• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қаңтар, 2020

Ұлттық классика жауһары «Абай» операсы көрерменге ұсынылды

322 рет
көрсетілді

Ұлы ақын, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының ресми ашылуы  «Астана Опера» сахнасында Мемлекет басшысы мен Елбасының қатысуымен өткен болатын.

Театр ұжымы  ұлы ақынның 175  жылдық мерейтойына арнаған іс-шараларын Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің әйгілі «Абай» операсынан бастап Ұлттық классика жауһары көрерменге ұсынды.

«Абай» операсында басты кейіпкер Абай партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев орындады. Әлеуметтік әділетсіздіктің құрбаны  Айдар партиясын орындаған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш.

Ал үстем таптың өкілі, озбырлығымен, әділетсіздігімен танылған Жиренше бейнесін – Талғат Ғалеев сомдады.

Көрген күні азап пен ауыртпалыққа толы кейіпкер Ажар бейнесінде театр солисі «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Капонованың дебюті сәтті шықты.

Операда  шынайы өмірдегідей өзіндік ой пікірі жоқ, сырты «әдемі»  көрінгенімен, іші көреалмаушылыққа толы, бәз біреулердің айтағымен жүріп, тек кереғар тірлік жасап, зиян іспен айналысатын кейіпкер бар. Ол - Әзім. А.Жұбанов шығармасында Әзім ролін театр солисі  – Бейімбет Таңарықов ұсынды.  Қарлығаш ролін – Салтанат Мұратбекова, Көкбайды – Ержан Саипов, Сырттанды – Болат Есімханов, Нарымбетті – Ерұлан Камел, Месті – Шыңғыс Расылхан сынды солистер орындады.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры халықаралық байқаулардың лауреаты Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен өнер көрсетті.

Айта кетейік, «Астана Операда» Мұхтар Әуезовтің либреттосына сахналанған спектакльдің премьерасы 2015 жылдың 25 қыркүйегінде өткен болатын.

Қойылымның музыкалық жетекшісі – театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев, қоюшы режиссер – Джанкарло дель Монако (Италия). Кеңесші режиссер – Қазақстанның Халық әртісі Есмұқан Обаев. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Қоюшы режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов, жауапты концертмейстерлер – Елена Сахно, Ирина Кургузкина.

Операның көркемдік безендірілуін жасаған шығармашылық тандем – танымал сценограф Эцио Фриджерио мен «Оскар» сыйлығының лауреаты, костюмдер бойынша суретші Франка Скуарчапино (Италия).