Дәстүрлі қазақ қоғамында хандармен қатар халық арасынан шыққан билердің ықпалы да, рөлі де жоғары болғаны белгілі. Биге қатаң талаптар қойылған. Олар сайланған жоқ, халықтың арасынан іріктеліп шықты.
Билер үшін беделдің маңызы ерекше болды, өйткені олардың шешімдерін орындауға қоғамдық пікір ықпал етті. Сонымен бірге әдет-ғұрып құқығындағы ант беру мен ант қабылдау тәртібі және оның мән-мағынасы ерекше болды. Ант қабылдауды болыстық молда жүргізді және ант бүкіл халық алдында қабылданды. Өтірік ант берушілер көпшілікке масқара болуымен қатар, жазаға ұшырап, айып та төлеген. Ол кездегі сот төрелігінің негізгі мақсаты «дау мұраты – бітімде» деген қағидатқа негізделді. Кезінде төбе би болған Абай «қу тілмен қулық сауған заңдарды», сатылғыш сот пен судьяларды, заңсыздық пен парақорлықты қатты сынаған.
Қазір Қазақстанда сот жүйесін реформалау бағытында көп жұмыс атқарылуда. Сонау 90-жылдары орын алған көптеген кемшілікті қазір көзге елестетудің өзі қиын. Десек те, судьялардың арасында қолының сұғы барлары, кәсіби деңгейлері төмендері әлі де кездеседі. Істерді қарауда әуре-сарсаң мен сот қателіктеріне жол беруі, сот шешімдерінің орындалмауы тұрғындар тарапынан ашу сезімін тудырып, сотқа ғана емес, билікке деген сенімсіздікке әкеліп соғуда. Сондықтан Президент Қ.Тоқаев сот шешімдерінің сапасын арттыру бағытында байсалды шешімдер қабылдауды, сол сияқты сот тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз етуді талап етіп отыр. Олай болса, Абайдың сот билігіне қатысты жазған ережелері мен шешімдері, судьялардың қоғам алдындағы міндеті мен жауапкершіліктеріне қатысты ойлары осы күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтпапты. Сондықтан өткеннің тәжірибесі мен бүгінгінің қажеттілігінен туындайтын бірнеше мәселені ортаға салған жөн сияқты.
Біріншіден, қазір әрбір судья өз мiндеттерiн адал және абыройлы атқаруға салтанатты түрде ант береді. Ол қоғамдық қызмет пен тұрмыстық жағдайда судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауы тиіс. Судья әдебі кодексінде белгіленген жүріс-тұрыс қағидаларын отставкадағы судьялар да орындауы тиіс. Судьялық әдепке байланысты қандай да бір мәселелер осы кодекспен реттелмеген жағдайларда, судья жалпы қабылданған мораль мен адамгершілік қағидаттарын, сондай-ақ сот төрелігін іске асыру мен судьялардың жүріс-тұрыс саласындағы халықаралық стандарттарды ұстануы керек. Сот жюриінің құрамына жұртшылық өкілдері кіреді. Судья әдебі жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Олай болса, Абайдың дәуіріндегі ант беру мен ант қабылдау және бұл үдеріске қоғамның қатыстылығы мәселесі ескерілген жағдайда сот шешімдерін орындауға қоғамдық пікірдің ықпалы артып, судьяның беделі өсер еді.
Екіншіден, еліміздегі сот жүйесін ізгілендіру мәселесі қолға алынғалы бері билер соты жайында жиі айтылып жүр. Бізде судья лауазымында болудың шекті жасы – алпыс бес жас. Айрықша жағдайларда ол бес жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Мiнсiз бедел жинап, лауазымынан құрметпен кеткен соң олардың көбісі қол қусырып отырмасы анық. Отставкадағы судьялар да судьялық әдебін сақтайтындығын жоғарыда айттық. Ендеше, осындай судьялардың әлеуетін неге пайдаланбасқа? Олар бай тәжірибесіне қоғамдық салмақ қосар еді. Қазір заңды білетін адамдардың медиаторлықпен айналысып, билер сотын дамытуға араласқандары оң шаруа сияқты.
Үшіншіден, азаматтық қоғам құрудағы сот пен судьялардың беделін арттырудың маңыздылығын ескере отырып және адам құқығы мен бостандықтарын қамтамасыз ету мақсатында судьяның өзі қарап, үкім шығарған істеріне өмірлік жауапкершілік алу идеясы көңілге қонымды. Егер судья судьялық әдепті қызметтен кеткенде де сақтаса, онда оған өзі шешімін шығарған істерінің бәріне өмірлік жауапкершілік алу да қиынға соқпас. Бәлкім, сонда жағдай өзгере бастар.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
саяси ғылымдар докторы