«QazAvtoJol» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов Ақмола облысына қарасты Талапкер ауылына кіреберіс жолда республикалық маңызы бар автожолдарды қардан тазарту жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Ұ.Әліпов бұл жұмыстарға ел көлемі бойынша жұмылдырылған арнайы техникалардың санына тоқталып, жуырда қалааралық қай бағыттарға рұқсат берілетінін атап өтті.
– Қосшы, Қорғалжын бағытындағы жолдар ашылды. Кешке дейін елордадан Бурабайға, Қарағандыға қатынайтын жолдарды тазалап бітіреміз. Ертең Қостанай, Павлодар бағытындағы жолдар тазаланады. Павлодар бағытындағы жолда жұмыс ауқымы өте көп. Ерейментау аумағында қар қалың түсті. Осылайша ертең кешке дейін елордадан қатынайтын барлық бағыттағы жолдарды тазалап бітіреміз деп жоспарлап отырмыз, – деді Ұ.Әліпов.
Оның айтуынша, Ақмола облысы бойынша жолдарды қардан тазартуға барлығы 105 арнайы техника мен 300-ге жуық адам жұмылдырылса, ел аумағындағы техника саны 800-ге жуықтап отыр.
Ұ.Әліпов қарлы боран қаһарына мінген өткен жексенбі күні Бурабайдан Нұр-Сұлтанға қатынаған біраз көлік қар құрсауында қалғанын айтты. Іле-шала «QazAvtoJol» ҰК» АҚ қызметкерлері Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, аталған құрылымдардың арнайы техникалары жолда қалғандарды бастап елордаға жеткізген. Автокөліктер легінде бас-аяғы 500-ге жуық автокөлік болған.