• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қаңтар, 2020

Қыс қысымын адам күші жеңуде

481 рет
көрсетілді

Биыл «кәрі құдаң» Солтүстікте де әлек салып тұр. Облыс аудандарынан алынып жатқан хабарларға қарағанда қардың жолдарды жауып, боранның көз ашырмай тұрған кездері көп.

Бір қызығы облыс орталығының өз басында көз көрмеген, құлақ естімеген боран жоқ. Астаналық балалар үйден шыға алмай жатса қызылжарлық балапандар томпаңдап, сабақтарынан қалмай жүр. Бірақ күрт жаумаса да қар күнде 7-8 см жауады. Осының өзі ауаның да, қаланың да таза болып, үйге кіргің келмейді. Суық та шектен шыққан емес, көп болғанда 15-16 градустан аспай тұр. Бірақ алыс аудандардан келіп жатқан хабарлар мәз емес.  

Кеше ғана облыстың төтенше жағдайлар қызметінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камалов журналистерге брифинг беріп, облыс жолдарындағы жағдаймен және құтқару жұмыстарының қадамдарымен таныстырды.  Қаңтардың 23 мен 26 аралығында облыс жолдарында 25 жерде қар үйілудің салдарынан қатынас болмай қалған. Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметке түскен дабылдың арқасында 149 адам құтқарылыпты. Соның ішінде 61 адамға медициналық көмек көрсетілген. Боранның ұйытқуы әсіресе 26 қаңтар күні қатты болып, осы күні 27 адам құтқарылып, 14 жеңіл мәшине қар құрсауынан шығарылған. «Құтқару операцияларына барлығы 123 адам мен 59 техника қатыстырылды. Техникалар жалғыз ТЖ қызметінің емес, полция департаментінен, жол қызметтерінен және тұрғындардың жеке көліктері арасынан да тартылды. Жергілікті билік органдары да құтқару операцияларына белсенді қатысуда», деді полковник.   

Бүгінге дейін облыстың Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Шал ақын және Тимирязев аудандарындағы жағдайлар қиындық туғызуда. Бұлар аумағы жағынан облыстың оңтүстік аудандарына жатады. Қазір осы аудандардың бәрінде қар құрсауына түскендерді жылытып, тамақ беру пункттері ашылған екен.

Барлық облыс тұрғындарының смартфондарындағы «Дәрмен» қосымшасына төтенше жағдай туралы ақпарат үзіліссіз түсіп тұрады. Алайда кейбір адамдар олардың ескертпесіне құлақ аспай, жолға шығып кетеді.

Полковник Р.Камалов биылғы қыс түскеннен бері облыс жолдарында барлығы 53 төтенше жағдай болғанын жеткізді.  Соның ішінде 36 жағдайда қарға көміліп қалған автомобильдер қазылып алынған. 10 рет биік жолдан түсіп кеткен көліктер сүйреп шығарылған. Барлық құтқарылған адамдар саны 411, соның ішінде 43 бала. Құдайға шүкір, адам шығыны болған емес.

«Қазавтожол» ҰК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы да өз жұмыстарын тыңғылықты атқаруда. Әрине, қар қалың жауып, боран көзсіз бораған жерлерге олардың қолы толық жетпей жатқан кездері болады. Бірақ адамдар тұрып қалуы мүмкін деген тұстар үнемі бақылауда ұсталады екен. Бұл туралы аталмыш кәсіпорынның өкілі баяндап берді.

Жексенбі күні Ғабит Мүсірепов ауданында қар құрсауында 11 адам қалып, олардың бәрі аман-есен аудан орталығы «Новоишимский» селосына жеткізілген. Соның ішінде «Новоселовка – Шұқыркөл» бағытында «Мицубиси Паджеро» және «ВАЗ 2106» автомобильдері баратын жерлеріне 10 шақырым қалғанда қар тұтқынына қатар түскен. Жолаушылар смартфондарымен дабыл қағып, өздері қауіпсіздік нұсқаулығына сәйкес пеші жылы «Мицубисидің» ішіне кіріп отырған. Дабыл түскен бойында оларды құтқаруға ТЖ-ның «ТРЭКОЛ» атты батпайтын үлкен машинасы жіберілген. «Жол өте ауыр болды. Көз ашырмаған бораннан көрініс бір метрден аспайды. Біздің бар арманымыз қар көміп тастамай тұрғанда машаналарды табу болды. Соғып кетпес үшін оларға қатты жүріп баруға да болмайды, сөйтіп көп азаппен, ақырын жүріп барып таптық-ау. Алдымен адамдарды жылы кабинамызға мінгізіп, жылыту пунктіне жеткіздік», дейді ТЖ аудандық бөлімінің инженері, майор Мейрам Ғабдусаләм.

Мұндай оқиғалар бүгіндері ТЖ қызметкерлерінің күнбе-күнгі әрекеттеріне айналған.   

Ал мына ризашылық хат Рамил Камаловтың атына құтқарылған Мақсат Шопановтан келген екен. «Сіздің М.Жұмабаев ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері бас маман Д. М. Шурманбаевқа, аға инженер К. Ж. Кашеновке және СҚО ТЖД «112» жедел кезекшісі Жанат Сабитке үлкен ризашылығымды білдіремін, олар мені  және менің отбасымда қиындықта жападан жалғыз қалдырмады», делінген онда. Ылайым осындай алғыстар көп болғай.