Жалғас Әділбаев Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі, Қазақстан-Моңғолия сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Содномын Чинзоригпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, атап айтқанда зейнетақымен қамтамасыз ету, авиация, энергетика, дипломатиялық өкілдіктердің жер телімдерін пайдалану және қазақстан-моңғол іскерлік кеңесін құруды талқылады.
Талқылау нәтижесі бойынша тараптар екіжақты үкіметаралық комиссиясының 8-мәжілісін сәуір айында Ұлан-Батырда өткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.
Бұдан бөлек зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісімді дайындау жөніндегі жұмыс тобының кезекті мәжілісін Нұр-Сұлтанда ұйымдастыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Аталған іс-шараларды өткізудің тараптар үшін маңыздылығы, оның қорытындылары Моңғолияның Премьер-министрі Ухнагийн Хүрэлсүхтың 2019 жылғы 10-12 қазанда Қазақстанға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болып табылатыны атап өтілді.
Уатқан Қуат,
Моңғолия