«Педагог мәртбесі туралы» заң педагог мамандар үшін қандай мүмкіндіктер береді? Алдағы уақытта елімізде білім сапасы арта ма, жергілікті жерлерде жаңа мектептер салынып, материалдық базасы жақсара ма? Ал интернетсіз отырған ауыл-аймақтарға білім саласындағы жаңалықтар қалай жетеді?
Салада қордаланған көп сауалға орай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде болашақ педагог мамандармен өткен кездесуде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жауап берді. Бүгінде елімізде педагог мамандарды даярлайтын 85 жоғары оқу орны бар десек, олардың саны емес, сапасына алаңдаушылығын білдірген министр қазіргі кезде талапқа сай келмейтін оқу орындары анықталып, арнайы тексеруден өтіп жатқанына тоқталды. Сапасыз білім беретін оқу орындарының көптігінен елімізде 2016 жылдан бергі аралықта енгізілген жаңашылдықтан бейхабар мамандардың тәрбиеленіп шыққанына қынжылысын білдірген министр, жаңа заң аясында педагог мамандардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлармен қатар талаптың да күшейетінін жеткізді. Осыған орай жоғары оқу орындары да оқыту бағдарламаларын жаңартуы тиіс.
Ал биылдан бастап педагог мамандығына баратын түлектер үшін шекті балл 70-ті құрайтын болады. Сонымен қатар 2021 жылдан бастап әрбір жоғары оқу орнының дипломы енгізілетін болады. Жұмыс берушілер жас маманның біліктілігін, білім сапасын осы дипломға қарап таңдайды. Мұндай талаптар жоғары оқу орындары үшін білім сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз, дейді министр. Ал жас педагог ұлттық бағалау тестінен өтіп, педагог-модератор сертификатын алмайынша, мектептерге жіберілмейді. Әрі қарай педагог-модератор сертификатын алған жас маманның еңбекақысына үстемеақы төленеді. Мұндай үстемеақы, яғни 25 мың теңге көлемінде мектептерге магистрлерді тарту мақсатында да қарастырылып отыр. Мектепке келген жас мұғалімнің тәлімгеріне бір жылғы еңбегі үшін ай сайын 17500 теңге көлемінде үстемеақы төленеді. Экономикалық көрсеткіштерге байланысты төлем барысы жыл сайын өзгеріп отырады.
Жаңа мүмкіндіктер жайынан хабардар етіп, жас педагогтерді ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ісіне шақырған министр А.Аймағамбетов қазіргі кезде республикада 1-10 сыныптары жаңартылған оқу бағдарламасына көшсе, ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастап 11-сыныптар да қосылады деп атап өтті.
АЛМАТЫ