Елорда әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорда мен елді-мекендерді тұрғын үй, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз етуге аса назар аударды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қаланы аралау кезінде барлық елді-мекендерге барып, тұрғындармен кездестік. Олардың айтқандарын ескере отырып, қалада не салу қажет екендігін шештік. Жөндеу жұмыстарын жасай отырып, 100-ден аса көше саламыз. Балалардың оқуына жайлы жағдай жасау үшін 6 мектеп саламыз. Сонымен қатар 5 медициналық орталық саламыз. Сондай-ақ келесі жылыту маусымы басталғанға дейін бірқатар елді-мекендерді газбен қамтимыз», - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Екінші. Қолжетімді баспанамен қамту. Қолжетімді тұрғын үйге кезекте тұрған адамдардың санын барынша азайту қажет. 2019 жылы 2900 адам пәтер алды. Жеңілдікпен ұсынылатын баспана құрылысы көлемін 3 есе арттырамыз.
Үшінші. 2020 жылы 12 мектептің құрылысы аяқталып, 8 мектептің құрылысы басталады. Қауіпсіздікпен қамту үшін барлық әлеуметтік нысандарды бейнебақылау камераларына қосу қажет. 800 орынға есептелген көпбейінді аурухананың құрылысын бастау керек. Әлеуметтік нысандардың құрылысына жеке қаражат тарту. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша түсіндірме жұмыстарын жалғастыру.
Төртінші. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру қорын қалыптастыру, азық-түлік жәрмеңкелерін ұйымдастыру және басқа да шаралар қабылдау.
Бесінші. Тұрғындар мемлекеттік қызметтерді үйде отырып алуы үшін оларды автоматтандыру. Сондай-ақ, 112 байланыс орталығын құру қажет. Бұл орталық қызметтердің жұмысын жеңілдетіп ғана қоймай, тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет етуге көмектеседі.
Алтыншы. Бірінші кезекте қала экономикасын дамытуға септігін тигізетін, қала тұрғындарының арасында сұранысқа ие инвестициялық жобаларды қолдау керек. Кәсіпкерлерге жағдай жасау мақсатында iQala-да орналасқан «бір терезе қағидаты» бойынша жұмыс істейтін «бизнеске арналған Үкімет» жобасын дамыту керек.
Жетінші. Квазимемлекеттік сектор мен имидждік жобаларды оңтайландыру бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Үнемделген қаражат қала мен оның тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге бағытталады. Жобалардың қымбаттауына алып келетін тиімсіз жоспарлау үшін жеке жауапкершілікті бекіту.
Сегізінші. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес халықпен кері байланысты нығайту қажет. Азаматтармен кездесулер ресми сипатта болмауы шарт. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Президент берген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін жұмыстар атқарып жатыр.