өтті.

– Бүгін қолымызға тигелі отырған үш кітап та көп ізденіс пен еңбектің ар­қасында жарық көріп отырған құн­ды дү­ниелер. «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы шеңберінде баспа жүзін көрген бұл туындылар өткенімізді танымаққа талап қылған оқырманның танымын байытары анық, – деді Наурызбай Сейіт­қалиұлы.

Облыстық мәдениет, архивтер жә­не құжаттама басқармасы әзірле­ген «Қа­сиетті Қазақстан» энцикло­педия­сының үшінші томына Сыр өңіріндегі сақ, оғыз, қаңлы тайпалары, Қыпшақ мемлекеті тұсындағы стратегиялық маңызды қала­лар мен сәулет өнері ескерткіштері туралы деректер топтастырылған. Кітапқа жал­пыұлттық және өңірлік мәні бар 84 нысан еніп отыр.

Ал «Алаштың асыл мұрасы» жина­ғына Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеу­ұлының ел арасынан жинаған түрлі әдебиет үлгілері, көне араб әліпбиінде хатқа түсірген шығармалары және Алаш қайраткерлерінің XX ғасыр басындағы туындылары топтастырылған. Кітапты құрастырған белгілі түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосан.

«Сыр бойының сакралды ескерт­кіштері: мифтер, аңыздар, хикаялар» жинағы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты стра­те­гиялық мақа­ласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнаулы жобасы аясында әзірленген. Әр кезең мен түрлі тақырыптағы фоль­клорлық мұраларды бір арнаға тоғыстырған құнды жинаққа былтыр «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевтың бас­тамасымен ұйымдастырылған этно-фольклорлық және археографиялық экспедиция материалдары пайдаланылған. Бұл бастамаға тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас басқаратын облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының мамандары да үлкен үлес қосқанын айта кетейік. Жергілікті өлкетанушылар мәліметтері, облыстық және аудандық музейлер мен архив деректері, Алматы, Ташкент қалаларындағы сирек қорлар материалдары, тарихи фотосуреттер топтастырылған кітапқа өткен ғасыр басында жарық көрген И.Кастаньенің, орта ғасыр ойшылы Жамал Қаршидің, Хиуа тарихшысы Әбілғазы Бахадүр ханның еңбектерінен Сыр бойы ескерткіштері мен көне қалаларға қатысты материалдар мәтіндері еніп отыр.

Тұсаукесер рәсімінде философия ғы­лымдарының докторы Баймырза Қо­жамберлиев, жазушы Сайлаубай Жұ­батырұлы, Тұрмағамбет шайырдың не­мересі Шалқыма Әбдірауықова сөз алып, аймақтың мәдени өміріндегі айтулы жаңалыққа тілектестіктерін білдірді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА