«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің мәліметінше, «Іскерлік байланыстар» жобасы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде.
Жоба экономиканың маңызды салаларында қызмет ететін жоғары және орта буындағы басшыларды оқытып, олардың білім-біліктілігін арттыруға бағытталған.
Қатысушылар алдымен облыс орталығында өтетін үш апталық курсқа қатысады. Отандық және шетелдік бизнес-тренерлер тауарды сату, келіссөздер жүргізу бағыттарында дәріс оқиды.
Сонымен қатар WhatsApp әлеуметтік желісіндегі топта вебинар жүргізіледі. Оқу курсының соңында қатысу шыларға сертификаттар табыс- талады.
Оқудан өткен кәсіпкерлер екінші кезеңге, яғни Германиядағы тағылымдамаға қатысу үшін тиісті құжаттарды тапсырып, бизнес-жоспар әзірлейді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық аппаратында әңгімелесуден өтеді.
Нәтижесінде еліміз бойынша ондаған кәсіпкер іріктеліп, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.
Бұл мақсат үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен германиялық орталық арасында өзара келісімшарт жасалған.
Барып-қайтулары, оқуы, тағылымдамадан өтуі – барлығы тегін. Кәсіпкерлердің Германияда 4 апта бойы кәсіпорындарға барып, тренингтерге қатысуына қажет қаражатты мемлекет өтейді.
Германиялық мамандардың шеберлік сағаттары орыс және ағылшын тілдерінде өтеді.
Ал, «Іскерлік байланыстар» жобасы қолға алынған 2016 жылдан бастап 80 –ге жуық кәсіпкер барып қайтты.
Өткен жылы жобаның алғашқы кезеңінде 37 кәсіпкер білім алды. Германияда тағылымдамадан өткен кәсіпкерлермен арнайы келісімшарт жасалады. Олар басшылық ететін кәсіпорындардың бір жылғы жұмысына мониторинг жүргізіледі.
Жарты жылда бір рет нарық ауқымының кеңеюі, қуаттылықтың артуы, байланыстар орнату, келіссөздер жүргізу және тағы басқа бағыттар бойынша есеп береді.