• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қаңтар, 2020

Уханьдағы 61 студент елге қайтады

253 рет
көрсетілді

Елімізде коронавирустың алдын алу шаралары жүріп жатыр. Кеше арнайы брифинг өткізген Қазақстанның бас санитарлық дәрігері сақтық шараларына қолданылатын медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектердің жеткілікті екенін жеткізді.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінде Ухань қаласында 98 қазақстандық студент бар. Жандарбек Бекшин олардың 61-і арнайы бортпен елге жеткізілетінін және олар екі апта бойы карантиндік стационарға орналастырылатынын айтты. «Премьер-Министрдің кеңсесінде өткен брифингте біздің Үкімет Қытай Халық Республикасы үкіметіне Уханьнан 61 студентті алып келуді ұйымдастыруға ниетін білдірді. Қытайға арнайы бортпен баратын біздің дәрігерлер қорғаныс костюмдерімен, маскалармен жабдықталады. Борт келгеннен кейін де дезинфекция­дан өтеді. Студенттер 14 күндік карантиндік стационарға орналас­тырылады. Қазір Қытай тарапынан біздің ұшақтың ұшуы туралы келісім күтудеміз. Туристер мен іссапарда жүргендерді қай­таруы­мыз керек. Сондықтан қазіргі таңда шекараны жабу мүмкін емес», деді ол.

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, елімізде маскалар, арнайы костюмдер, дәрілер барлығы жеткілікті. Сондай-ақ отандық өндірушілерге дәке таңғыштарын жаппай өндіруге тапсырыс та берілген.

Сондай-ақ ол коронавирустың алғашқы белгілері жедел респи­раторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ/ОРВИ) және тұмаумен ұқсас болатынын атап өтті.  «Жаңа вирустың таралуы бізде жыл сайын болатын маусымдық жедел респираторлық-вирустық инфекцияның, тұмаудың өршу кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Үшеуінің де алғашқы белгілері бірдей. Бүгін сағат 11-дегі ақпарат бойынша, елімізде 4 науқас ауруханаға жатқызылды. Алматы қаласындағы екі науқас медициналық көмек алғаннан кейін, үйлеріне қайтты. Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы бір науқас та ОРВИ диагнозы бойынша ем қабылдауда. Бүгін таңертең Нұр-Сұлтанға Бейжің қаласынан келген 16 жастағы оқушы балалар инфекция­сы ауру­ханасына жатқызылды. Оған да біздің инфекционист кеңесшілер осы диагнозды қойды. Түстен кейін Хайнаньда демалыста болған ақмолалық бір отбасы келді. Екі баласының қызуының көтерілуіне байланысты барлық отбасы ауруханаға жатқызылды», деді Ж.Бекшин.

Денсаулық сақтау министрлігі 6 қаңтардан бастап Қытайдан келген барлық шетелдік азаматтармен байланыс орнатқан. Олармен жергілікті медицина қызметкерлері тікелей байланыс­та. Осыны айтқан Жандарбек Бекшин Қытайдан келген барлық кісілердің емханаларға өздігінен барып есепке тұруы керек екенін жеткізді.

Сондай-ақ ол ауру белгілері бай­қалған кісілердің қан сынама­лары бірден арнайы зерт­ханаға жіберіліп, үш күн ішін­де анық­талатынын атап өтті. «Анықтау қиынға соққан жағдайда өзіміз­дің алгоритміміз бойынша Дү­ние­жүзілік денсау­лық сақ­тау ұйымының бекітілген зертха­насына сынамаларды жібере­міз. Бүгінде биотехнология ға­лымдарымен бірлесіп, еліміз бо­йынша Алматы мен Нұр-Сұл­тан қалаларында отандық арнайы диаг­ностика орталығы жасақ­талуда. Сондай-ақ біз Ресей Федера­­ция­сындағы әріптестермен келісімге келдік. Керек кезде сына­­маларды Мәскеуге және Ново­сібір қаласына жібереміз. 30 қаң­тарға дейін өзіміздің диаг­ности­калық заттарды әзірлеп шығу­ға мүмкіндігіміз бар. Біз алдын алу шараларының барлы­ғын жүр­гізіп жатырмыз», деді Ж.Бек­шин.