Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының қатары толығып жатыр. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметі хабарлады.
Бас кеңес мүшелері федерация құрамына 15 мың кеншіні, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің жұмысшыларын біріктіріп отырған жаңа «Қазкөміркәсіподағы» көмір өндірушілер салалық кәсіподағын қабылдады.
Кеншілердің «Қазкөміркәсіподағы» жаңа кәсіподағы 2001 жылы құрылған «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағы базасында құрылды. Оның төрағасы Марат Миргаязов Кәсіподақтар федерациясы кеншілердің құқығын әрқашан қорғап отыратынын атап өтті.
«Біз Кәсіподақтар федерациясымен бірге екенімізді әрқашан сезінеміз. КФ арқасында кеншілердің көптеген мәселесі өз шешімін тапты», – деп атап өтті М.Миргаязов.
Өз кезегінде КФ төрағасы Ералы Тоғжанов еңбек адамының құқығын қорғаудағы кәсіподақтардың рөлін айрықша атап өтті.
«Қазақстандық кеншілер ең қауіпті және ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейді. Осы орайда олар өз құқықтарының сенімді қорғалуын қажет етеді. КФ мүше ұйымдардың алдында тұрған басты міндет - лайықты еңбек шарттарын құру, тұрақты жалақы және қарапайым еңбеккерлердің мүдделерін толыққанды қорғау», - деп атап өтті КФ басшысы.
Көмір өндірушілер кәсіподағы мүшелерінің пікірінше, «Қазкөміркәсіподағының» еліміздің Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіруі тау-кен металлургия өнеркәсібінің жұмысшыларының мүдделерін қорғауда күш біріктіруге және әлеуметтік әріптестіктің жоғары деңгейінде диалог жүргізуге мүмкіндік береді.
Т. Күзембаев атындағы шахтаның кәсіподақ комитетінің төрағасы Қалқаман Ахметов өз сөзінде кеншілердің жаңа салалық кәсіподағын құру туралы идея көптен бері ойда жүргенін алға тартты.
«Бұл шешім уақыт талабы мен кеншілердің барлық мәселесін шешу қажеттігінен туындап отыр. Яғни, жаңа қоғамдық бірлестік көп жылдан бері «Арселор Миттал Теміртау» АҚ кеншілерінің мүдделерін қорғап келе жатқан «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағы базасында құрылды. Күзембаев атындағы шахтаның кенжарында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжановпен кездесу барысында біз Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіру арқылы дұрыс шешім қабылдап жатқанымызға куә болдық. Осы жылдар ішінде ол - әр кеншімен сөйлесу үшін 600 метр тереңдікке түскен жоғары дәрежедегі бірінші басшы», - деді ол.
Ал И.Костенко атындағы шахтаның кәсіподақ комитетінің төрағасы Владимир Кооп «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағы металлургтердің салалық кәсіподағының құрамында бола тұра, кеншілер мәселелерін жоғарғы деңгейге шығаруда нақты шектеулерге үнемі тап болатынын жеткізді.
«Біз кеншілердің салалық кәсіподағын құру және оның Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіруі кеншілердің құқықтарын нақты қорғауға және олардың әлеуметтік кепілдерін ұлғайтуға мүмкіндік беретініне сенеміз. Себебі, Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестермен өзара ынтымақтастықтың жоғары дәрежесіне қол жеткізді деп есептейміз», - деді ол.
«ҚРКФ мүше болу арқылы қарапайым кеншілер саланың өзекті мәселелерін Парламент және Үкімет деңгейіне шығаруға мүмкіндік алды. Бүгінде біз Кәсіподақтар федерациясындағы өкілдік арқылы кеншілердің бастамаларын көтеру үшін бірқатар ұсыныс әзірлеп жатырмыз. Бұл орайда КФ басшысы Ералы Тоғжанов олардың көбісін қолдап, атап өтті. Бұл – кеншілердің зейнет жасы, кәсіптің ескіруі және кеншілердің әлеуметтік кепілдері» дейді «Шахтинская» шахтасының кәсіподақ комитетінің төрағасы Айбек Тойбеков.
Еске сала кетсек, бүгінде Кәсіподақтар федерациясының құрамына 17 аумақтық және 24 салалық кәсіподақтар бірлестігі кіреді. КФ мүшелерінің жалпы саны – 2 млн адам.