Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Жаңақорған ауданында болып, жиырмаға жуық елді мекенді аралады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 27,6 млрд теңге, құрылыс жұмыстарының көлемі – 5,3 млрд.теңгеге жетіп, екі мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылған. 2018-2019 жылдар аралығында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында барлығы 6 нысан салыныпты.
Облыс әкімі Қ.Ысқақов алдымен Қожамберді ауылы тұрғындарымен кездесіп, елдің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ал бес мыңнан аса тұрғыны бар Төменарық ауылдық округіне жаңа аурухана қажет. Өңір басшысы бұған байланысты жоба-сметалық құжаттар әзірлеп, тиісті жұмыстар жүргізуді аудан әкіміне тапсырды.
Жаңаарық ауылдық округінде тұрғындар ыза суға байланысты дренаж қазу және клуб ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі туралы айтты. Аймақ басшысы дренажды жүйені қалыпқа келтіруді тиісті сала мамандарына тапсырса, ауылдық клубты жөндеу мәселесін шешуді аудан әкімдігіне міндеттеді. Облыс әкімі Өзгент, Келінтөбе, Қаратөбе, Қандөз ауылдық округтерінде болып, тұрғындарымен кездесті. Өзгент тұрғындары келешекте газ тарту мәселесіне назар аударылса деген ұсынысын жеткізді.
Манап, Қосүйеңкі, Қыраш, Ақүйік ауылдық округтері мен Шалқия кентінің тұрғындары халықтың тыныс-тіршілігімен танысып жүрген аймақ басшысына өз ұсыныстарын жеткізді. Жайылма мен Сунақата ауылдық округінің тұрғындары бала санының өсуіне байланысты балабақша мен ауыл көшедегі электр бағаналарын жаңартуды сұрады.
Аймақ басшысы тұрғындар тілегіне байланысты тиісті орындар жетекшілеріне тапсырма берді.