• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қаңтар, 2020

Бұл – жаңа экономикалық бағыт

722 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік қызметіне кіріскеніне бір жыл толар уақытта «Жаңа экономикалық бағыт» деген атаумен реформалардың ауқымды пакетін әзірлеу қолға алынғанын жария етті. Бұл жаңа бағыт бұрынғы даму жолымыздан шығу дегенді білдірмейді. Сабақтастық – мемлекеттің берік ұстыны. Жаңа тарихымыздың өткен үш онжылдығында мемлекеттік биліктің дәстүрлері мен институттары орнығып, экономиканың базисі қалыптасты, халықтың жаңа буыны өсті. Жаңа экономикалық бағыттың қажеті сол – бұл кешегі кезеңнен айтарлықтай ерекшеленетін қазіргі күннің шындығына негізделген.

Отыз жыл бұрын қазақстандықтар ғана емес, әлем халқының басым көп­шілігі компьютермен, интернетпен жұмыс істеуге дағдыланбаған еді. Бүгінгі таңда біздің азаматтар интернет-сауданы игерді, әлеуметтік желілер кеңістігіне әбден төселді, еш қиындықсыз шетелге сая­хаттап жатыр. Біз ұлттық эконо­ми­ка­ның бәсекеге қабілеттілігіне сапалы жа­ңа талаптар қоятын жаһандық шы­на­йы­лыққа негізделген заманда өмір сүреміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған реформалар пакеті Ұлы депрессия кезінде ел тізгінін ұстаған АҚШ-тың 32-інші президенті Франклин Делано Рузвельттің жаңа бағытымен үн­деседі. Дәл осы экономикалық өзге­рістер америкалық орта тапты қалып­тастыруға мүмкіндік берген оның рефор­маларының негізі болды. Бүгінгі әлемдік экономиканың өсу қарқыны бәсеңдеген шақта көпшілік бұл жаңа бағыттың негізгі басымдықтарына тағы да назар аударады. Қазақстан Президенті мән берген маңызды бағыттар сияқты жаңа америкалық экономиканың негізі де әлеуметтік сипатта болды. Франклин Рузвельттің экономикаға шамадан тыс араласуын қатты сынағаны сонша, оның «Демократиялық басқару адал бола алмайды, тиімді бола алмайды дейтіндерге салмақты жауап беретін кез келді. Сіздер де, мен де біржақты ұстанымдардан кемшілік іздейтін сыншыларға мұқтаж емеспіз» деп айтуына тура келді.

Сол кезеңде Америка бай мен кедей арасының әжептәуір алшақтығымен, жұмысшылар теңсіздігімен, әлеуметтік кепіл­діктердің жоқтығымен ерекше­ленді. Бұған дейін бірнеше жыл ішінде монополиялардың үстемдігін әлсіретуге назар аударып, оларға қатысты көрін­бейтін шабуыл жасауды бастады.

Қазақстан экономикасының бүгінгі проблемалары – баға келісімдері, қолмен басқару қажеттілігі, жосықсыз бәсеке­лестік және тағы басқалар. Капитализм дәу­лерінің арсыздығы АҚШ-та да көрі­ніс тапты. Олар халықтың сатып алу қабіле­тінің күрт төмендеуін ескеріп, өтпей тұрған азық-түліктердің бағасын төмендетуден гөрі, жағып жіберуді жөн көрді. Американың 32-інші президенті бұл тұста қаржы мен бизнестің жетек­ші қайрат­керлері әділдіктің қара­пайым қағида­ларын елемегенінен экономи­ка­ның жұ­таңдағанын айтты. Франклин Руз­ве­льт экономиканы реформалау шең­­берін­де капиталистерді пайданың адам­гер­шілік шегін белгілеуге шақырды. Бұл ең ал­дымен қажетті тауарлардың тір­келген ба­ғасын қалыптастыруға мүм­кіндік берді.

Қазақстандық баға белгілеу жүйесі мен оларды әкімшілік реттеу саясатын сынайтындар бір кездері әлемнің жетекші экономикасы да осындай мәселелерге алаңдауға мәжбүр болғанын біле бермейді. Шекті маржаны реттеу бүгінде көптеген дамыған елде қолда­нылып келеді.

Рузвельтті алдымен тұрғындардың әлеуетті тобына әсері тиген салық жүйесінің реформасына байланысты да сынға алды. Бұл өз кезегінде Президент То­қаевтың «Ішкі жалпы өнім мен халық табысының артуына қарамастан, қоғам­дағы мүліктік жіктелу үдерісі сақталып отыр, тіпті күшейіп барады... Ұлттық табыс­тың әділ бөлінуіне баса мән бере оты­рып, салық жүйесін жаң­ғырту қажет» деген тапсырмасымен аса қатты үндеседі.  

