Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде өткен аппараттық кеңесте Айыртау ауданында өткен жылдың желтоқсан айында болған өрт кезінде екі әйел мен төрт баланы құтқарған екі патрульдік полицей марапатталды.
Полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының инспекторлары полиция лейтенанты Ерлан Данкин мен полиция кіші лейтенанты Азамат Букуев облыстың Айыртау ауданында «Көкшетау-Рузаевка» трассасында қызмет көрсеткен. 2019 жылдың желтоқсан айында полиция офицерлері қызмет атқару кезінде адамдарды аман алып қалды. Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен патрульдік полицейлер «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медальдарымен марапатталды.
21 желтоқсан күні Ерлан Данкин мен Азамат Букуев мінген көлік патрулі жанар-жағармай құйып алу үшін аудан орталығы Саумалкөлге келеді. Кенет олар оттың жалынын байқап қалады. Сақшылар санаулы минут ішінде өрт орнына жетіп, қызыл жалынға оранған үйдің ішінен екі әйел мен төрт баланы алып шығады. Араларында 8 айлық кішкентай бөбек те болған. Полиция қызметкерлерінің білікті әрі жылдам әрекеттерінің арқасында ешкім зардап шекпеген.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев айыртаулық сақшыларды марапаттау кезінде патрульдік қызметтің күн сайын тұрғындармен тығыз байланыста екенін атап өтті. Сондықтан осы бөлініс қызметкерлері төтенше жағдай орын алған кезде оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетеді. «Ерлан Данкин мен Азамат Букуевтың кәсіби әрекеттері өзге қызметкерлер үшін, әсіресе, жас мамандар үшін үлгі болуы тиіс. Біз бірінші кезекте адамдарға қызмет көрсетіп, көмектесуіміз қажет» деді облыстық полиция басшысы марапаттау кезінде.