• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 30 Қаңтар, 2020

Мәжіліс депутаттары сайлаушылардың өтініш-тілектерін Үкімет мүшелеріне жеткізді

246 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның төрағалығымен депутаттардың қаңтардағы өңірлерде кездесу барысында сайлаушылардың көтерген мәселелері бойынша Үкімет мүшелерімен кездесуі өтті. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.

Гүлмира Истайбеқызы атап өткендей, мұндай кездесулер Парламент Мәжілісінде дәстүрге айналып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларына сәйкес биылғы жылғы кездесулер жаңа форматта ұйымдастырылды.

Кездесу өткізілетіні туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, әлеуметтік желілер арқылы алдын ала хабар берілді. Нәтижесінде өткен жылдың қаңтардағы кездесулерімен салыстырғанда, биыл кездесулер саны екі есеге ұлғайып, қатысушылар саны бір жарым есеге көбейген. Тұрғындар көтерген мәселелердің ішінде ең көбі әлеуметтік салаға қатысты. Мәселен, тұрғын үймен қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасыларға қойылатын өлшемшарттар, жастарды, әсіресе ауыл жастарын жұмыспен қамту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу басқа сұрақтар кеңінен көтерілген.

Кездесуге осы тақырыптар төңірегінде мәселелерге жауапты мемлекеттік орган өкілдері келді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмалары шеңберінде Парламент қабылдаған заңдардың іске асырылу барысы туралы сөз алған Премьер-Министрдің Орынбасары Бердібек Сапарбаев 2019 жылы экономиканың даму қарқыны өткен 2018 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызды құрағанын айтты. Қазақстанның тарихында былтырғы жылы бірінші рет 13 миллион шаршы метр тұрғын үй беріліп, 95 мың жерлестеріміз тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Өткен жылы ең төменгі жалақы 1,5 есеге, ал мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 30 пайызға өсті. Қазақстандықтардың қарыздары мен айыппұлдарын кешіру үшін бюджеттен қосымша 147 миллиард теңге бөлінген. Одан әрі Бердібек Сапарбаев әлеуметтік төлемдерге де кеңінен тоқталды. Депутаттар өңірлерді тұрғындар көтерегн мәселелерді Үкімет мүшелерінің назарына ұсынды. Мәселен, депутат Бақытгүл Хаменова 2,4 миллиард теңгені құраған атаулы әлеуметтік көмектің артық төлемі туралы қозғады, Бұл өз кезегінде жалпы елді мекендердегі әлеуметтік шиеленіске алып келуі әбден ықтимал дей келіп, артық төленген сомаларды қайтару мәселесінде қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.

Өз кезегінде Үкімет жетекшісінің орынбасары біз барлығын тексердік. 75 мың отбасы өзінің табыстарын жасырған. Қазіргі таңда біз 500 миллиондай теңгені бюджетке қайтардық,-деді. Ал, депутат Фахриддин Қаратаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовке бір, екі, үш балалары бар отбасыларға ай сайын әлеуметтік төлемдер төлеу немесе қандай да бір көмек көрсету жоспары бар ма деген сұрақты алға тартқанда, министр: біздің де кездесулерде халық бұл сұрақты қойып жатыр. Біз атаулы әлеуметтік көмекке емес көпбалалы жанұяларға жаңадан жәрдемақы енгіздік. Қазір 370 мың жанұя алып жатыр. соның ішінде аз қамтылғаны – 125 мың жанұя. Үш есе артық. Бір, екі, үш балалы аз қамтылған жанұялардың саны 190 мың, ал Қазақстан бойынша 2 миллион 904 табыссыз жанұя, бір, екі, үш баласы бар. Бұл 15 есе көп. Сондықтан ол 15 есе артық қаражатты талап етеді. Екіншіден, басқа дәулетті, жағдайы жақсы кісілерге де осы жәрдемақыны төлеу керек пе, жоқ па – ол да үлкен сұрақ. Сондықтан біз әзір ешқандай шешімге келген жоқпыз, бірақ оның бәрін қарап жатырмыз, деді. Одан әрі депутаттар зейнетақы төлемі, саяжай тұрғындарының мәселесі, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жағдайы төмен отбасыларға көмектесуге қатысты көптеген сұрақтарды көтерді.

Кездесуге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидолла Оспанқұлов, Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары Ермек Аманшаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева, Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Азамат Батырқожа қатысып, тесілі сұрақтарға жауап берді.

Жалпы межелі уақыт ішінде 20-дан астам депутат 50 ге жуық сұрақ қойып үлгерді.