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масымен аз қамтылғандарға арнап енгі­зілген кепілдендірілген әлеуметтік пакет пен әлеуметтік саланы түгендеу межесі әлеуметтік бағдарланған мемлекетте айқын әрі түсінікті ойын ережесін қалыптастыруы тиіс. Бұдан 100 жыл бұрын Франклин Рузвельт осы мәселеге қатысты «жеке тұлғаның шынайы еркін­дігі экономикалық қауіпсіздік пен тәуелсіздіксіз мүмкін болмайды. Қажет­тілік пен еркіндік қатар үйлесе алмайды. Аш әрі жұмыссыздар бұқарасы – дик­татура өсіп-өнетін топырақ» деген еді. Осыған сүйене отырып, Прези­дент Тоқаевтың әлеуметтік саясаты адам капиталының деңгейін арттыруға бағыт­талғанын өз сөзінде барынша нақты тұжырымдайды: «Атаулы әлеуметтік көмекке қайта оралайық. Үкімет оны бөлу тәртібін реттеуі керек. Бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс». Осы тұрғыдан алғанда, атаулы әлеуметтік көмек өмірдің қиын жағдайына тап болғандарды тездетіп аяққа тұрғызып, балаларға білім беруге, баянды болашаққа ұмтылғандарға қолдау болуы қажет. Осы саясаттың арқасында көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар тегін тамақтану, автобуста тегін жүру, мектеп формасы және оқу құралдарымен тегін қамтылу құқығына ие болды. Әрине ол кейін адам капиталы деңгейінің жоғары­лауымен, қылмыстың азаюымен, орта тапқа жатқызуға келетін әлеуетті аза­маттар үлесінің артуымен қайтарымы болатын едәуір шығынды қажет етеді.

АҚШ-тағы дәл сол Ұлы депрессия жылдары әлеуметтік кепілдендірулер пайда бола бастады. Жұмыссыз қалған адам бұған дейін күнкөріс қаража­тынсыз қалып келген еді. Тек Франклин Рузвельттің тұсында ғана жұмыс­сыздыққа байланысты зейнетақылар мен жәрдемақылар пайда болды. Алай­да, бұл жәрдемақыларды алуға бар­лығы бірдей үміттене алмайтын еді. Жұмыс­қа қабілетті тұрғындардың ширегі жұмыссыз қалды. Тығырықтан шығу­дың жалғыз жолы – қоғамдық жұмыс­тар еді. Дипломы бар ғалымдар, қаржы­герлер мен инженерлер айтқанға көніп, мектеп, аурухана және жол құры­лысымен айналыса бастаса, қалыс қалған әртістер оларға арнап тегін концерт ұйымдастырды. Бұл жайт бәлкім бірқатар азаматқа қолайсыз көрінгені­мен, Рузвельт президенттігінің соңғы кезе­ңінде олардың басым көпшілігі тұрақ­ты орта тап өкілі саналып, жеке баспа­наға ие болып, болашаққа барынша сенімді қарай алды.

Мұндай жетістікке жету дарынды және өз ұстанымына берік маман­дар­дың қатысуымен жүзеге асты. «Мем­лекеттің бізге бере алатын ең дарын­ды мамандарының көмегімен ғана Кон­гресстің әкімшілікке берген құзыреті іске асырылады және біз сондай мамандарға іздеу саламыз», деді Франклин Рузвельт аза­маттарды мемлекеттік қызметке шақыра отырып. Жастар кадрлық резер­він құру – Президент Қ.Тоқаевтың ең ал­ғашқы бастамаларының бірі. Тоқаевтың ойынша, «білімді, патриот және еңбекке қабілетті жастар – еліміздің тұрақты дамуы мен прогресінің негізгі қозғаушы күші». Қазірдің өзінде резервтегілердің үштен бірі мемлекеттік қызметтен жұмыс тапты. Алайда, мемлекеттегі кез келген реформаның негізі халық. Пре­зидент Рузвельт халықты мемлекет өміріне белсенді араласуға шақырды. «Елі­міздің әр түкпіріндегі жұмысты бақылап отырасыздар деп үміттенемін. Еркін сынаңыздар. Егер бір жерде жұмыс тиісті түрде жүрмей жатса, жұмысты одан да жақсы ұйымдастыруға болатын болса, маған хабарлаңыздар... мен әр азаматтың үкіметті  америкалық халықтың игілігі үшін қоғам қаражатын барынша тиімді жұмсау туралы ескерту айту құқығын қатаң сақтайтын бола­мын». Президент Қ.Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасын бекітті. Онда «азаматтар­дың барлық конструктивті талаптарына жедел және тиімді жауап беріледі. Билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог арқылы ғана заманауи саясатқа негізделген үйлесімді үкімет құруға болады. Сол себепті азаматтық қоғамды қолдап және нығайтып, барынша өзекті проблеманы шешуде азаматтық қоғамды тарту керек».

Франклин Рузвельт билігі жемісті болды – президенттікке келгенде елде үйсіздердің маршы болса, прези­дент­­тіктің соңына қарай баспаналы аза­маттар­дың саны халықтың 66 пайызына жетті. Рекордтық 25 пайыз жұ­мыс­сыздық болған америкалық қоғам тұрақты орта тапқа айнала бастады. Президенттігінің басында Франклин Руз­вельт былай деген еді: «Біздің қорқуы­мыз керек жалғыз нәрсе – үрейдің өзі, алға дамытатын қа­жыр-қайратты сал қылып тастайтын ес­сіз, бетсіз, негіз­сіз үрей». Бұл сөз қазіргі заманда да өзекті­лігін жоймады. Бұл сөз үлкен өзгерістер алдында әркімнің ойында болуы керек.

 

Талғат ҚАЛИЕВ,

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саяси ғылымдар кандидаты