Былтырғы жылдың ақпан айында Қызылорда қаласының тұрғыны WhatsApp желісінде «Миллион инвест» чатын ашып, сол арқылы инвестициялық пирамида құрған.
Ол аз уақыт ішінде қаржылық пирамидасына аса ірі мөлшерде (57 707 177 теңге) ақша тартып, ауыр санаттағы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді.
Тергеп-тексеру барысында полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен жүйелі жұмыстарының нәтижесінде күдіктінің қылмыстық іс-әрекеті толық дәлелденді. Осылайша қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Сотта күдікті өзі жасаған қылмыстық іс әрекетін мойындады.
Қызылорда қалалық №2 сотының шешімімен айыпталушы 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сот жәбірленушілерге келтірілген шығынды заңмен белгіленген тәртіпте өтеуді міндеттеді.
Бүгінде сот үкімі заңды күшіне енді.
ҚЫЗЫЛОРДА