Мемлекет басшысының ұлтымыздың ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлы туралы еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаласында хакімнің мерейтойын жоғары деңгейде атап өтудің бағыттары мен тетіктері айқын көрсетілген.
Президент жоспарланған шаралардың барлығы «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» екенін ерекше атап өткен. Расында да, дара, дана Абайдың тойы ойдың тойы болуы қажет. Ұлы Абайдың тойы тағылымның тойы болуы тиіс.
Менің пайымдауымша, Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жалғасы іспеттес. Қазақстанның Тұңғыш Президенті бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтқан болатын. Бүгінде ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Сананы жаңғыртуға Абайдың өміршең шығармалары зор ықпал етеді. Бұл туралы мақалада егжей-тегжейлі жазылған. «Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн» деп атап өтті Президент. Шындығында да «Адамзаттың Абайы» атанған ақынның әдеби мұрасы бүгінгі күнде де, болашақта да өзінің мәні мен маңызын жоймайды. Ол ұлтымыздың рухани жаңғыру жолындағы темірқазығы һәм шамшырағы іспетті.
Былтырғы оқу жылынан бастап университетімізде «Абайтану» курсы енгізілді. Бүгінде студенттерге абайтанудың бастаулары, ақынның өмірі мен шығармашылық жолы оқытылуда. Болашақ педагогтер курс барысында абайтану мәселелерінің даму бағыттарымен, оның ақындық мектебімен және хакімнің «Толық адам» философиясымен танысады. Осы орайда Қыздар университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенованың «Абайтану» атты оқулығы да жарық көрді. Абайды тану – өзімізді тану.
Гаухар Алдамбергенова,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор