• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Қаңтар, 2020

Ауылды жаңғыртуға 900 млрд теңге бөлінеді

445 рет
көрсетілді

Елордада 2017 жылдан бері Еуропалық одақтың қаржы­ландыруымен Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында қолға алынған «Шығыс және Орталық Қазақстанның жергілікті деңгейіндегі мүдделі тараптардың белсене қатысуы» және Маңғыстау облысында «Ауылды бірлесе дамыту» жобалары қорытындыланып, конференция ұйымдастырылды.

Оған Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Ал­пысов, Қазақстандағы Еуро­­­палық одақ өкілдігі Ынты­мақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Мэдсен, Мәжіліс депутаттары Меруерт Қазбекова және Айзада Құр­манова, ха­лық­аралық сарапшы Алекс Михайлов (Болгария), Ақпа­рат және қоғамдық даму ми­нистрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төра­ғасы Әлия Ғалымова қатысты.

– Аймақтардың дамуы ең алдымен тұрғындардың әлеуетін арттыру мен олардың тұрмысын жақсартуға бағыт­талуы тиіс. Азаматтық қоғам­ды өзін-өзі басқаруға тарту – ашықтық принципін қа­лып­тастыруға негіз болады. Сондықтан жүзеге асқан бұл жобалар аса маңызды және аймақтардың дамуына, жергілікті өзін-өзі басқаруға айтарлықтай үлес қосады. Біздің тарапымыздан да бұл бағытта бірқатар жұмыс жүр­гізілуде. Әлемдік тәжірибе аң­ғартып отырғандай, мем­лекеттік ұзақмерзімді жоспарлау, әлеуметтік-экономикалық дең­гейді жоғарылату – даму­дың сапалы болжамымен қа­тар жүруі қажет, – деді Е.Ал­пысов.

Оның айтуынша, өткен жылы қазанда Мемлекет бас­­шысы Қасым-Жомарт То­қаев 2030 жылға дейінгі ел­дің аумақтық-кеңістіктік да­муының жаңа болжамдық үл­гісін бекітті. Ол өз кезегінде мем­­лекеттің басқарылатын урбандалу картасына айналады.

2025 жылға дейінгі аймақ­тарды дамытудың жаңа мем­лекеттік бағдарламасы қабыл­данды. Осы күні урбан­далу процесі дүниежүзілік дамудың негізгі трендіне айнал­ған­дықтан, бұл бағдарлама өзін­дік өсім нүктелерін дамыту арқылы сапалы урбандауға бағытталған. Е.Алпысов ел аумағында мұндай 38 ур­бан­далған аймақтың назарға алынғанын жеткізді. Со­ның ішінде 4 ірі агломера­ция, 14 ірі қала және 14 урбан­дал­­ған аймақ (шағын қала­лар, моноқалалар, ел шекарасы аумағында орналасқан қалалар), тірек ауылдар бар.

Мемлекеттік бағдарлама­ны қаржыландыру қалалық инфрақұрылымды, ірі қалалар маңын, моно және шағын қалаларды, шекара бойындағы елді мекендерді дамытуға ба­ғыт­талады. Ур­бан­далу деңгейі қазіргі 58,2%-дан 2025 жылға дейін 62%-ға артуы тиіс.

Бұл ретте ауылдық аумақ­тарды дамыту барысы да назар­дан тыс қалмайды. Тұң­ғыш рет бағдарламаға «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы енгізілді. Ал ауылдық инфра­құрылымды модернизациялау жұмыстары өткен жылы басталды. Жоба шеңберінде даму әлеуеті бар деп баға­ланған 3500 тірек, серіктес және шекара аумағындағы ауыл­дар айқын­далды. Онда шамамен 7 млн адам (елдегі жалпы ауыл тұрғындарының 90%-ы) тұрады.

Е.Алпысовтың айтуынша, өткен жылы ірі 53 ауылда 520 жоба жүзеге асыпты. Атал­ған ауылдарда 73 мектеп, балабақша, 14 емхана, 47 мә­дениет үйі мен спорттық нысан жөндеуден өтті. Сондай-ақ 500 шақырымнан астам жол, 35 шақырым су және өзге де инженерлік желілер жөнделіп, құрылысы қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жал­ғасын табады.

Осылайша 2027 жылға дейін әлеуеті бар деп ірікте­лініп алынған 3500 ауылды жаң­ғырту жұмыстарына 900 млрд теңге бөлу жоспарлану­да. Бұдан бөлек, тірек ауыл­дардағы әлеуметтік, ин­же­нер­лік және тұрғын үй ин­фрақұрылымын дамы­ту­ға «Нұрлы жол», «Нұр­лы жер» сынды өзге мемлекет­тік бағ­дар­л­амаларда қарастырыл­ған қаржыны бағыттау көзде­лу­де.

«Агроөнеркәсіптік кешен­дер­ді дамыту», «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдар­ламалары, түрлі аймақтық бағ­­дарламалар арқылы кәсіп­кер­лікті қолдау мен ауыл тұр­ғындарын тиімді жұ­мыс­пен қамту мәселелері жал­­ғасын табады. Осы күні аумақты дамытудың жаңа фор­маттағы бағдарламасын әзір­леу жұмысы белсенді жү­руде. Жаңа форматта ин­ди­каторлар көлемі азайып, аймақтың қауіп-қатерлер кар­­тасы, өзіндік ерекшелігі ес­керіледі. Нақ сол аймақ тұр­ғындарының түйткілді мәсе­лелерін анықтап, түйінін тар­қатуға күш салынады.

Аймақтық дамытудың не­гізгі элементтерінің бірі – жер­гілікті өзін-өзі басқару ісін да­мыту. 2020 жылдан бастап 2356 аудандық маңызы бар қала­ларда, ауылдарда, кенттер мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілді. Қа­нат­қақты жоба 2018 жылы бас­талып, 1055 ауылдық округ­­­ті қамтыды.

Қазіргі таңда Қазақстанның бюджеттік жүйесі толықтай 4 деңгейлі. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін қалыптастырудың негізгі мақ­саты – жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дер­­бестік деңгейін жоғары­лату, жиындар, кездесулер, бас­қосулар арқылы әр тұр­ғын­­ның пікірін ескере отырып, жергілікті мәселелерді шешу. Бұл процеске аудандық маңызы бар қалалардың, ауыл­дар мен кенттердің тұрғын­дары жұмылдырылмақ.

–  Өткен жыл қорытындысы бойынша, қанатқақты жоба аясын­да қамтыған 1055 ауыл­дық округтің жалпы кірісі 163 млрд теңгеге жетті. Соның 20%-ы (33 млрд теңге) – дербес кіріс саналады. 2018 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 14%-ға артты. Осылайша ауыл тұрғындары бюджет қара­жатын, жиналған қаржыны қай­да бағыттау керектігін (ба­лалар ойын алаңын орнату не болмаса жол жөндеу, тағы бас­қа) өздері шешетін болады, – деп түйіндеді Е.Алпысов.

Аталған қос жоба ауылдық елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа ме­ханизмдерін енгізуге және шешім қабылдау процесіне тұрғындарды қатыстыруға бағытталды. Осылайша жобаларды қорытындылау кон­ференциясында негізгі нәти­желер айтылып, ин­клю­зив­ті даму жоспарларын жүзеге асыру және ауыл кәсіп­кер­лерін қаржылай қолдау бары­сындағы мәселелер тал­қы­ланды.

– Біз осы жобалар арқылы Қазақ­стандағы азаматтық қоғам мүмкіндіктерін артты­ру­ға қосқан үлесімізді мақ­тан тұтамыз. Бұл жобалар жер­гілікті билік пен жергілікті қоғам­дастыққа өзара даму ба­сымдықтары мен өмір сапасын жақсарту бойынша ортақ түсінікке келуге ұйыт­қы болды. 2015 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары Қазақ­станда жергілікті өзін-өзі бас­қару­дың қарқынды дамуына жол ашты. Өткен жылдың желтоқсан айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билік азаматтық қо­ғаммен сындарлы сұхбат құ­руға мүдделі екенін айтты. Қоғам­ның қатысу процесін дұрыс жүргізген жағдайда бар­лық тараптарға нақты пайда әкелетіні сөзсіз, – деді Й.Мэдсен.

Осылайша «АРГО» Аза­мат­тық қоғамды дамыту қа­уым­дастығы», «Маңғыстау об­лыстық Азаматтық альянсы» ЗТБ, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалау қоры», «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» ҚҚ және «ЭКОЦЕНТР» Қарағанды облыстық экологиялық орта­лығы тарапынан жүзеге асы­рыл­ған қос жобаның жалпы бюджеті – 928 412 еуроны құраса, оның 832 570 еуросын Еуро­палық одақ өз мойнына алып қаржыландырды.

Нәтижесінде 23 қанат­қақты жобаға қатысты ауыл­дардың инклюзивті жоспарлары жасақталып жүзеге асырылды. Жергілікті маңызды мәселелерді шешу бойынша 90 қоғамдық талқылау өткізіліп, 23 ауыл кәсіпкеріне жалпы сомасы 32 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Қаржылай қол­дау алған кәсіпкерлер ауыл тұрғындарына қызмет көрсе­тіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті бюджетті толықтырып, өз бизнестерін сәтті жалғастыруда.