«Алматы» ауданы әкімдігінің қызметкерлері қала тұрғындары және қызмет көрсетуші ұйыммен бірге «Біз біргеміз» челленджі аясында Мұстафин көшесіндегі аулалық аумақты қардан тазалады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Белсенді қызметкерлер елорда жастары бастаған челленджді қостап, #БізБіргеміз хештегімен өзге де мекемелерді науқанға қатысуға шақырды. Аталмыш шара елорда көшелерін қардан тазартуға және коммуналдық қызмет жұмысшыларына қолдау көрсетуге бағытталған.
Күні кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасында бастаманың волонтерлер жылына сай екендігін атап өтіп, #БізБіргеміз хештегімен видео жариялау ұсынысын қолдайтындығын білдірді.
Айта кетейік, елорда еріктілерін алғаш қолдағандар қатарында белгілі әзіл-сықақшы, тележүргізушісі Тұрсынбек Қабатов, журналист, тележүргізуші Асхат Садырбай , «Назар аудар» театрының әртістері болды.