Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы Мәдениет және спорт министрлігі және Мажарстандағы Елшіліктің қолдауымен Венгрия астанасы Будапешт қаласында, Түркі Кеңесінің Мажарстандағы салтанатты кеңсесінде «Абай оқулары» атты ауқымды шара өткізді.
Аталған басқосуға Мажарстан тарапынан келген зиялы қауым өкілдері, атап айтқанда Мажарстан Премьер-Министрінің бірінші Кеңесшісі, ПЕН-Клуб Президенті, ақын Геза Сеч, «Барыс» Қазақ-Мажар Қорының Президенті Андраш Гал, Мадияр-Тұран» Қорының Президенті Биро Андраш, Мажарстан Ғылым аакадемиясы кітапханасының директоры Агнеш Келечени, сондай-ақ Қазақстаннан барған делегация өкілдері қатысты.
Шараның шымылдығын Қазақстанның Венгриядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жәнібек Әбдірашев ашып берді. «Екі ел арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынастан бөлек рухани әлемімізде де үлкен байланыс бар. Бүгін Абай атамыздың мерейтойы аясында осы сабақтастық тіпті тереңдей түсті деуге болады. Бұған дейін 2014 жылы хакімнің еңселі ескерткіші бой көтеріп, «Астана» атты көше ашылған болса, 2017 жылы класссик жазушымыз Мұтар Әуезовтың «Абай жолы» романы екінші мәрте мажар тілінде қайта басылып шықты. Аталған еңбектің тұсауын осы мерейтой аясында кесуді жөн көрдік. Ең бірінші басылым 1956-1958 жылдары жарыққа шыққан болатын. Алдағы уақытта «Абай» орталығын Елшіліктің жанынан ерекше етіп ашу жоспарланып отыр», деді елші Ж.Жарасқанұлы.
Мажарстан мен қазақ даласын мыңдаған жылдардың бай тарихы байланыстырып жатыр. Өз сөзінде ақын Г.Сеч екі ел арасындағы тарихи сабақтастық туралы айта келіп, Абай тойының ежелгі қыпшақтар мекендеп отырған Мажарстанда байрақ көтеруі жаңа тарихтың басы екендігін жеткізді. «Мажарлар алыстағы түркі халықтарынан ажырап қалғанына мың жылдай болады. Бұл жерде географиялық жағынан емес, мәдени-рухаи тұрғыдан да біршама алыстағанымызды білуіміз керек. Бүгінде жаһандастырудың зор ықпалымен бауырлас халықтар бір-бірімен қайта тұтасып, көбірек кездесіп, мағлұматтар алмасқанымыз жөн. Азиядағы түркі тектес елдердің ауыз әдебиетіндегі, дала философиясындағы, салт-дәстүрлеріндегі мажарлармен ортақ құндылықтарды қайта жаңғырту біздің киелі парызымыз дер едім. Басқа елдерге қарағанда біздің Азиядағы тамырымыз қазақ халқын өте жақын тұтамыз. Бұл ретте Абай тағылымы үлкен дәнекер», деді Геза Сеч.
Жиында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, абайтанушы белгілі ғалым, академик Тұрсын Жұртбай, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Ұлттық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы баяндама жасап, екі ел арасындағы айрықша қарым-қатынасқа жан-жақты тоқталып өтті.
Кездесудің ең ерекше сәті Будапешттегі Лакителек Ұлттық институтының лекторы, мажарларға қазақ халқын алғаш таныстырған ғалымдардың бірі Иштуан Қоңыр Мандокидің жары Оңайша Мақсымқызы хакім мерейтойына шашу ретінде шәкірттеріне Абай әндерін орындатып, «Адай» күйін шерткізгені болды. Өздерін ежелгі қыпшақтардың бүгінгі нәсіліміз деп таныстырған Пальго Тамаш, Хустей Золтак, Шонпай Дәуіт есімді қандас бауырларымыздың көздеріндегі қазаққа деген зор сүйіспеншілік пен жақын бауырластықты елемей өту мүмкін емес.
Сондай-ақ шарада Сегед университетінің ұстазы, алтаистика кафедрасының оқытушысы Раушан Мұқышева Абай шығармашылығы туралы айта келіп, хакім мұрасын мажар елінде насихаттау жұмыстарын атап өтті. 2015 жылы бас ақынымыздың 170 жылдығына орай «Абай оқулары» өтсе, биыл да бірқатар жұмыс абайтану әлемін айналып өтпейтіндігін тілге тиек етті.
Шара барысында Будапештің Сечени атындағы Ұлттық кітапханасына Абай мұраларына қатысты көптеген еңбек сыйға тартылып, Қазақстаннан барған делегация елшілікпен бірге ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоғын қойып, баба рухына тағзым етті.